Жолымды қалай ашам?

24 маусым 2020 13505 0
Оқу режимі

Ассалаумағалайкум! Менің жолым болмай жүр, дұға немесе Құранмен дем салуға болады ма? Дінімізде қандай жолдары бар сол жайлы айтсаңыздар. Самалбек


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Тұрмыс тауқыметі мен таршылығы қажытып, істеген жұмыс өнбей берекеті болмай жатса және басқа да қиындықтарға тап болған кезде истиғфар айту қажет. Истиғфар – біліп-білмей жасаған қате-күнәлар үшін Алла Тағаладан кешірім сұрап, тәубе ету.

Құран Кәрімде: «...Раббыларыңнан кешірім сұраңдар, расында, Ол – аса Кешірімді. Сонда Алла сендерге жаңбырды нөсерлете жібереді. Һәм сендерді мал-мүлікпен және бала-шағамен қолдайды да, сендер үшін жер бетінде бақтар жасайды әрі сендер үшін өзендер жасайды[1]», – деп әмір етеді. Демек, көп истиғфар айтып, тәубе ету – адамның мал-дүние және бала-шағасымен бақытты болуына һәм Алла мен Елшісінің сүйіспеншілігіне бөленуіне себеп[2].

Сонымен бірге, Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім истиғфар айтуды әдетке айналдырса, Алла Тағала оған тығырықтан шығатын жолды көрсетеді, уайым-қайғысынан кейін қуаныш береді және ойламан жерден ризық-нәсібесін береді[3]», – деп айтылған.

Түйіндей айтқанда, хадисте истиғфарды әдетке айналдыру қажет екені айтылуда. Ал, истиғфар ең аз дегенде күндіз 100 рет, кешке 100 рет айтқан жөн[4]. Истиғфардың көптеген түрі бар. Соның қысқа да нұсқа түрі: «Астағфиру Аллаһал Ъазымал ләзи лә иләһә иллә Һуал Хайюл Қойюм уә әтубу иләһ[5]». Мағынасы: «Өзінен басқа Құдай жоқ Ұлық Алладан жарылқау тілеп, Оған тәубе етемін. Ол – Хай, Мәңгі Тірі және Қаюм, барша тіршілікті бақылаушы Алла».

 


[1] Нұх сүресі, 11-12 аяттар
[2] Жамиъ Усул фи ахадис расул, 5-6 бөлім, 147-бет
[3] Әбу Дауд, Насаи
[4] Жамиъ Усул фи ахадис расул, 5-6 бөлім, 150-бет
[5] Әбу Дауд, Тирмизи

Руслан Камбаров

Пікірлер Кіру