Арапа қандай күн?

01 тамыз 2019 30761 0
Оқу режимі

Сәлеметсіз бе? Арапа күні туралы толығырақ айтып бересіз бе? Эльвира Ассаламуғалейкум! Арапа күні Ықылас сүресін 1000 рет оқыса, мол сауап болады деп оқыдым. Осы жайлы толығырақ айтып берсеңіздер. Табиғат Тасболатов


Жауап

Уағалейкумуссалам! Зульхижжә айының 10-жұлдызы  – қасиетті Құрбан айт мейрамы басталатын ай. Бұл айдың бастапқы он күні – берекелі күн[1].

Осы он күннің ішінде арнайы қасиет тұтылатын «арапа» күні бар. Арапа күнінің уақыты – зүл-хижжа айының тоғызы, яғни құрбан  айттан бір күн бұрын. Бұл күні қажылық парызын өтеуге барған кісілер түс ауғаннан кейін ертеңгі (айт күні) таң намазына дейінгі аралықта Арафат тауына бір мезет тұрақтайды.

"Арапа" сөзінің мағынасы... 

"Арапа" араб тіліндегі "білу", "түсіну" деген мағынаға саятын «ъарафа» етістігінен шыққан. Бұл күннің «арапа» деп аталуының себебі, зүл-хижжа айының сегізі күні Ибраһим пайғамбар түсінде құрбандыққа баласын Исмайылды шалу жайында түс көреді. Алғашқыда көрген түсін «жәй түс пе  әлде аян ба» деп ойлаған Ол ертесіне (айдың тоғызына) тағы көреді. Осыдан кейін оның Алладан келген аян екенін біледі. Осы себепті бұл күнді «арафа (арапа)» деп атап кеткен деседі.

Арапа күнінде ұсталатын ораза...

Арафа күні қажылыққа бармаған кісінің ораза ұстап, нәпіл намаздар оқып, Алладан дұға тілеуі сауапты. Өйткені Сахих Муслимде риуаят етілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «...Арапа күнгі ораза үшін өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық кіші) күнәларын кешіруді Алладан үмітпен тілеймін...»[2] , – деп бұл күнгі оразаның маңыздылғын баса айтуда.

Тағы бір хадисінде: «Дұғалардың ең қайырлысы – арап күні жасалған дұға...»[3], – деген.

Ендеше, Зүл-хижжа айының алғашқы он күнінде оның ішінде арапа күні сауапты амалдарды көптеп орындаған дұрыс.

Біздің елде арапа күні ертесі болатын айт күніне шелпек-бауырсақ пісіріп, дастархан әзірлігі жасалып жатады. Сонымен қоса, бір күн ораза ұстағанда дұрыс болады.

Ал, арапа күні ықылас сүресін 1000 рет оқу жайында нақты хадис кездестірмедік. Әйтсе де, бұл ықылас сүресін оқымау керек деген сөз емес. Жоғарыда айтқанымыздай алғашқы он күнде, әсіресе, арапа күні ораза ұстап, ғибадат ету, құран оқу – сауапты. Сондықтан, ықылас сүресін қаншалықты көп оқысаңыз, соншалықты сауабы да көп болмақ. Себебі, Құранның әр әрпіне он сауап жазылатыны жайында сахих хадистерде айтылған. 

 

[1] Фәжр сүресі –1-2 аят.
[2] Сахих Муслим, Саум – 1162 хадис. Имам Науауи шархы.
[3] Тирмизи сүнәні.

date30.08.2017readCount3779categoryҚұрбанprintБасып шығару

Тегтер: арапа
Пікірлер Кіру