Реализацияға сауда жасауға бола ма?

11 мамыр 2023 5122 0
Оқу режимі

Әссәләму ғәләйкум! Саудагерден делдал ретінде тауар сатып алып, оның ақысын тауарды өткізгеннен кейін ғана беруге бола ма? Яғни, тауарды өткізе алмасам, саудагердің өзіне қайтарып беру ниетімен (шартымен) алуға бола ма?


Жауап

Реализация арқылы сату (продажа род реализацию) дегеніміз сатып алушы сатушыдан алған тауардың ақысын, тауарды басқа біреуге өткізгеннен кейін ғана қайтаруды білдіреді. Мұндай келісім шартты жасаған сатып алушы сатып алған мен сатқан бағаларының арасындағы айырмашылық арқылы пайда көреді. Оған қоса, бұл келісімшарт бойынша сатып алушы тауарды өзгеге өткізе алмаса, бірінші саудагерге ешқандай ақы төлемей алған заттарын кері қайтарады.

Әділдікті ту еткен Ислам дінінде сауданың бұл түріне қатысты бірнеше шарттар қарастырылған. Аталмыш келісімшарт дұрыс болу үшін келесі шарттар орындалуы қажет:

1. Тауардың ақысы тек сатылғаннан кейін берілетіні келісімшартта көрсетілмеуі керек. Шариғатымыз тауар ақысын не қолма-қол бірден төленуін немесе нақты мерзімді белгілеп бөліп төлеу арқылы тағайындауды бұйырады. Егер ақы берілетін уақыт нақты айтылмаған болса, мұндай келісімшарт дұрыс болып саналмайды[1].

Алла Тағала Құранда былай дейді:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا تَدَايَنْتُمْ بِدَيْنٍ إِلَى أَجَلٍ مُسَمًّى فَاكْتُبُوهُ

«Уа, иман келтіргендер! Бір-біріне белгілі мерзімге дейін қарыз бергендеріңде (тауарды бөліп төлеуге келіскендеріңде) оны жазып қойыңдар»[2].

Алайда, екі тарап тауарды қолма-қол сатуға келісіп болғаннан кейін, тауар иесі ақыны талап етпей, біраз уақыт өткеннен кейін алуы келісімшартқа зиян тигізбейді[3] (тауар ақысы сатылғаннан кейін ғана берілетіні келісімшарт жасалудан бұрын немесе одан кейін де айтылса болады. Бірақ сатушыға ол уақытқа дейін күтіп, тауардың құнын сұрамауы міндет болып саналмайды. Ақысын қалаған уақытта талап ете алады).

2. Сатып алушы тауарды өткізе алмаса, заттарды кері қайтаруға екі тараптың əуел баста өзара шарттаспауы қажет. Бұндай шарт –  сатып алушыға пайда келтіргенімен, сатушыға зиян тигізеді. Ондай шарттарды жасауға дініміз тыйым салады[4]. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) былай деді:

لا شرطان في بيع

«Саудада екі шарт қосуға болмайды».[5]

Бұндай шарт жасалмаса да, саудагер тауарын кері алса болады. Бірақ бұл екі тараптың разылығы арқылы ғана жүзеге асады. Аталмыш əрекетті дінімізде «иқолə» – сауданы тараптардың келісімі арқылы бұзу деп атайды. Яғни, сатушы затты кері алуға міндетті емес. Егер ол тауарды кері алудан бас тартса, сатып алушы өткізе алмаған тауар құнын өтеуге міндеттеледі. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын):

من أقال مسلما أقاله الله عثرته

«Кімде-кім (сауда жасағанына өкінген мұсылманның саудасын) иқолə жасауға (кері қайтаруға) келіссе, Алла ондай кісінің күнəсін жуып шаяды».[6]

Демек, заттың құның оны сатқаннан кейін ғана беремін, ал оны өткізе алмасам, кері қайтарамын деп шарт қоюға болмайды.

Бұл сауда түрінің дұрыс болудың бір жолы: екі тарап тауар бағасын нақты əрі берілу жолын бірінші шартта көрсетілгендей дұрыс тағайындап, тауар өтпеген жағдайда кері қайтаруды шарт етпеу керек. Осы бойынша келісімшарт жасалса, сатушының тауар ақысын сатылғаннан кейін ғана алуында еш ағаттық жоқ. Сол сияқты, сатып алушы тауарды өткізе алмаса, саудагердің рұқсатымен оны кері қайтарса болады. Дегенмен, сатушы ақысын алу үшін тауары қашан сатылады деп күтуге жəне сатылмаған жағдайда тауарды қайтып алуға міндетті болып саналмайды.

Ең оңай жол – бұл мəселеде «хияр шарт» (белгілі уақыт аралығында сауданы бұзуға мүмкіндік беретін таңдау еркін) қолдану. Реализация арқылы сату келісімшартын жасаған кезде, сатып алушы сатушыға былай дейді: «Бұл тауарды сатып алдым, бірақ сауданы бұзу құқығын 10 күн ішінде (мысалға) пайдалану шартымен». Сатушы бұған келіссе, сатып алған кісі аталмыш мерзім ішінде сата алмаса, тауарды кері қайтара алады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сəлемі болсын) сауда жасағанда көп алданып, кейіннен көп өкінетін сахабаға былай деп шығар жол көрсеткен екен:

إذا أنت بایعت فقل لا خلابة ثم أنت في كل سلعة ابتعتھا بالخیار ثلاث لیال

 فإذا رضیت أمسكھا و إن سخطت فارددھا على صاحبھا

«Біреуден бір нəрсе сатып алсаң, «алдау болмасын» деп айт. Осыдан сон əрбір сатып алған затында үш күн таңдау еркің болады. Тауарды ұнатсаң, өзіңде қалдыр. Ал көңілің түсіп ұнатпасаң, кері қайтар».[7]

Қорытынды: Реализация арқылы сауда жүргізуді «хияр шарт» арқылы немесе одан алдын жоғарыда көрсетілген екі шартты ескеріп жүзеге асыруға болады. Аталмыш шарттар орындалмайтын болса, бұндай саудаға бармаған жөн.

  Дарханұлы Тамирлан
Астана қаласы бойынша пəтуаға жауапты маман

 

[1] Мухаммад Таки Усмани Фикһул-Буюғ, 1том, 538 бет

[2] «Бақара» сүресі, 283-аят

[3] Мухаммад Таки Усмани Фикһул-Буюғ, 1том, 534 бет

[4] Мухаммад Таки Усмани Фикһул-Буюғ, 1том, 937 бет

[5] Әбу Даут 3504, Тирмизи 1234

[6] Әбу Дәуіт 3460.

[7] Ибн Мәжа

Пікірлер Кіру