Арақ ішкен адамның 40 күн дұғасы қабыл болмай ма?

07 қараша 2019 19366 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Арақ ішкен адамның 40 күн дұғасы қабыл болмайды дейді, сондай-ақ 40 күн мешітке бармауы керек пе?  Омар.


Жауап

Уағалейкумуссалам, Омар! Алланың Елшісі (с.ғ.с.) өзінің асыл сөздерінің бірінде: «Кімде-кім шарап ішіп, мас болса, оның қырық күн бойы (сабахән) намазы қабыл болмайды. Одан кейін күнәсіне тәубе етсе, Алла оның тәубесін қабыл етіп кешіреді...»,[1] дейді. Тағы бір хадисінде: «...Кім мас қылатын ішімдік ішсе, қырық күн намазы кемиді...»,[2] – деу арқылы арақ ішудің қаншалықты ауыр күнә екендігіне ишара етіп тұр.

Намазға кедергі болып отырған ішімдіктің жасаған дұғасына да залалы тиюі анық. Десе де, жасаған күнәсі үшін шынайы тәубе етіп, келесіде қайталамау шартымен Алладан кешірім тілесе, Алла кешірім иесі.

Хадистегі «қырық күн» сөзін негізге ала отырып ғалымдарымыз ішімдік уыты адам бойына сіңіп, қырық күнге шейін тазармайды деп отыр.

Дегенмен, бұл қырық күн бойы намаз оқымау керек немесе мешітке аяқ баспауы тиіс деген сөз емес. Арақ ішкен кісі тәубе етіп, ары қарайғы бес уақыт намазын қаза етпей, уақытылы оқуы шарт. Осылайша, тым болмаса мойнындағы «парызын» өтеген болып саналады. Ал, хадистегі «қабыл болмайды» деген сөздің төркінінде оқыған намаздары үшін сауабы болмайды, бірақ парызын өтеген боп есептеледі дегендік жатыр.[3]

 


[1] Тирмизи, «Китабуль Әшриба», №1862-хадис
[2] Әбу Дәуід, «Китабуль Әшриба», №3680-хадис.
[3] Тухфатуль Әхуизи, Тирмизи шархы, №1862-хадис түсіндірмесі.

Пікірлер Кіру