Намаздың қадірін түсініп, сауабын білсек...

Намаздың ислам дінідегі, әрі мұсылман баласының өміріндегі орны ерекше екені әмбеге аян! Намаз арқылы мүмін өзін жоқтан бар еткен Раббысына миғраж жасайды. Сол намаз арқылы Раббысына ең жақын жағдайда болады. Сол намаз арқылы күнәсі төгіледі. Құранда және Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған намаз оқушы жан үшін уәде етілген сауаптарды, артықшылықтарды санасаңыз санағына жете алмассыз. Осынау ұлы сауаптарды Исламның алғашқы ғасырларынан бері мұсылмандықтың нәрінен қуат алып келген қазақ аталарымыз:

Бесінші тілек тілеңіз,

Бес уақытты бес намаз,

Біреуі қаза қалмасқа, - деп осынау сауапты да, мәртебелі амалдың қаншалықты Ислам дінінде орны бар екенін жіті түсінгенін аңғартатындай. Ал, енді намаздың кей құндылықтарын баяндап көруді жөн санадық:

Көпшілігіміз күнә істерден тыйылғымыз-ақ келеді, бірақ тыйылуға күш-қуат таба алмай жүргендейміз. Онда қайтпек керек? Түйткілден шығаратын қандай-да бір жол бар ма? Иә, асыл дінімізде күнәдан тыйылуға қаншалықты үндеген болса, одан қалай құтылудың жөн-жорығын да баяндаған. Алла Тағала Құран кәрімде айтады: «Намаз – адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды. Ал Алланы үнемі (жүрекпен, тілмен һәм іс жүзінде) еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені, ең зоры. Алла сендердің не істеп жүргендеріңді толық біледі[1]». Міне, көрдіңіз бе? Алла Тағала Құран Кәрімде намаздың өзіндік орнын қалайша қысқа әрі нұсқа сөздермен жеткізіп қойған. Неге олай? Дерсіз. Өйткені, намаз - шаһадат кәлимасынан кейінгі ең ұлы сауаптар әкелетін ұлы құлшылық! Хадистердің бірінде Пайғамбар (с.ғ.с.) ең абзал амал қайсы? – деп сұралған сәтінде, былай жауап қайтарып еді: «Өз уақытында оқылған намаз»[2], - деп. Міне, осыдан-ақ намаздың ұлылығын ұғынатындаймыз.

Кейде күнәларымыздың көптігі еңсемізді езетіні бар. Иә бұл табиғи құбылыс!  Қалайша олай болмасын? Қиямет күнінде болатын есеп-қисапты ойлаған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі: «Күніне жүз рет (Алладан күнәларымның кешірілуін сұрап) истиғфар айтамын» - деген болса. Өзге де Пайғамбарлар: «Қияметте менің жағдайым қалай болар екен», - деп қорқынышқа түсетіні хадисте келген болса. Ал, енді өзіңіз бір ойлап көріңіз, адам күніне бес рет шомылса, оның тәнінде кір қалады ма? Иә, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) да осы сұрақты өзінің сахабаларына қойған еді. Сонда сахабалар: «Жоқ», - деп жауап қатысқан кезде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтып еді: «Бес уақыт намаздың мысалы сендердің біреулеріңнің есігіңнің алдынан ағып жататын өзен болып, сол өзенге күніне бес рет шомылатын адам секілді, (күніне бес рет шомылған адамның денесінде кір қалмағандығы секілді, бес уақыт намаз оқыса оның да бойында күнә қалмайды)»[3] - деген еді. Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бес уақыт намаз, бір жұма екінше жұма, рамазан екінші рамазан араларында егер үлкен күнәлардан тыйылса, кіші күнәларды жуып-шайып тұрады»[4] - деген болатын.

Бала кезімізде үлкендердің: “Мына адамның жүзі нұрлы екен” – деген сөздерін көп еститінбіз. Сонда қалайша бір адамның жүзі нұрлы, енді бірінің жүзі солғын болуы мүмкін? – деп таңқалатынмын. Ислам нұрынан нәр алған атам қазақтың бұлай айтуы табиғи нәрсе екен. Өйткені намаз оқыған адамда нұр болатындығы жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің хадисінде былай деген: «Намаз - бұл нұр (осы дүниеде жүзін жарық етер, ақыретте де жүзін жарық етер нұр) [5]».

Өткінші дүниенің арзымайтын мәртебесіне жету үшін не жасамадық? Біреуді алдаймыз, енді біреуге жағынып жатамыз, күндіз-түні шаршамай-талмай еңбектенеміз, бәрі не үшін? Өткінші дүниенің өткінші дәрежесіне жету үшін. Мүмкін ол мансаптан осы дүниеде айрылармыз, осы дүние де сол мансап бізге бәле ретінде жабысып, тауқымет тартуымызға себепші болар. Осының бәрін біле тұра біздер соған жетуге барымызды саламыз! Ал, Ақырет жай ше? Оны ойладық па? Ақырет сауабы шексіз! Ақіретте ешкім өзінің жеткен мансабынан айырылмайды, ол жерде өлу де жоқ! Міне, сол сауапқа кенелу үшін не істемек керек? Білгіңіз келе ме? Онда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір сөзіне құлақ түріңіз: «Көп сәжде ет! Егер сәжде етсең Алла Тағала әр бір сәждең үшін бір дәреже көтереді»[6].

Дүниеде бір мәртебелі жанға жақын болу үшін нелерді істемейміз? Егер ол мәртебелі адам жұмысында мәңгі тұрар, өмірі мәңгі адам болса мейлі ғой. Әйтсе де ол бір күні иелеп тұрған мәртебесінен кететінін жадыңызда сақтағайсыз. Мәртебесінен кетпесе бір күні уақыт-сағаты жетіп азуы алты қарыс ажалдың құрығына түсетінін ұмытпаңыз! Ал адамзаттың асыл тәжі Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) көз көріп, құлақ естімеген нығметтерге толы жәннатта серік болғыңыз келе ме? Жанына жақын адам болғыңыз келе ме? Сүйікті үмбеті болғыңыз келе ме? Ендеше тыңдаңыз: Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір сахаба келіп, жәннатта оның серігі болғысы келетінін жеткізгенде Алла елшісі (с.ғ.с.) былай жауап қатып еді: «Сұрағаның саған болсын, әйтседе сен маған көп сәжде жасау арқылы жәрдем ет!»

Намаздың құндылықтарын қанша жазғымыз келсе сонша жазуға болады. Тіпті, том-том кітап толтыруға болады. Намазға жан дүниемізбен келуіміз керек. Сонда Алла Тағала екі дүниеде жүзімізді жарық етері сөзсіз. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!


[1] «Анкабут» сүресі, 45-аят

[2] Бухари және Муслим

[3] Муслим 668

[4] Муслим 233

[5] Муслим 223

[6] Муслим 488

date09.05.2017readCount2014printБасып шығару