Арақ ішкен адам оразасын 40 күннен кейін бастауы керек пе?

09 мамыр 2018 11204 0
Оқу режимі
Ассалаумағалейкум! Сізге тағы бір сурак туындап тур, ішімдік ішіп койған адам 40 кун толмай тәубе етсе жəне Рамазан айындағы оразаны алғашкы күннен бастап тұтса бола ма? Жалпы кейін казасын өтеу шарт па? Жандос

Жауап

Уа алейкум ассалам! Жандос, біріншіден, ішімдік ішу – күнә. Оны жасауға тыйым салынған. Себебі, Алла Тағала Құранда: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِنَّمَا الْخَمْرُ وَالْمَيْسِرُ وَالْأَنصَابُ وَالْأَزْلَامُ رِجْسٌ مِّنْ عَمَلِ الشَّيْطَانِ فَاجْتَنِبُوهُ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ «Әй, мүміндер! Ішімдік, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар шайтанның жиіркенішті істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар»,[1] – деп ескертеді. Сондықтан, ішімдік атаулыға мүлдем жуымаған жөн. Екіншіден, егер адам ішімдік ішіп қойған болса, есін жиысымен тәубе[2] етуі керек. Одан кейін намазын да, оразасын да ұстай береді. Адамның ішімдік ішуі – өз алдына күнә, алайда сол үшін парыз амалдарды тәрк етер болса – онда күнә үстіне күнә жасаған болады. Сол үшін намаз оқып, ораза ұстау үшін қырық күн күтілмейді. Әрине, Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен хадисте ішімдік ішкен адамның намазы қырық күн қабыл болмайтыны айтылады. Мысалға, Абдулла ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): مَنْ شَرِبَ الْخَمْرَ وَسَكِرَ لَمْ تُقْبَلْ لَهُ صَلاةٌ أَرْبَعِينَ صَبَاحًا وَإِنْ مَاتَ دَخَلَ النَّارَ ، فَإِنْ تَابَ تَابَ اللَّهُ عَلَيْهِ، وَإِنْ عَادَ فَشَرِبَ فَسَكِرَ لَمْ تُقْبَلْ لَهُ صَلاةٌ أَرْبَعِينَ صَبَاحًا ، فَإِنْ مَاتَ دَخَلَ النَّارَ ، فَإِنْ تَابَ تَابَ اللَّهُ عَلَيْهِ، وَإِنْ عَادَ فَشَرِبَ فَسَكِرَ لَمْ تُقْبَلْ لَهُ صَلاةٌ أَرْبَعِينَ صَبَاحًا ، فَإِنْ مَاتَ دَخَلَ النَّارَ ، فَإِنْ تَابَ تَابَ اللَّهُ عَلَيْهِ ، وَإِنْ عَادَ كَانَ حَقًّا عَلَى اللَّهِ أَنْ يَسْقِيَهُ مِنْ رَدَغَةِ الْخَبَالِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ . قَالُوا : يَا رَسُولَ اللَّهِ ، وَمَا رَدَغَةُ الْخَبَالِ ؟ قَالَ : عُصَارَةُ أَهْلِ النَّارِ «Кімде-кім ішімдікішіп, мас болса, оның намазы қырық күн қабыл болмайды. Егер ол осылай өліп кетсе тозаққа түседі, ал тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл алады. Егер ол кейін қайта кері кетіп, қайта ішіп мас болса, намазы тағы қырық күн қабыл болмайды. Егер өліп кетсе, тозаққа кіреді, ал тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл алады. Ал, егер тағы кері қайтып, қайта ішіп, қайта мас болса, намазы қырық күн қабыл болмайды. Егер өліп кетсе, тозаққа түседі, ал тәубе етсе, Алла тәубесін қабыл етеді. Ал, егер қайта оралып, қайта ішсе – онда Алла оны қиямет күні радағатул-хабалмен сусындыратын болады», – деді. Сахабалар: «Уа, Алла елшісі! Радағатул-хабал деген не?» – деп сұрады. Ол (с.ғ.с): «Тозақтықтардың ішетіні» – деп жауап берді»[3], – деген. Мұндағы қырық күн намазы қабыл болмайды дегенді қырық күн намаз оқымайды немесе ораза ұстамайды деп қабылдауға болмайды. Мұндағы мағына басқа. Имам Нәуаи (р.а) бұл хадисты ашықтап: «Мұндағы «қабыл болмайды» деген – осы қырық күн ішінде оқыған намазы үшін сауап[4] алмайды дегені. Әйтпесе, намазы намаз ретінде есептеледі әрі қырық күннен кейін ол намаздарды қайта оқу қажет болмайды»[5], – дейді. Әбу Абдулла ибн Мандә (р.а) болса: «Ішімдік ішкенінің жазасы ретінде қырық күн намаздың сауабын алмайды. Бұның мысалы жұма намазға келген адамның имам мінберге шығып құтпа айтып жатқанда сөйлегені сияқты. Хадисте бұл адамға да «жұма намазы жоқ»[6] делінген еді. Бұл жағдайда әлгі адам құтпа айтылып жатқанда сөйлегені үшін жұманың сауабынан құр қалған болатын»,[7] – деп ашықтаған. Үшіншіден: жалпы оразаның күндері қаза болса, мейлі мастықпен, мейлі басқалай, оның қазасы міндетті түрде өтеледі. Жалпы шариғаттың рұқсат еткен кей жағдайлар бар, олар: сапарда болу, науқас болу, жүкті немесе емшекте баланың болуы. Бұдан тыс жағдайларда, яғни бірер күн бұрын ішкен мастықтың әсері болуы мүмкін деген сынды сылтаулар үшін оразаны бұзуға болмайды. Айбек Әбдіқадыр Muslim.kz сайтының діни сарапшысы
Тегтер: Рамазан Ораза
Пікірлер Кіру