Мураһиқ жасы: 10-15 жас аралығы

Пайғамбарымыздың (саллАллау аләйһи уә сәлләм) балаға намаз оқыту жайлы айтқан хадисінде он жастың аталуы тегін емес. Бұл жаста баланың бойында әлі балиғат жастың белгілері байқалмаған жағдайда, балалық пен балиғат ортасындағы «мураһиқ жасы» басталады. Балиғатқа толу дегеніміз, қыз баланың етеккірінің келуі, ұл баланың ұйқыда немесе ояу халінде «мәни» деп аталатын ұрығының ағуы. Қыз бала үшін ең ерте етеккір 9 жасында келуі мүмкін. Бұл ретте 4 мәзхабтың да көзқарасы осындай. Одан ерте келген қан етеккір болып саналмайды. Ең кеші 17 жас деп қабылданған. Ұл балалар үшін мәнидің ағуы ең ерте 12 жас. Ал ең кеші 18-19 жас деп айтылады. Демек, қыз баланың балиғатқа толуы 9 жастан, ұл баланыкі 12 жастан басталуы мүмкін. Ал бұл белгілер қыз бала мен ұл балада кешеуілдеп жатса, онда оның келгенін күтпестен 15 жаста балиғат жасына аяқ басқан болып саналады.

Қыз баланың 9, ал ұл баланың 12 жасынан бастап балиғат белгілері байқалмаса, 15 жасына дейін мураһиқ жасында деп есептеледі. Мураһиқ жас − балалардың психологиялық, физиологиялық, ақыл-ой және әлеуметтік тұрғыдан балиғаттыққа дайындалатын, балалық пен жастық шақ арасындағы өтпелі кезең. Ислам дінінде айтылған осы мураһиқ жасы жасөспірімдік кезеңге сәйкес келеді.

10-15 жас аралығы − баланы дене және психоло- гиялық жағынан тәрбиелеуде жауапты, балалықтан жастыққа қарай бет түзеген кезең. Баланың бүкіл ағзасында, орталық жүйке жүйесінде, ішкі бездер мен дене мүшелерінде үлкен өзгерістер пайда болады. Міне, осыдан барып жасөспірімнің өсуінің жылдамдауы әрі жыныстық жағынан есеюі, бойында албырттық пен ретсіздік байқалады. Жасөспірімнің толысу кезеңіндегі тағы да өзіне тән үйлесімсіздік – жілік сүйектерінің тез өсуі, қолдары мен сирақтарының ұзындау, кеуделерінің қушық келуі.

Жынысына қарай жасөспірімдердің денесінің өсуі әр қилы келеді. Айталық, қыздар ер балаларға қарағанда (10-11 жаста) бір-екі жыл бұрын толысады және ер балалардан бойы мен салмағы жағынан басып озады. Денесінің өсу пропорциясы да өзгеріп, бұл кезде сүйектің қатаю процесі жылдамдай түседі. Сондықтан баланың денесінде қисаю секілді оғаштық байқалады. Бұл үшін денені түзететін тиісті дене шынықтыру жаттығулары қолданылмаса, дене бітімі сол күйінде тым тез бекіп қалады.

10-15 жас аралығындағы баланың көрген-білгенін талдауға, кез-келген нәрсеге сыни көзбен қарауға, өзінше ой қорытуға қабілеттілігі артады. Жүйке жүйесінің тез қозушылығы мен жылдам шаршауының салдарынан көңіл-күйінде де өзгерістер жиі болып тұрады. Бұл кезеңде ол батырларға еліктейді, саяхат жасауға, қиын істерді бастан кешіруге қызығушылығы оянып, сондай-ақ жолдастық сезімі артады.

Осы жас аралығын психолог С. Ғаббасов былай суреттейді: «Әуелінде ана құрсағында өсіп жан иесі болып жетсе, жасөспірім кезеңінде немесе 11 мен 15 жас аралықтарында екінші рет жаңғыра түлеп, кісіліктің келбетіне жетуге құлаш ұрған − саналы тұлға болуға талпыныс жасайды. Бұл шағында олар, бүкіл айналасындағы болмыстарды ғана емес, ең бастысы өзін-өзі тануға, ішкі жан-дүниелерінің сұраныстарын ұғынуға зер салады. Адам алғаш дүние есігін ашып туғанда, «...өздігімнен еш нәрсеге дәрменім жоқ, мені күні-түні бағыңдар, қараңдар, сақтаңдар...» деп зар қаға жетсе, ал екінші рет жаңғыра түлегенде кісіліктің келбетін шарқ ұра іздеп, «...маған үйретпеңдер, мен бәрін де өзім шешемін, өз бейнетімді өзім көремін...» деуге дейін барып, айналасына жар салуға дайын тұрады. Кез-келген жасөспірімнің ішкі ойы осындай тайталас пікірлерге толы болады. Осы кезеңде олардың ішкі сезімдері мен жан-дүниелері ғана өзгеріске ұшырап қоймайды, сонымен қоса, олардың дене бітімдері де алу- ан түрлі өзгерістерге ұшырайды. Кейбіреуінің денелері өте жылдам сұңғақтанып, тіпті өзіне-өзі ұнамай олпы- солпы сияқтанып та көрінеді. Мұндай үндессіздіктерге риза болмай, іштей уайымдап қапаланумен де күндер кешеді. Сондықтан да, олардың психикасы ұстараның жүзіндей лыпылдап, кейде дұрыс айтылған сөздің өзі шаншудай қадалып, қарама-қайшылығы мол пікірлерге қалай барып қалғандарын, тіпті өздері де аңғармай қалатындықтары жиі ұшырайды»[1].

Бұл кезеңде бала абстрактілі ойлау қабілетіне қол жеткізеді. Олар айналасындағы барлық құбылыстарды ішкі жан-дүниелерінің тебіреністерімен салыстыра отырып бағалай алады. Өзінің көзқарасын білдіріп, үлкендермен пікірталастыратын да кездері болады. Адамдардың ойымен санасып, пенделердің кемшіліктен кенде емес екенін ұғынады. Өмірдің өткінші екенін түсініп, өмір бар жерде өлімнің бар екеніне көзі жете түседі. Бұл жаста балалар өте сезімтал келеді. Балалықта ұялаған қорқыныш сезімі жасөспірімдік жылдарда да жалғасады. Бұл кезеңде баланың бойына қорқыныш сезімі мына үш негізде ұялайды:

1. Аңдардан және түрлі құбылыстардан қорқыныш: жылан, ит, ұшақ, жел, от, қараңғылық секілді нәрселерден қорқуы.

2. Әлеуметтік қарым-қатынастағы қорқыныш: адамдармен танысу, кекетіп-мұқатып қалған адамдармен бірге болу, көпшіліктің алдына шығып сөз сөйлеу, үлкендердің арасына қосылу олардың бойында қорқыныш сезімін ұялатады. Бұл қорқыныш сезімі көбіне ұялу, қымсыну түрінде байқалады.

3. Жеке басына қатысты қорқыныш: жоқшылық, өлім, өзінің немесе жанұясындағы жандардың ауырып қалуы, мектепте немесе істеген істерінде келеңсіздіктерге ұрыну жасөспірімдердің бойына қорқыныш ұялатуы мүмкін.

Жасөспірімдіктің алғашқы жылдарында бала сабақтарын көптеу уайымдайтын болса, одан кейінгі жылдары денсаулығын уайымдай түседі. Денсаулығында бір ақауды байқаса, соны ойлап уайымдаумен бірнеше күн көңіл-күйі жабырқаулы жүреді. Осының өзі баланың психологиясына әсер етіп, бойындағы қорқыныш сезімдерін ушықтыра түседі. Жасөспірімге осы психологиялық күйді жеңіп шығуда ортаның тәрбиелік ықпалы зор. Егер жанұяда сыйластық, имандылық пен инабаттылық, береке-бірлік болса, жасөспірімнің өтпелі кезеңді сәтті аяқтап, ақыл-ойы толысқан, ұстамды, адамгершілік қасиеттерді бойына жинақтаған тұлға ретінде балиғат жасына оң қадам басары анық.

Жасөспірімдер естіген мәліметтерін ой елегінен өткізіп, саралап, өз беттерінше қорытынды жасай алады. Абстрактілі ойлаумен қатар істің нәтижесін алдын ала болжай біледі. Бұл жастағы балаға иман мен дінге қатысты мәліметтерді толықтай түсіндіруге болады. Себебі, баланың санасы айтылғандарды түсіне алатындай дәрежеге жетеді. Ол өзіне айтылғандарды ой таразысына тартып, бағамдайды. Сондықтан оған айтатын мәліметтерімізді нақты дәлелдерге сүйеніп айтуымыз керек. Жасөспірімге бәрін түсіндіруге болады екен деп жөнсіз мәліметтерді тықпалай беру де орынсыз. Тақырыптардың ретін белгілеп, баланың психологиялық жағдайын ескере отырып түсіндіру қажет.

Балаға 11 жасына дейін Аллаға иман тақырыбына қатысты негізгі мәліметтерді сіңіріп әрі ойында жүрген күмәнді сұрақтарын сейілткен жөн. 11 жасынан кейін балаға сол кезеңге дейін айтуға батылыңыз жетпеген тақырыптарды қозғауыңызға әбден болады. Аллаға иман тақырыбын толық меңгергеннен кейін күпірліктің не екенін, Алла Тағалаға серік қосушылықтың күнә екендігін, және сол секілді басқа да тақырыптарды түсіндіруіңізге болады. Құранда хазірет Лұқпан баласына айтқан өсиетінде былай дейді: «Балам, Аллаға еш нәрсені серік етіп қоспа, себебі, Аллаға серік қосу − ең үлкен зұлымдық»[2]. Демек, балаларға Аллаға серік қосудың өте үлкен қауіп екенін ескертуіміз керек.

Атап өткеніміздей, 11 жасынан кейін баланың жан дүниесін уайым басады. Бұған қоса, сезімге берілгіш келеді. Баланың қорқыныш пен уайымдарын жоюдың ең оңтайлы жолы – Алла Тағалаға деген иман. Бойын билеген үрей мен уайым-қайғыға беріліп, салы суға кеткен бала Аллаға деген сенімнің арқасында жүрегін қуаныш кернеп, өмірге құштарлығы арта түседі. Иманның арқасында түйткілді мәселелеріне шешім тапқан сайын Аллаға деген жақындығы артып, сенімі беки түседі. 12-13 жасынан кейін балаларда Жарату- шы жайлы сұрақтарға жауап беруде қиындықтар тумайды. Олар Алла Тағаланың бар екенін және Оның ұлылығын іштей терең сезінеді. Абстрактілі ойлау қабілеті арқылы Алланың әрдайым барлық жер- де екенін қабылдай алады. Яғни, осы жаста «Қайда болсаңдар да Ол (Алла Тағала) сендермен бірге»[3] деген аяттың мағынасын балаларға ұғындырып, осы арқылы күнә істерге жуымауына мұқияттылық танытуымыз қажет. Өмірде кездесетін мәселелерде Құран  Кәрімнің ұсынған ұстанымдары мен пайғамбарлардың өмірінен келтірілген мысалдарды түсіндіріп, орта жолды ұстану мен тепе-теңдікті сақтай білуді үйрету қажет. Өмірде сәтсіздікпен қатар жеңістің, өкінішпен қатар қуаныштың да болатынын ескертіп, «Шындығында әрбір қиындықпен қатар оңайлық бар»[4] деген аяттан рухани күш-қуат алуға дағдыландыру керек. Мұндай рух оны әрдайым қиыншылықтарды жеңуге, қалтарыстан шығатын жол табуға жетелейтіні анық. Бірақ жетістіктің Алла Тағаланың нәсібі екенін бала әрдайым есінде ұстауы тиіс. Баладағы Алла Тағалаға деген сүйіспеншілік пен берік иман − өмірінде кездесетін үмітсіздік, қайғы, шүбә мен түрлі үрейге қарсы тұратын күш. Осындай берік иман Алла Тағаланың әсем есімдері мен сипаттарын ұғуға жол ашады. Айналадағы құбылыстардың астарын пайымдай білуге бейімдейді. Осы жас аралығында балалар, Алла Тағала мен адам арасындағы нағыз байланыс құралы дұға екенін мойындайды. Ендігі жерде дұғаларында Алла Тағаладан кешірім сұрап, жамандықтардан бойын аулақ ұстау үшін жәрдем тілейді. Көңілі құлазып, бір нәрсені уайымдағанда, дереу дұға етуге болатынын жақсы ұғынады. Өзіне бірден-бір көмек беретін құдірет Алла Тағала екенін сезініп, мұсылмандық міндеттерді орындау керектігінің байыбына барады.

Осы жасқа дейін балаға діни мәселелерді қарапайым тілмен түсіндіріп келсек, ендігі жерде санасында мықтап қалу үшін мәселелерді қисынды дәлелдермен түсіндіруіміз керек. Олар бұған дейін ақида (Ислам сенімі) саласына қатысты негізгі мағлұматтарды[5], Құран (оқу, тәжуид, намаз сүрелерін жаттау), ғылымхалдағы мәліметтерді (дәрет алу, намаз оқу, намаз уақыттары, ораза, т.б.) бойына жинақтаған болса, енді сол пәндерге қатысты тақырыптарды кеңірек қамтып, сонымен қатар хадис, тәфсір, пайғамбарлар тарихы, ахлақ пәндерін оқытуға болады. Сондай-ақ мұсылман адам діни ілімдермен қатар дүниелік ғылымдарды да үйренуі тиіс. Діни ілімдер мен дүниелік ғылымдар адамға берілген екі қанат іспеттес. Осы екі қанатты қатар пайдаланғанда ғана ол көкке қарай құлашын кең жая алады. Имам Шафиғидің 15 жасқа келгенде діни мәселелерде пәтуа бере бастағанын, Ибн Синаның он жасында Құранды, әдебиетке қатысты білімді өте жақсы меңгеріп, дін методикасы (Усулуд-дин), математика, алгебра сияқты ғылым салаларына қатысты мәліметтерді жатқа білгенін жоғарыда баяндаған болатынбыз. Демек, алғашқы мұсылмандар балаларына 15 жасына дейін берілуі тиіс білімді толық игерулеріне жағдай жасаған. Діни әрі дүниелік ғылымдардың нәрімен сусындап өскен балалар балалықтың базарлы шағының өзінде ересек адамдар секілді ой саларлық өткір пікірлер айта білген. Осындай білімді ұрпақ арқылы Ислам мәдениетінің туы көкте желбіреген. Ал баланың тәлім-тәрбиесіне немқұрайлы қараған уақыттан бастап, мұсылман мемлекеттері құлдырай бастаған.

10 жасына дейін үйрену мақсатымен намаз оқыған бала, он жасынан кейін намазды қаза қылмай күнделікті оқи бастайды. Ораза ұстауға қарағанда намаз оқу жас балғын үшін әлдеқайда жеңілірек болғандықтан, намаз оқуды бірінші бастаған жөн. Дегенмен ораза ұстау да бес парыздың бірі болғандықтан оны да бала балиғат жасына жетпей тұрып үйренгені абзал. Пайғамбарымыз (саллАллау аләйһи уә сәлләм): «Бала үш күн қатарынан ораза ұстай алса, рамазан айындағы ораза оған уәжіп болады» – дейді. Демек, баланың оразаны ұстауы үшін ша- масы келетін уақытты күту керек. Алайда бұрынырақта сахабалар балаларды кішкентай кездерінен бастап ораза ұстауға жаттықтырған. Бухаридің хадис жинағында олардың ашура оразасын балаларға да ұстатқандары баяндалады. Егер баланың қарны ашып жыласа, боялған жүннен ойыншықтар жасап, ауыз ашатын уақытқа дейін сонымен алдандырғаны айтылған[6]. Демек, алғашқы мұсылмандар оразаға жаттықтыру ниетімен жас балаларға ораза ұстатқан. Тіпті кейбір мұсылман ғалымдар оразаға жаттықтыру жасын намаз жасы сияқты 7-10 жас аралығы деп көрсетсе, кейбіреулері 12 жас дегенді алға тартқан[7].

Баланың осы дүниесі мен ақыреті үшін қажетті білімдер балиғат жасынан бұрын берілуі тиіс. Балиғат жасына жеткендер Ислам түсінігі бойынша ере- сек болып саналғандықтан, бұл жаста бала қажет болған жағдайда ата-анасына, бауырларына деген қамқорлықты мойнына алуы тиіс. Осыған орай балиғат жасына дейін бала өмірдің ауыртпалығын көтере алатындай етіп тәрбиеленуі керек. Сондай-ақ, жасөспірімдердің болашақта қандай мамандық иелері болатынын да балиғат жасына жетпей тұрып ойла- стырып, ыңғайына қарай сол бағытта бейімдеу керек. Мамандыққа қарай бейімдеу одан да ерте жаста болуы мүмкін. Себебі, мұсылман ғалымдардың пікірінше, егер ата-анасы баланың бойынан алғырлықты, есте сақтау қабілетінің жақсы екенін және зерделі зейінді байқаса, оны ғылымға қарай бағыттау керек. Себебі, бұл сипат- тар ғылымға бейімділіктің белгісі. Кейде ата-аналар балаға 3-4 жасында «Үлкейгенде кім боласың?» деп сұрап жатады. Бала ойланбастан халық арасында кең тараған заңгер, экономист сияқты беделді мамандықты айтады. «Балабақшадағы сәбилерден «үлкейгенде кім боласың?» деп сұрасаң, бәрі «банкир боламын» деп айтады» деп ата-аналардың өздері басын шайқап, таң қалысып жатады. Бұл біздің қоғамда қалыптасқан, жеткіншектерді мамандық таңдауда қате бағыттаудың салдарынан туған дағды сықылды. Себебі, 3-4 жасар бала өзінің неге бейім екенін білмейді. Ата-ананың да бұл жаста баласының қабілеттерін толық тануы мүмкін емес. Оның қабілеттерін жете білмей тұрып, «Менің балам өскенде дәрігер болады» немесе «сот болады» деп ұрандап, балаға қате бағыт сілтеудің қажеті шамалы. Ата-ананың үмітін ақтау үшін кейбір балалар шамасы келмесе де мектепті бітіргеннен кейін сол мамандықты таңдап жатса, сол мамандыққа қол жеткізе алмай қалған жағдайда, баланың көкейінде «ата-анамның үмітін ақтай алмадым» деген өкініш қалыптасуы да мүмкін. Сондықтан асығыстық жасамай, жасөспірімдік кезеңде ғана баланы мамандық таңдауға бейімдеу керек. Жасөспірімдік кезеңде баланың бойынан бір мамандыққа бейімділік байқалса және ол мамандық қыздың немесе ер баланың табиғатына жат болмаса, әрі оны күнәға бастамаса, онда сол мамандыққа қарай баланы бағыттаған дұрыс. Бірақ мұсылман ғалымдар бала діни мағлұматтарды меңгергеннен кейін барып мамандыққа бейімдеу керек дейді[8]. Демек, жасөспірімдіктің соңғы жылдарында мамандыққа қарай бейімдеу тәрбиеде өз орнын табуы тиіс. Ал бұл шараны жанұя мен мектептің бірлесе отырып атқарғаны абзал.


[1] С. Ғаббасов, Халық педагогикасының негіздері, 386-387-б., Алматы, 1995

[2] «Лұқпан» сүресі, 13-аят

[3] «Хадид» сүресі, 4-аят

[4] «Инширах» сүресі, 5-6-аяттар

[5][5] Аллаға иман, пайғамбарлар және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.), Алланан келген кітаптар, періштелер, ақырет, т.б.

[6] Бұхари, Саум, 47

[7] Ибн Хажәр, Фәтхул-Бари, 5-т., 103-б.

[8] И. Жанан, Хз. Пейгамберин сүннетинде тербие, 156-б.

Құдайберді БАҒАШАР
date03.04.2017readCount1020printБасып шығару