Мүшел жас деген шариғатта бар ма?

17 қаңтар 2020 13953 0
Оқу режимі

Ассалаумағалейкум! Мүшел жасқа келген адам Құран оқытып, құрбан шалып ауылдағы жақын ағайындардың басын қосып ас беріп жатады. Себебі, мүшел жасқа толғанда кісіні қауіп-қатер тосып тұрады дейді (ауру-сырқат, жоқшылық, тауқымет, т.б.) Егер Құран оқытып құрбан шалмаса, ол кісі қауіп-қатерге душар болады екен. Бұл шариғат бойынша қаншалықты дұрыс? Жалпы, мүшел жас деген дінде бар ма? Асылжан


Жауап

Уағалейкумуссалам, Асылжан! Мүшел жас – қазақ халқының адам жасын есептеу үлгісі. Дәстүрлі қазақ қоғамында баланың 13 жасқа толуы алғашқы мүшел делінеді, одан кейінгі мүшел жасы әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырады. Ол 25-ке толғанда – екі мүшел, 37-ге толғанда – үш мүшел, 49-ға келгенде – төрт Мүшел, 61-ге келгенде бес мүшел деп есептеледі. Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән ерекшеліктері мен болмысы қалыптасады.

Сіз айтқандай бұны ырыммен байланыстырып, мүшел жасты қауіпті кезең деп санап, аман-есен өтуі үшін құран бағыштап, өзінің қатты жақсы көретін киім-кешектерін жақын-жуықтарына тарату сияқты ырым жоралғылардың дінімізде негізі жоқ.

Шариғатта да, адамды құқықтық әрі әлеуметтік тұрғыда бірнеше категорияға бөледі:

1. Құрсақтағы (жәнин) шағы. Бала құрсақта пайда бола салысымен оның өзіндік құқықтары таңылады. Айталық өмірге келу құқы, тегі, мұрагер болу құқы т.б.

2. Сәбилік шағы. Мүмәйіз жасына, яғни, шамамен 6-7 жасқа келмеген шақ.

3. Мүмәйіз шағы. Ес кіріп, онды-солын тани бастап, әкенің насихатын тыңдайтын балиғат жасына дейінгі шақ (шамамен 7-12  жас). Бұл жастағы балаға намаз оқу, Құран оқу сияқты діни жол-жоралғылар үйретіле басталады. Бірақ міндеттелмейді. Силық алу, садақа алу, істеген жұмысының ақшасын алу сияқты оған пайда тигізер  әрекеттерді өз бетінше қамқорының рұқсатынсыз жүргізе алады.

4. Балиғатқа толған шағы. Бұл шақ қыздарда 9 жастан басталса, ер балдарда 12 жастан басталады. Бұның ең кеш уақыты қыздарда – 17 жас, ұлдарда – 18 жас. Балиғат жасына толған кісіге намаз, ораза, зекет, қылмысы үшін жаза т.б. діни міндеттемелер жүктеледі.

5. Рушд шағы. «Рушд» деп өз дүниесін далаға шашпай, өзін бостан-босқа шығынға ұшыратпайтын, меншігіндегі мал-мүлкінің қадірін жетік түсінетіндей ақыл-ойы толықтасқан кісіні айтамыз. Балиғат жасына келгенімен  мал-дүниесінің қадірін жетік түсінбеген болса, құлшылыққа қатысты амалдармен міндеттеліп, жасаған қылмысы үшін жауапқа тартылғанымен, өз бетінше меншігіндегі мал-мүлкін жұмсау құқына ие емес.

Пікірлер Кіру