Алланың бар екенін Әбу Ханифа қалай дәлелдеді?

Имам Ағзам дәуірінде Алланы жоққа шығарып, дінді терістейтін адамдар болды. Солардың бірімен мәзһаб имамымыз жап-жас бала кезінде пікір сайыстырады. Бір күні ол ұстазымен бірге әлгіндей дінсіздердің халықты азғырып отыратын жеріне барады. Сөйтсе бір адам: «Қане, менімен айтысатын кім бар? Алла бар дейтіндер менің алдыман келсінші», - деп көлгірсіп отыр екен. Әбу Ханифа оның алдына қаздиып тұра қалып: «Қане, айта беріңіз, сұрақтарыңызға мен жауап берейін» дейді. Сонда әлгі кісі баланы менсінбеген кейіппен: «Онда айтшы, бар болған нәрсенің басы немесе аяғы болмауы мүмкін бе?» деп Алланы жоққа шығарғысы келді. Сонда бала жұлып алғандай: «Сіз санай білесіз бе?» дейді.

- Иә.

- Онда айтыңызшы, бірдің алдында қандай сан бар?

- Ойбай-ау, бірдің алдында сан болушы ма еді? Ештеңе жоқ. Соны білмейсің бе? Сонда бала: «Жай ғана мысал әлеміндегі бір деген санның алдында бастауы болмаса, ақиқаттағы Жалғыз Құдайдың бастауы қайдан болсын», - деп дінсізді сөзден тосты.

Ұтылғанын сезе бастаған дінсіз тағы бір сұрақ қойды:

- Олай болса айтшы, ақиқаттағы Жалғыз Құдай алты тараптың қай жағында? Барлық нәрсе оңымыз бен солымыз, астымыз бен үстіміз, алдымыз бен артымыздың бірінде болады емес пе?

Жас ғалым бұдан да тосылған жоқ: «Сол да сөз болып па? Алдымен, сіз маған бір майшамды жаққанда, оның сәулесі қай тарапқа түсетінін анықтап беріңіз» деді.

- Шамның сәулесі барлық жаққа бірдей түседі, - деді. Осыны күтіп тұрған бала: «Жалған дүниедегі бір май шамның нұры осындай болса, мәңгілік бар, ені мен көлденеңі жоқ, көктер мен жердің нұры Алланың қандай болуы мүмкін», - деді. Дінсіз жауап бере алмады. Алайда аздырушы сұрақтарын жалғай берді: «Барлық бар нәрсенің белгілі бір орны бар. Ал Алланың орны қай жерде?» Сонда бала: «Бір кесе сүт бар ма?» деп сүт алдырады. Одан соң, дінсізге қарап, мына сүтте май бар ма? деп сұрайды.

- Иә, бар.

- Сол май мына сүттің қай жерінде?

- Әй, сен бала қайдағы жоқты сұрайды екенсің, сүттің майы мына бір жерде деп дәлдеп көрсете аламыз ба? Барлық жерінде ғой, - деді.

- Бәріміз білетін майдың жағдайы осылай болса, көктер мен жердің Жаратушысы Алла Тағаланың мекенін қалай сұрайсыз? деп тағы да сөзден бөгеді.

date05.04.2017readCount7095printБасып шығару