ҚЫМБАТ МАЛ-МҮЛІК ЖИНАП, ШАЛҚЫП ӨМІР СҮРУДІҢ ҮКІМІ ҚАНДАЙ?

06 желтоқсан 2023 3242 0
Оқу режимі

Сұрақ: Қымбат мал-мүлік жинап, шалқып өмір сүрудің үкімі қандай?


Жауап

Қымбат дүние жинап, тіршілік жасау мәселесі ниетке әрі адал немесе арам жолмен пайда болғанына байланысты. Хадисте: «Амалдар – ниетке байланысты (өлшенеді)»[1] – делінген.

Сондықтан дүние жинаудағы мақсат «басқадан асып түсемін», «жарысамын» немесе тәкәппарлық, басқаларды кемсіту үшін болатын болса, онда бұл өте жиіркенішті, арамға жақын іс әрекет болмақ (макрух тахриман)[2].

Ал байлыққа ұмтылудағы мақсат туған-туысқа, жетім-жесірлерге, жалпы мұқтаж жандарға, қоғамға пайда тигізу болса, онда бұндай іс-әрекет мақтаулы, игі әрі сауапты болмақ (мустахаб)[3].

Енді бір адам дүниені жеке бастың пайдасын көздеп, ләззатқа малынған өмір сүруді жақсы көріп, сонымен қатар «біреуден асып түсемін», «басқаларға көрсетемін, мақтанамын» деген ниетті қоймаса, онда бұл іс – құр рұқсат етілген істердің қатарында болмақ. Ондай мақсат күнәлі де емес, сауапты да емес (мубах)[4]. Әрине, ондай тұлға зекет, пітір садақа, құрбан шалу сияқты парыз садақаларды орындаса, күнә істеген болмайды.

Демек, шалқып өмір сүрудің мәселесі ниетке байланысты. Ондай іс арамға жақын да, мақтаулы да (мустахаб), рұқсат та (мубах) болуы мүмкін.

Әрине, біз тек адал жолмен жиылған мал-мүлік жайында түсіндірдік. Ал арам жолмен тапқан дүние игі ниетпен болса да, өз арамдығын жоғалтпайды.

 

 Тамирлан Дарханұлы

Астана қаласы бойынша пәтуаға жауапты маман

 

 

[1] Имам Бухари, Муслим жеткізген хадис

[2] Абдулла ибн Маухмуд, әл-маусили, «Әл-Ихтияр ли-тағлили-л-Мухтар», 3 том 253 бет

[3] Абдулла ибн Маухмуд, әл-маусили, «Әл-Ихтияр ли-тағлили-л-Мухтар», 3 том 252 бет

[4] Әл-Фадил ӘбдулҒани әл-Қарабағи, «Шарху-л-Мухтар», 2 том, 405 бет

Тегтер: байлық пәтуа
Пікірлер Кіру