ТАҺАЖУД НАМАЗЫ ҚАЛАЙ ОҚЫЛАДЫ?

12 қаңтар 2024 102840 0
Оқу режимі

Сұрақ: Таһажуд намазы қалай оқылады?


Жауап

Алла Тағала Өз елшісі Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

﴿وَمِنَ اللَّيْلِ فَتَهَجَّدْ بِهِ نَافِلَةً لَّكَ﴾

«Түннің бір бөлігінде оянып, өзіңе тән нәпіл (намаз) оқы» [1], – деп бұйырды.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَفْضَلُ الصَّلاةِ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ صَلاةُ اللَّيْلِ        

«Парыз намаздардан соң ең абзал намаз – түнгі намаз», – деген[2].          

Таһажуд намазы туралы мына сұрақтар көп қойылады:  

Сұрақ: Таһажуд намазы қандай намаз?

Жауап: Таһажуд намазы – түн ортасында тұрып (ұйқыдан оянып) оқылатын нәпіл намаз. Ол қиям намазы деп те аталады. Бұл арқылы мұсылман адам Құдайға жақындай түседі. Алла Тағала «Муззаммил» сүресінде Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) опасыз дүниенің тауқыметінен оңашалануға, түнде тұрып құлшылық етуге, Құран аяттарын оқуға бұйырды.

Сұрақ: Таһажуд намазын оқудың үкімі қандай?

Жауап: Таһажуд намазын оқу міндет емес, мұстахап (қосымша ғибадат, нәпіл).   Сұрақ: Таһажуд намазы қай уақытта оқылады? Жауап: Таһажуд намазының уақыты құптан намазынан кейін таң атқанға дейін жалғасады[3]. Дегенмен, түннің соңғы үшінші бөлігінде оқыған абзал. Раббымыз Алла әр түнінің соңғы үшінші бөлігінде аспан әлеміне түсіп, «Кім Маған дұға етеді, қабыл етейін?», «Кім Менен кешірім тілейді, күнәсін кешірейін?», «Кім Менен (қажетін) сұрайды, оған берейін?», – деп айтады[4].  

Сұрақ: Таһажуд намазының қандай пайдасы бар?

Жауап: Адам баласы түннің кезінде тәтті ұйқысынан тұрып Алла Тағаланың разылығын іздейді, Раббысының құзырында тұрады, Оның рақымына бөленеді, сауапқа және түрлі жақсылықтарға жетеді және дұғасы қабыл болады.  

Сұрақ: Таһажуд намазы неше ракағат оқылады?

Жауап: Ханафи мәзһабы бойынша таһажуд намазының азы 2 ракағат, көбі 8 ракағат етіп оқылады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 11 ракағат етіп оқығаны айтылған, яғни оның 8 ракағаты таһажуд, 3 ракағаты үтір уәжіп намазы.  

Сұрақ: Таһажуд намазына қалай дайындалу керек?

Жауап: Түнде тұруға шын ниет ету керек. Ерте жату керек. Ұйқыдан тұрып, жақсылап дәрет алады және екі, төрт, алты немесе сегіз ракағат етіп таһажуд намазын оқиды.   Сұрақ: Таһажуд намазында қандай амалдарды орындау мұстахап? Жауап: Жанұясын таһажуд намазына тұрғызуы, намазды оқығанда Алла Тағаланы дәріптеп, рукуғта барынша ұзақ тұруы, тасбихты көбірек айтып, сәждеде ұзақ жатуы – мұстахап.  

Сұрақ: Таһажуд намазында қандай сүрелер оқылады?

Жауап: «Фатиха» сүресінен кейін бірінші ракағатта «Кафирун» сүресін, екінші ракағатта «Ықылас» сүресін немесе қалаған сүрелерді оқуына болады.     

Сұрақ: Құран аяттары дауыстап оқыла ма әлде іштей оқыла ма?

Жауап: Ұйқы басым болмау үшін намазда Құран аяттарын дауыстап оқу керек[5]. Іштей оқыса да болады. Сондай-ақ, Құранды ұзақ оқу әрі оның мағынасын ойлау, азап туралы аяттарды оқығанда одан сақтануды сұрау, рақымдылық жайлы болса, Құдайдың кеңшілігі мен рақымын тілеу, Хақ Тағаланы пәктеу жайында болса, Оған тасбих айтып, зікір ету керек.     

Сұрақ: Таһажуд намазы қалай аяқталуы керек?

Жауап: Таһажуд намазы үтір намазын оқумен аяқталғаны абзал. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): اِجْعَلُوا آخِرَ صَلَاتَكُمْ بِاللَّيْلِ وِتْراً «Түнгі намаздарыңды үтір намазбен аяқтаңдар», – деген[6]. Ал қасиетті рамазан айында сауаптар еселеніп беріледі. Сондықтан, кімде-кім тарауық намазынан кейін таһажуд намазын оқитын болса, үтірді содан кейін оқиды. Дегенмен, үтір намазды оқыған болса, кейін таһажуд намазын оқуға болмайды деген үкім жоқ.          

Сұрақ: Таһажуд намазынан соң қандай дұға оқыған дұрыс?        

Жауап: Таһажуд намазынан соң Пайғамбарымыздан (оған Алланың  салауаты мен сәлемі болсын) мына дұға оқылғаны риуаят етілген:

اللَّهمَّ لَكَ الحمدُ أنتَ ربُّ السَّمواتِ والأرضِ ومن فيهنَّ، ولَكَ الحمدُ أنتَ قيُّومُ السَّمواتِ والأرضِ ومن فيهنَّ، ولَكَ الحمدُ أنتَ نور السَّمواتِ والأرضِ ومن فيهنَّ، أنتَ الحقُّ، وقولُكَ الحقُّ، ووعدك حقٌّ، والجنَّةُ حقٌّ، والنَّارُ حقٌّ، والنَّبيُّونَ حقٌّ، ومحمَّدٌ حقٌّ، اللَّهمَّ لَكَ أسلمتُ، وبِكَ آمنتُ، وعليْكَ توَكَّلتُ، وإليْكَ أنَبتُ، وبِكَ خاصَمتُ، وإليْكَ حاكمتُ، فاغفِر لي ما قدَّمتُ وما أخَّرتُ، وما أسررتُ وما أعلَنتُ، أنتَ إلَهي لاَ إلَهَ إلَّا أنتَ ولا حولَ ولا قوَّةَ إلَّا باللَّهِ

Мағынасы: Уа, Жаратқан! Барлық мақтау Саған тән. Сен көк мен жердің және ондағы барлық нәрсенің Раббысысың. Барлық мақтау Саған тән. Сен көк пен жердің және ондағы барлық нәрсенің Иесісің. Барлық мақтау Саған тән. Сен көк пен жердің және ондағы барлық нәрсенің нұрысың. Сен хақсың. Сенің сөзің хақ. Сенің уәдең хақ. Жәннат – хақ. Тозақ – хақ. Пайғамбарлар – хақ. Мұхаммед – хақ.   Уа, Жаратқан! Сен үшін мұсылман болдым. Саған иман келтірдім. Саған тәуекел  еттім. Саған тәубе еттім. Сенің дұшпаныңды   дұшпан білдім. Барлық ісімді   Өзіңе тапсырдым. Менің бұрын және кейін істеген, жасырын және ашық     күнәларымды кешіре гөр!       Сен – менің құдайымсың. Сенен басқа құдай жоқ.     Бізге күш-қуат беруші тек Алла ғана! [7].    

Хасан АМАНҚҰЛ

 

 

[1] «Исра» сүресі, 79-аят.

[2] Муслим риуаят еткен.

[3] Тирмизи риуаят еткен.

[4] Ахмад риуаят еткен.

[5] «Әл-Һидая», 1/247.

[6] Бухари мен Муслим риуаят еткен.

[7] Бухари мен Муслим риуаят еткен. 

Пікірлер Кіру