Қыз бен жігіт дос бола ала ма?

03 ақпан 2023 8489 0
Оқу режимі

Жігіт пен қыздың дос болуына бола ма? 


Жауап

Ислам бөтен ер мен әйелдің арасындағы тығыз қарым-қатынасты құптамайды. Күнделікті өмірде белгілі бір қашықтық пен қарым-қатынас ережелерін сақтауды талап етеді. Ер мен әйел арасындағы тығыз қарым-қатынас әртүрлі зұлымдықтардың, сондай-ақ зинақорлық сияқты үлкен күнәлардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Өйткені, бөгде әйел мен ер кісі оңашаланатын болса, міндетті түрде араларына шайтан кіреді. Ондай кезде адам баласы нәпсісіне (шаһуатына) ие бола алмай қалуы бек мүмкін. Бұлай қыз бен ұл баланың жақын араласуының соңы зинаға алып барады. Сондықтан Пайғамбарымыз бөгде қыз бен ұл баланың оңаша қалуына тыйым салған. Пайғамбарымыз мүбәрак хадисінде: «Ер кісі мен әйел оңаша қалмасын, өйткені олардың үшіншісі шайтан болады» - деген. (Термизи  2165.) Сол сияқты Пайғамбарымыз  бөгде әйелге қол беруден де қайтарған: «Сіздердің біреулеріңіз бөгде, өзіне халал болмаған әйелдің қолын ұстағаннан, басына темір инені қадағаны жақсырақ» (Табари 20/212, 487.) Тағы бір хадисте: Алла Елшісінің жұбайы Айша анамыздан жеткен хадисте Ол былай дейді: «Аллаға серт Пайғамбарымыз  бірде-бір бөгде әйелдің қолын ұстаған емес» (Бұхари 6674, Мүсілім 3470, Термези 3228, Ибн Мәжә 2866, Ахмад 23685.)

Тіпті, үйленуге ниетті болған қыздың өзімен кездескенде де қыздың жанында махрамы  болуы тиіс. Әрі тек мағруф (жақсы) сөздер айтылып, оңаша қалуға болмайды. Әйтпесе, шайтанның торына түсіп қалуы мүмкін.

Көріп тұрғанымыздай, Ислам кез-келген зұлымдық пен күнәға тыйым салатыны сияқты, оған әкелуі мүмкін кез келген әрекетке де тыйым салады. Осыған сүйене отырып, үйленбеген ер мен әйел жақын араласудан аулақ болуы керек.

 

Сөз соңында ақын Абай Қалшабектің мына әңгімесін келтірсек дейміз:

«Əдеби кеш болып жатқан. Бір қыз маған:
— Қалай ойлайсыз қыз бен жігіт дос бола ала ма?- деп сұрақ қойды.
— Жоқ. Дос бола алмайды,- деп жауап бердім. Тыңдармандардың арасынан бір жігіт орнынан тұрды да:
— Мен сізбен мүлде келіспеймін. Менің ойымша, қыз бен жігіт дос бола алады,- деді.
— Жарайды. Саған бір сұрақ. Ертең үйлендің делік. Əйеліңнің бір бұрынғы досы келіп, сенің əйеліңмен кафеге барғысы келетінін айтады. Сен рұқсат бересің бе? -деп сұрақ қойдым. Əлгі жігіт:
— Жоқ. Рұқсат бермеймін,- деді. Жауабына сенімді.
—Неге рұқсат бермейсің? Досы ғой. Достыққа қарсысың ба?- дегенімде сұрақ қойған жігіт:
— Түсіндім, түсіндім,- деп күліп жіберді».

muslim.kz

Пікірлер Кіру