Парақорлықтың үкімі қандай?

07 наурыз 2023 3707 0
Оқу режимі

Өзің бергің келмесе де, көп адам пара сұрап жатады. Жалпы парақорлықтың шариғатта үкімі қандай?


Жауап

Пара – өзінің бас пайдасы үшін немесе қалағанына қол жеткізу мақсатында және ақиқатты жалғанға, бұрысты дұрысқа шығару үшін лауазымды тұлғаға, яки басқа бір адамға берілетін ақша немесе қымбат зат.  

Мұсылман құқығында пара берушіні «рәши», алушыны «муртәши», дәнекер болушыны «рәйш» деп атайды. Шынтуайтында, бұл үшеуі де парақорлық күнәсын арқалайды.

Шариғатымыз пара алуға және пара беруге қатаң тыйым салады. Алла Тағала Құранда: «Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді харам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра ел-жұрттың мал-дүниесінің бір бөлігін күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде) басшыларға беруші болмаңдар!» ­– деп бұйырады. Келесі аятта: «Олар – өтірікке құлақ салушы, арам жеушілер» («Мәйда» сүресі, 42-аят), – деген. Осы аяттағы «сухт» сөзін имам Хасан және Саид ибн Жубайр сынды ғалымдар пара деп тәпсірлеген.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сухт жолымен пайда тапқан адамның жәннатқа кірмейтінін айтқан кезде қасындағылар: «Уа, Алланың елшісі, сухт деген не?» – деп сұрайды. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үкім шығару үшін пара алу» (Ибн Жарир) деп жауап берген. Сәубаннан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта: «Алла елшісі пара беруші мен пара алушыны және дәнекерлік еткенді лағынеттеді», – деген (Имам Ахмад). Яғни пара алушы мен пара беруші арасында дәнекерлік жасаушы да ауыр күнә істеген болады.

Ислам ғұламалары пара алудың харам екенін бірауыздан мақұлдаған. Тіпті алдын ала шарт етіп берген сыйлық та пара болып есептеледі.

Парақорлық – қоғамның баяндылығын бұзатын індет. Пара жүрген жерде әділетсіздік орнап, адам мен қоғам құқығына қол сұғылып, заңның күші жойылады.   

Пара ретінде берілген мүлікті не сыйлықты алу харам болғандықтан, оны иесіне қайтарып беру міндет. Егер алынған зат табылмаса, сол заттың құнына тең басқа зат қайтарылады. Пара берген адам дүниеден өткен болса, ол зат оның мұрагерлеріне қайтарылады. Осылайша пара алушы бұл дүниедегі жазадан құтылады. Ал ақыреттік жазасынан құтылуы үшін Аллаға шынайы тәубе етіп, кешірім сұрау керек. Егер мүліктің иесін табу мүмкін болмаса, ол мүлік мұқтаж жандарға үлестіріліп беріледі (Али Хайдар. Дурару әл-Хуккам шарх мәжаллати әл-ахкам, «Дару алам әл-кутуб», 2003 ж., 4/592).

 

Үкім:

  1. Пара алу мен пара беру және параға дәнекерлік жасау – харам. Парақорлық жолмен табылған табыс та харам болып саналады.
  2. Пара алумен жиған дүние иесіне қайтарылады. Мүліктің (параның) иесі табылмаған жағдайда, мұқтаж жандарға таратылады.

ҚМДБ Ғұламалар кеңесі

Пікірлер Кіру