Халал-харамды ажыратпайтын жанның үйіне қонаққа барсам бола ма?

22 қазан 2018 12974 0
Оқу режимі

Ассалам алейкум. Халал мен харамды бөліп-жарып қарамайтын адаммен сауда-саттық қарым-қатынас жасауға, дастарханына қонақ болуға шариғат қалай баға береді?


Жауап

Уа алейкум ассалам. Егер халал мен харамды бөліп-жарып қарастырмайтын адамның тауарының жағдайы нақты белгілі болмаса, онда онымен сауда-саттық жасауға шариғат рұқсат береді. Себебі, харам жолмен  табылған тауардың күнәсі – харамға қол сұққан адамның мойнында. Ал, өз кезегінде тауарға шариғи жолмен қол жеткізген адамға келсек, оған ешқандай күнә жазылмайды.

Алайда, әлгі тауардың біреуден ұрланып-тартылып алынғаны сияқты нақты харам жолмен табылғаны белгілі болса, онда ол тауарды алу – харам. Өйткені бұл жағдай «күнә мен дұшпандыққа жәрдемдесу»[1] мен «адамдар арасында бір-бірінің малына бұзықтықпен қол сұғу»[2] бабына жол ашады.

Дегенмен, мұсылман адамға қолданғалы жатқан немесе біреудің тұтынып жатқан нәрсесінің қайдан, қалай келгенін тірміскілеп сұрауы талап етілмеген. Біреудің кіріс көзін аңду да дұрыс емес.

Осы себепті де ондай мұсылман кісілермен сауда жасасып, дастарханына қонақ болудың еш әбестігі жоқ. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұсылмандарға:

إِذَا دَخَلَ أَحَدُكُمْ عَلَى أَخِيهِ الْمُسْلِمِ فَأَطْعَمَهُ طَعَامًا، فَلْيَأْكُلْ مِنْ طَعَامِهِ وَلَا يَسْأَلْهُ عَنْهُ، وَإِنْ سَقَاهُ شَرَابًا مِنْ شَرَابِهِ، فَلْيَشْرَبْ مِنْ شَرَابِهِ وَلَا يَسْأَلْهُ عَنْهُ

«Егер қайсы бірің мұсылман бауырының үйіне барып, ол оған тамақ ұсынса, тамағын жесін, алайда ол тамақ туралы сұрамасын. Егер сусынын ұсынса, сусынын ішсін, алайда ол туралы сұрамасын»[3], – деп ескерткен.

Имам Мулла Қари бұл хадисті: «Яғни, халал не харам екенін анықтау үшін «бұл тамақ қайдан келген?» деп сұрамасын»[4], – деп ашықтаған.

Ал, егер ол кісі дастарханға харам екені нақты белгілі нәрсені қойса, онда ол затты тұтынуға болмайды.

Ең дұрысы бір Аллаға мәлім.

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] «Мәида» сүресінің 2-ші аятына сілтеме
[2] «Бақара» 188-ші аятқа сілтеме
[3] Ахмад, Тахауи, Табарани, Хаким
[4] Мирқатул-мафатих

Пікірлер Кіру