Әкенің бала алдында міндеті не?

30 қыркүйек 2020 13967 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Перзенттің ата-ана алдында өтеусіз міндеті бар екенін білемін. Құран Кәрім де әке-шешеге жақсылық жасауға бұйырады. Оларды ренжіту үлкен күнә екені де айтылған. Ал, ата-ананың бала алдында міндеті бар ма, болса қандай?


Жауап

Уа алейкум ассалам!

Әке-шеше өмірге алып келген перзентінің болашағына жауапты. Перзент – Алланың аманаты. Құран Кәрімде: «Ей, иманға келгендер! Өздеріңді және үй іштеріңді отыны адамдар мен тастардан болған Оттан сақтаңдар. Оның басында қатал, ызғарлы, Алланың бұйрықтарына қарсы келмейтін әрі өздеріне бұйырылғанды орындайтын періштелер бар», – деп әмір етілген[1].

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендердің баршаларың – бақташысыңдар. Сендердің баршаларың өз қарамағындағылар үшін жауапты. Ер кісі – отбасының бақташысы. Ол өз қарамағындағы (отбасына) жауапты. Әйел күйеуінің шаңырағына жауапты. Ол өз қарамағындағыға жауапты[2]», – деп айтқан.

Әке-шешенің перзент алдында өтеуі тиіс болған бірнеше міндеті бар, ол:

1. Жар таңдау. Ер кісі үйленгенде өмірлік жар таңдай отырып, балаларына ана таңдайды. Әйел де тұрмысқа шығумен балаларына әке таңдайды. Демек, үйленгенде балаларының болашағын да таңдайды;

2. Перзентке жақсы есім беру. Сонымен бірге, қамқорлықпен өсіріп тамағы, киім-кешегі, баспанасы сияқты ең басты қажеттілігін өз шама-шарқынша ешбір ысырапсыз және сараңдықсыз қамтамасыз ету;

3. Жақсы тәрбие беру. Әке-шеше баланың мінез-құлығы, жүріс-тұрысына жіті ден қойып, жасына сай тәрбие беруі.

Бала тәрбиесіне мән бермей, немқұрайлы қарау – перзент пен әке арасының суып кетуінің басты себебі. Алайда, әке-шешенің түзу тәрбие бермеуі адамға перзентік парызын өтемеуге ешбір рұқсат бермейді. Әке-шеше қандай болса да оларға жақсылық жасау перзентке парыз болып қала бермек.

 


[1] «Тахрим» сүресі, 6-аят
[2] Бұхари, Муслим

 

Пікірлер Кіру