Жас жұбайларды қалай құттықтаған жөн?

26 қазан 2020 11877 0
Оқу режимі

Ассаламу алейкум! Достарымыз үйленіп, беташар немесе тойға барғанда жастарға қалай тілек айтқан жөн?


Жауап

Отау тігіп, шаңырақ көтерген жастарды ақ некелерімен құттықтау – сүннет. Сахаба Әнас (р.а.) риуаятында: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абдурахман бин Ауфтың (р.а.) үстінен сарғылт бір белгі байқап: «Бұл не?» – деп сұрайды. Ол: «Ноқат салмағындай алтын мәһр беріп, әйелге үйлендім», – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алла Тағала саған (әйеліңді) берекелі етсін (Барака Аллаһу ләкә), бір қой сойып болсын той жаса»[1], – деді.

Құттықтауда қолданылатын тағы бір тілек төмендегі хадисте айтылған. Әбу Һурайра (р.а.): «Пайғамбар (с.ғ.с.) үйленгендерді құттықтағанда «Барака Аллаһу ләкә, уә барака алейкә, уә жамаға бәйнәкумә фи хойр! (мағынасы: Алла саған берекелі етсін және береке жаудырсын, екеуіңнің араларыңды жақсылықпен қоссын»,-деп тілек айтушы еді»[2],-деп баяндайды.

Хадистердегі ақ тілектермен қатар «Қосағыңмен қоса ағар», «Қондырған құсың құтты болсын!», келіншекке «Орамал құтты болсын!» деп те құттықтауға болады. 

 


[1] Бұхари
[2] Тирмизи

Пікірлер Кіру