«КASPI GOLD» картасынан берілетін сыйақы өсімге жата ма?

09 қараша 2018 14422 0
Оқу режимі

Әссалямуалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Карточкадағы ақшаға қосылатын үстеме жайлы оқыған едім. Менің сұрайын дегенім де осыған ұқсас, нақтылап алғым келіп тұр. Мен «kaspi gold» карточкасын қолданамын. Айлық ақшам сонда түсіп тұрады. Егер сол карточка арқылы супермаркеттерде немесе интернетте төлесем, төлеген сомамның 1 пайызы маған түсіп отырады бонус ретінде. Ол бонустар харам ба? Күмәнданып оларды пайдаланбай жүрмін. Алдын ала рахмет! Жансая


Жауап

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сұрақ сұраушы, аталмыш қызмет түрін қолданып, төлем жүргізгеніңіз үшін берілетін сыйақы өсім емес. Ол – банк тарапынан, пайдаланушылардың қатарын арттыру мақсатында жасалып жатқан дүние. Сондықтан да, берілген бонустар харам емес. 

Осы тұрғыда, кейбір дін мамандары карта шотына салынған ақшаны «банкке берілген қарыз іспетті» деп есептеп, банк тарапынан берілген сыйақыларды өсім ретінде санаған. Неге десеңіз, қарыз берген кісі қарыз алған адамнан сыйлық алуы харам. Бұл жағдайда берілген сыйлық – өсіммен пара-пар. Себебі, берген қарызынан пайда көріп отыр. Ал, қағида бойынша: қарыз беруші берген қарызынан пайда көретін болса, онысы өсім болмақ. Сондықтан да, олардың тұжырымынша, қарыз беруші үкіміндегі карта иесінің банктен берілетін бонус түріндегі сыйлықтарды пайдалануы харам. 

Дегенмен, Ханафи жəне Шəфиғи мəзхабтары бойынша, қарыз алушыдан сыйлық берілсе, қарыз берген кісінің ол сыйлықты қабыл алуына рұқсат. Бастысы, əлдебір сыйлық берілетіндігіне о баста келісім жасаспаған болуы керек. Ендеше, картаға салған ақшаңызды банкке берілген қарыз деп есептеген күннің өзінде, аталмыш карта бойынша банк пен сіздің араңызда сыйақы берілу жөнінде ешқандай келісім шарт жасалмағандықтан, «ондағы қызықтыру мақсатында беріліп жатқан бонустар өсімге жатпайды» деуге негіз бар[1].

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!

Пікірлер Кіру