Алған тауарды қанша пайызға қымбаттатып сатсам болады?

28 тамыз 2019 13876 0
Оқу режимі

Ассаламуғалайкум, саудада шариғат бойынша сататын тауардың үстіне қанша пайыз ақша косуга руқсат, мысалы мен 1000 тенгеге бір зат сатып алып соны 2 есе кылып (2000 тенге) сатсам дурыс бола ма? Осман.


Жауап

Уағалейкумуссалам Осман мырза! Ислам сауда-саттықта «сұраныс-ұсыныс жүйесін» негізге алып, бәсекелестікке сүйенетін «еркін нарықтық» қағидасын ұстанған. Өйткені тауарлардың қымбаттағанын айтып шағымданған халыққа Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында, бағаны белгілейтін де, тарықтыратын да, байытатын да, ризық беретін де Ұлы Алла...»[1],- деді.

Алайда, «мынандай бағада таба алмайсың, осындай тауарлар басқа жерде қымбат, менде арзан» деп алдаса немесе тауардың кемшілігін жасырып қалса яки сол заттың пайдалылығын асыра айту арқылы жергілікті «нарықтық құннан» жоғарғы бағада сату дұрыс емес[2]

Алдау-арбаушылықты араластырмай, сатылатын тауардың түр сипатын, кемшілікті тұсы болса оны көрсетіп, тауар құнының мөлшерін әдеттегі бағадан қымбат қылып сатуға рұқсат. Әйтсе де, тым шарықтатпаған жөн.

Нарықтағы бағадан тым қымбат сатқан жағдайда, алушыға ескерту керек. Мәселен ұялы телефон сатушы саудагер, көршілес сауда нүктелерінде 100 000 теңгеден сатылып жатқан ешқандай ерекшелігі жоқ дәл сол телефонды,150 000-200 000 теңгеден қымбаттатып сататын болса, бейхабар алушыға қымбат сатуының себебін айтып, ескертуі керек.

Бұл жайында Ханафи мәзһабының ғалымы Алауддин әс Самарқанди (р.х.) былай дейді: «Кімде-кім нарықтағы бағасынан бейхабар алушыға жоғарғы құн айтып: «пәлен ақшаға сатам» десе, айтылған бағаға сатып алған алушы, (нарықтағы бағаны білгеннен кейін) алған тауарын алған жеріне қайтару құқы бар. Өйткені ол алданып тұр. Ал, қымбат айтып тұрғанын біле тұра сатып алып жатса, онда болады...»[3].

 


[1] Әбу Дәуід, Буюғ, 51 баб, 3451 хадис.
[2] У.Зухайли, Әл Маусуғатуль Фиқһия – 4/295 бет.
[3] Алауддин әс Самарқанди , Тухфатуль Фуқаһа – 2/108 бет.

Пікірлер Кіру