Хижаз тарапынан үлкен оттың шығуы

Шығыста бір жердің, Батыста бір жердің және Араб түбегінде бір жердің батуы

Хадисте айтылғандай шығыста, батыста, араб түбегінде бір жердің батуымен ақырзаманның таялғаны анық болады. Бірақ бататын жерлердің қай мемлекетте болатындығын Алла біледі. Дегенмен, Имам Шарани өзінің еңбегінде сілтемесіз мынадай хадисті келтіреді: «Салибидің риуаяты бойынша, Расулулла былай деген: «Тигр мен Ефрат жазығы арасында бір қала салынады. Ол жерде әлемнің залымдары жиналады және ол жерге қазыналар тасылып, ақырында жерге батады. Ол жердің қазыналары қазықтың жерге оңай кіргеніндей тез арада батып кетеді»[1]. Демек, ақырзаманның үлкен белгілері жайында кеңірек мағлұматымыз болмағандықтан, біздер айтылған хадиске сеніп, қиямет қайымның хақ екендігін мойындап, тек Алладан ғана медет тілейік.

 

Хижаз тарапынан үлкен от шығады

Ақырзаманның соңғы белгісі Хижаз тарапынан үлкен бір оттың шығып, шартарапты жарық қылатындығы хадисте айтылады. Хазіреті Пайғамбарымыз бұл жайында былай дейді: «Хижаз жерінен шығатын, Бусрадағы түйелердің мойындарын жарқырататындай бір от шықпайынша Қиямет-қайым болмайды»[2]. «Бусра» Сирия мемлекетіндегі бір ауылды мекеннің аты. Хазіреті Пайғамбарымыз 12 жасында көкесі Әбу Тәлібпен бірге сауда мақсатымен Шам аймағына барғанда, сол жердегі Бахира есімді монахтың ескертуімен, Меккеге кері қайтқан еді. Бахира христиан дінін жетік меңгерген монах болғандықтан, соңғы пайғамбардың келетіндігін және оның бойында қандай ерекшеліктер мен қасиеттің бар екендігін білетін. Сондықтан алыстан келе жатқан керуенмен ілесіп келе жатқан бұлтты көріп, оның тегін емес- тігін сезеді де, Әбу Тәліб бастаған саудагерлерді арнайы асқа шақыртады. Сөйтіп, Хазіреті Мұхаммедтің (с.ғ.с.) болашақ пайғамбар екендігіне көз жеткізіп, сол жерден кері қайтуларын бұйырған еді. Міне, сол Бусрадан шығатын алып оттың жарығы жүздеген шақырымнан көрінетін болады. Мүмкін осы маңдағы мұнай кеніштерінің бірі отқа оранады ма, кім білсін? Осы жерге дейін ақырзаманның белгілерін айтып келдік. Бірақ Қиямет-қайымның аласапыранын көретін пенделер жаман адамдар мен иман етпеген жандар болады. Ал жүрегінде иманы бар пенделер Қиямет-қайымның сілкінісін көрместен бұрын жан тапсырады. Хазіреті Пайғамбарымыз бұл жайында былай дейді: «Алла Тағала Йемен тарапынан жібектен де жұмсақ болып тиетін бір самал естіреді. Бұл самал жүрегінде бидайдай иманы болған пенделерді бақилық етеді»[3]. «Өздері тірі тұрып, қияметтің болғанын көрген кісілер адамдардың жамандары»[4].


[1] Имам Шарани, ж.к.е., 479-бет

[2] Муслим, Фитән 42

[3] Муслим, Фитән, 23

[4] Бухари, Фитән 5; Ибн Мәжа, Фитән, 24

date02.05.2017readCount1967printБасып шығару