Сынған таға

Бірде әкесі мен баласы жолда келе жатады. Келе жатса жол үстінде жатқан тағаның сынған бір бөлігін әкесі көзі шалып қалады. Әкесі баласына: «Балам жолда жатқан темірдің сынығын ала салшы, керек болып қалар» дейді. Сонда баласы: «Әке сынған темір неге жарар дейсіз» деп алмай кетеді. Әкесі сабырлы күйде темірді өзі алып, дорбасына салып алады.

Ол темірді жолдағы темірші ұстаға өткізіп, алған ақшасына аздаған шие сатып алады. Шиеден баласына ұсынбастан өзі жеп кете береді. Жолда әдейі бір шиені жерге тастап кетеді. Артында келе жатқан баласы оны алып жейді. Кейін тағы біреуін тастайды. Баласы тағы алып жейді. Осылай бірнеше рет қайталанады. Сонда барып әкесі баласына қарап: «Көрдің бе, балам!? Сен жаңағы бір рет еңкеюдің орнына он еңкейдің. Ол темір жарамсыз болса саған ала сал деп айтпас та едім. Әкенің сөзін тыңдауың керек», - деп түсіндірген екен.

date11.04.2017readCount2217printБасып шығару