Себепсіз сәжде жасауға бола ма?

26 шілде 2019 10602 0
Оқу режимі

Салам алейкум. Соңғы кездері кей адамдарды байқаймын, әсіресе, спортшылар, бір нәрсе болса, сәжде етеді де қайта тұрып ары қарай жүгіріп кете береді. Мысалға «Ливерпул» ойыншысы Мухаммед Салах гол салған сайын сәжде жасайды. UFC жекпе-жегінің жұлдызы дағыстандық Хабиб Нурмагамедов та қарсыласын тізе бүктірісімен осылай жасайды. Біздің өз спортшыларымыздың да кейбірі осылай жасап жүр. Бұл өзі дұрыс іс па?


Жауап

Уа алейкум салам!

Ханафи мәзһабының үлкен ғалымы Ибн Абидин «Раддул-Мухтар» атты еңбегінде бұл сұраққа қатысты:  «Алайда, ол намаздан кейін жасалса, мәкрүһ[1] болады» дей келе, мұндағы «ол» деген есімдік сөзі жалпы сәждеге қатысты айтылған дейді.

Сондай-ақ, ғалым осы еңбегінде Захидидің: «Егер жасап жатқан сәждесі еш себепсіз болса, онда ол «қурба»[2] да, мәкрүһ (жағымсыз амал) те болмайды. Тек кей білімсіз адамдар сүннет немесе уәжіп екен деп ойлап қалуы мүмкін болғаны үшін намаздан соң бірден сәжде жасау – мәкрүһ болады. Жалпы, асылы рұқсат болған барлық нәрсе қате түсінікке есік ашатын болса, үкімі мәкрүһке ауысады», – деген сөзін келтіреді.

Артынша сөзін түйіп: «Тоқетерісі – себепсіз жасалған сәжде мәкрүһ емес. Алайда, кей білімсіз адамдар сүннет екен деп ойлап қалатындай жағдай тудырса, онда ол мәкрүһ болады. Мысалға, кей адамдардың намаздан кейін бірден жасайтын сәжделері осыған кіреді. Мен өзім де үтір намазынан кейін үнемі осылай сәжде жасайтын адамды жолықтырдым. Ол өз ісін сүннет деп біліп, ол амалының тізбегі бар деп жүріпті. Кейіннен ненің не екенін баяндап бергеннен соң әлгі ісін жасамайтын болды»[3].

Ал, әлгі спортшылар жеңіске жетіп, қақпаға гол салғаны үшін жасаған сәжделері шүкір сәждесі болып табылады. Қандай да бір қуанышты жағдайда шүкіршілік жасаумен қатар, шүкір сәждесін жасау да – дінімізде бар нәрсе.

Осы айтылғандарға сүйене отырып, сәжде шүкірлік, ғибадат сынды белгілі бір себеп үшін болса да немесе еш себепсіз болса да, жалпы сәжде жасауда тұрған еш әбестік жоқ екенін айта аламыз. Назар аударатын жалғыз нәрсе, ол – ешқандай қате түсінік тудырмауы керек. Ең дұрысын Алла біледі!

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

 


[1] Жағымсыз, ұнамсыз, сүннетке қайшы нәрсе.
[2] Алла Тағалаға жақындай мақсатында жасалған нәрселер.
[3] Раддул-Мухтар (2/120) кітабынан.

Тегтер: сәжде
Пікірлер Кіру