Ер бергендей досың болсын!

Адам баласы өмірде жар таңдағанда және мамандық таңдағанда қателеспегені абзал деп айтылып жатады. Ал біз оған дос таңдауда да мұқият болуды қосып қояр едік. Себебі, дос деген өмірдегі сырласың, мұңдасың, сен қуансаң алтын жаны қуанатын, мұңайсаң жүрегімен қиналатын, сүрінсең демейтін, құласаң қолын созатын, сөзіңді сөйлеп, ақыл қосатын, іс бастасаң қолдау білдіретін сондай бір тамаша жан. Әрине солай, егер досың осы айтылғандарға лайық жан болса. Сондықтан да, шынайы достықтың орны бөлек. Қуанышыңда жалған қуанатын, қайғы келе қалса қасыңнан жоғалатын достың бір тиынға да татымайтыны жасырын емес.

Ислам діні достық мәселесіне қатты көңіл бөледі. Досқа адал болуды, жолдасыңа әрдайым қолыңнан келетін көмегіңді аямауды, қиянат жасамауды өсиет қылады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Адам баласы досының дінінде (яғни, досы қандай болса, өзі де сондай) болады. Сондықтан да, әрқайсысың кіммен дос болып жүргеніне мұқият қарасын»[1] деген.

Ислам – ынтымақ діні. Ал ынтымақ қайдан келеді? Әрине достықтың арқасында. Достық, бауырмалдық бар жерде бейбітшілік те болатыны анық. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мұсылман адамның сипатын былайша жеткізеді: «Мүмин дос болады, әрi достастырады. Өзi дос болмаған және достастырмағанда не жақсылық бар»[2]. Осы секілді хадистерінің бірінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм): «Мүмин мүминнiң айнасы және бауыры. Мүмин бауырын шығынға ұшыраудан сақтап, абыройын қорғайды»[3] деген. Тағы бір хадисінде: «Мұсылмандар өзара қатынаста бiр құрылыс тәрiздi. Оның бөлiктерi бiр-бiрiн нығайтып, орнықтырып тұрады»[4] десе, басқа бір хадисінде дос адамдарды адамның он екі мүшесіне теңеп, бір мүшесі ауырса барлық мүшесіне ауыруы сезілетінін айтқан. Яғни, достық деген сондай біртұтас ұғым. Дос адамдар жұмылған жұдырық тәрізді.

Үлкен әулие Жалаладдин Руми бір кісінің (досының) көңілін қалдыру Қағбаны мың рет құлатқанмен бірдей екендігін айтқан. Ал досты қуанту екі дүниеде де кәдесі берілетін дұрыс қадам. Жафар бин Мұхаммед атасынан риуаят етеді: "Егер біреу мұсылманды (досын) қуантса, Аллаһ сол қуантқаны үшін, оған бір періште жаратады. Адам қайтыс болғанда, қабіріне Қуаныш Періштесі келіп:

- Мені танисың ба? - деп сұрайды.

- Сен кімсің? - дейді қайтыс болған кісі.

Сонда Қуаныш Періштесі:

- Мен пәленшеге жасаған қуаныштан жаратылған періштемін. Бүгін сенің жалғыздығыңа дос боламын және сені есепке тартатын періштелерге беретін жауабыңда саған жәрдемші боламын. Сен үшін Аллаһтың алдында шапағат етемін. Саған жәннаттағы орныңды көрсетемін»[5].

Өмір болғаннан кейін неше түрлі оқиғалар болады, ал одан біздің аларымыз тек қана ғибрат. Сондай оқиғалардың бірі делік, бір жігіт: «Менің досым көп», - деп мақтанатын көрінеді. Расында ол жігіттің достары көп екен. Сөйтіп әлгі жігіт бір күні үйленбекші болады. Әкесі оған: «Балам, сенің достарыңды мен шақырайын» - дейді. Жігіт келіседі. Тойға тек екі-ақ досы келеді. Жігіт әкесіне: «Сіз басқаларын шақырған жоқсыз ба?» - дейді. Әкесі: «Мен сенің барлық достарыңды шақырдым. Бірақ, тойға деген жоқпын, сен бір қиындыққа ұшырап қалды» - дедім. Екі досың ғана келді. Міне, солар сенің шынайы достарың, балам» - деген екен.

Кез келген адам досына жаны ашитын, апталап болсын жағдайын біліп тұратын, шамасы келгенше қол ұшын беруге дайын болуы керек. Досын қолынан келмейтін, келсе де ауыр соғатын жұмыстарға итермелеу қиянат болар.

 

Достық деген - адамның көрігі екен!

Абай атамыз достың жайын қозғап былай деп насихат айтады:

Жаман дос - көлеңке:

Басыңды күн шалса,

Қашып құтыла алмайсың;

Басыңды бұлт алса,

Іздеп таба алмайсың.

Досы жоқпен сырлас,

Досы көппен сыйлас;

Қайғысыздан сақ бол,

Қайғылыға жақ бол.                  

Дос таңдағанда жөнін айтқан Нұржан Наушабай ақын былай дейді:                  

Ер бергендей досың болсын,

Жер бергендей қосың болсын.

Жолдас болсаң, мәрт адамға жолдас бол,

Өзі өлмей әркез тастап кете ме?!

Ақмолла Мұхамедиярұлы да өзінің бір өсиет өлеңінде былай дейді:         

Сақтансын данышпандар жаман достан,

Надан дос бір айлық дос, түбі – дұшпан.

Ақын Мұқағали Мақатаев достықты адамның көрігі мен серігіне балап былай дейді:

Досым, саған сенемін. Сеніп өтем!

Жолы бөтен демеймін, жөні бөтен.

Достық деген - адамның көрігі екен,

Достық деген ақылдың серігі екен.

Қазақтың мақал-мәтелдерінен алар өнегеміз өте көп. Мақал-мәтелдердің дені достық жайын айтқан. Солардың кейбірі мыналар:

Оразалымен оттас бол, имандымен жолдас бол.

Жаңа дос тапсаң да, ескі досыңды ұмытпа.

Күлме досқа, келер басқа.

Жақсымен жолдас болсаң, жетерсің мұратқа,

Жаманмен жолдас болсаң, қаларсың ұятқа.

Жаманның жолдасы көп, жанына пайдасы жоқ.

Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам.

Достың ескісі жақсы, киімнің жаңасы жақсы.

Досыңды көп ұстама, жолынан қалдырасың,

Қасыңды көп ұстама, сырыңды алдырасың.

Айырылмастай досыңа қайырылмастай сөз айтпа.

Хазреті Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) келесі мысалымен тақырып тізгінін түйіндесек:

«Жақсы мен жаман жолдас әтірші мен от жағушыға ұқсайды. Әтіршінің қасында болсаң жақсы иісті иіскейсің немесе жақсы иіс үстіңе жұғады, от жағушының жанына барсаң не көйлегің жанады, я болмаса жаман иісті жұтып қайтасың»[6].


[1] Әбу Дәуіт; Тирмизи

[2] Сәһл ибн Саьдтан (р.а.) Имам Ахмад және Имам Табарани риуаят еттi

[3] Әбу һурайрадан (р.а.) Имам Әбу Дауд риуаят еттi

[4] Әбу Мусадан (р.а) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят еттi

[5] Ибн-и Әбиддүния, Сауап

[6] Бухари, Муслим

Нұрқанат НҰРДӘУЛЕТҰЛЫ
date11.04.2017readCount618printБасып шығару