Құрбандық малының бағасын бауыздағаннан кейін өлшеп барып айтуға бола ма?

22 маусым 2023 3876 0
Оқу режимі

Тірі малды сату барысында оның бағасын бауыздағаннан кейін шыққан етті таразымен өлшеп тағайындауға бола ма?


Жауап

Дініміз бойынша сауда-саттық дұрыс жүзеге асуы үшін баға нақты белгілі болуы қажет.  Алла Тағала былай дейді:

لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ

«Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек»[1].

Түсінгеніміздей баға нақты болмаса, екі тараптың ризашылығы, өзара келісімі толық жүзеге аспайды. Алла елшісінен оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын мынадай дерек келеді:

 نَهَى رَسولُ اللهِ صَلَّى اللَّهُ عليه وَسَلَّمَ عن بَيْعِ الحَصَاةِ، وَعَنْ بَيْعِ الغَرَرِ.

«Алла елшісі оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын тас лақтырып тигізу арқылы (құмар ойындары секілді) жүзеге асатын саудаға және ішінде алдау, түсініксіздік, белгісіздік болатын келісім шарттарға тыйым салды»[2].

Кітаптарымызда мынадай қағида айтылады: «тараптардың бір-бірімен тартысуға себеп болатын әрбір белгісіздік келісім-шартты бұзады»[3]. Аталмыш келісім-шартта үлкен белгісіздік бар. Себебі, мал бауыздалғаннан кейін оның еті қанша киллограмм болатыны белгісіз. Оған қоса кейбір малдар тірі кезінде семіз көрінгенімен, бауыздалғаннан кейін еті аз екені анықталады. Ал бұл болса сатып алушыға зиян тигізеді. Жалпы тірі малды бауыздағаннан кейін шығатын салмаққа қарай сату құмар ойынға ұқсайды. Сатушы мен сатып алушы малдың бауыздалып, еттің өлшенуін күтуге мәжбүр қалады. Содан соң біреуі пайда тауып, ал екіншісі шығынға ұшырауы әбден мүмкін. Негізінде тірі малдың ішіндегі еттің салмағына қарай сатылмайды. Сондықтан да, келісім-шарт жасалған кезде нақты баға көрсетілуі шарт. Мысалы: мына қойдың бағасы жетпіс мың теңге деп айтылады.

Қорытынды: Малдың бағасы келісім шарт жасалған кезде нақты көрсетілуі тиіс. Олай болмаса жасалған сауда бұзылады.

 

                                                         Астана қаласы бойынша пәтуаға

                                                 жауапты маман Дарханұлы Тамирлан

 


[1] «Ниса» сүресі, 29 аят.

[2] Имам Муслим, №1513 хадис.

[3] Мухаммад Тақи Усмани, «Фиқһул буюғ» 2/955.

Пікірлер Кіру