Мадияр Серікбаев: "Шындықты емес, ақиқатты айтамыз"

«Өнер қырандары» әзіл-сықақ театры өзінің тартымды, әрі мағыналы қойылымдарымен көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан өнер ұжымы. Ата дінімізді өнер арқылы дәріптеп, көпшіліктің жүрегіне жол тапты. Міне, қатарынан үшінші жыл қасиетті Рамазан айының басталуына орай ҚМДБ-мен бірлесе отырып, «Берекелі мереке» атты концерт ұйымдастырып келеді. Осы үлкен шараның алдында ұжымның басшысы Мадияр Серікбаевты сөзге тарттық.

ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ОҚУДАН ҚҰЛАДЫМ


– Мәке, әңгімеміздің осы әзіл-сықақ театырының құрылуынан бастасақ.

– Өнерге деген құштарлығым мектеп қабырғасынан басталды. Дегенмен, ауылдың тәрбиесін көріп өскендіктен болар,  мүмкін ұяңдық шығар бастапқыда әртіс болайын дегем жоқ. Бала кезімде ауыл қарияларының қасынан шықпай, солардың әңгімесін тыңдап, ораза ұстаса, мен де ауыз бекітіп жүрдім. Олар ауыздарын ашып, уағыздарын айтып болғаннан кейін маған Құран оқытатын. Мүмкін, осындай тәрбиенің әсері болар бастапқыда медресеге, кейінірек Шымкенттегі  қазақ-араб  институтының дін факультетіне құжат дайындадым. Алайда, кешігіп қалуыма байланысты, әрі  орын да шектеулі болғандықтан, құқық және экономика факультетінің студенті атандым. Дегенмен, бұл салаға ықыласым болмай оқудан шықтым да Алматыға тарттым. Т. Жүргенов атындағы  театр және кино институтына құжатымды тапсырып, емтихан тапсырып көріп едім, құлап қалдым. Алайда, үмітімді үзбей ендігі жылы тағы бағымды сынадым. Осылайша тек алтыншы жылы ғана оқуға қабылдандым.  Бұл 2005-ші жыл болатын.

Біз алғашқыда  Есен Елеукен жетекшілік ететін республикалық «Жайдарман» ойындарына бір команда болып  қатысып жүрдік. Мен, Дана, Мэлс мен  Әнуар бірге оқысақ,  Жанболат, Сырым және Құдірет бізден бір курс төмен  болатын. Ақылдаса  келе:  «Әрқайсымыз жан-жаққа тарап кетпей өнерімізді бірге жалғастырайық»,– деген оймен  олардың оқу бітіргенін күтетін болып келістік. Оның үстіне студент кезімізде пәтерде бірге тұрғандықтан, бір отбасының баласындай  бауыр басып та қалған едік. Олар оқуды тәмадағаннан кейін, бірге телеарналардағы бағдарламаларға да түсе бастадық. Осылайша кәсіби шеберлігімізді арттыра түсіп, 2013 жылы ең алғашқы шығармашылық кешімізді өткізуге шешім қабылдадық.  Құдайға шүкір, өнер майталмандары,  көрермендер мен журналистер қауымы оң бағасын берді.  Осыдан кейін көрермендер іздеп тұрғандықтан, жылда концерт беріп, халыққа таныла бастадық.     

    

ДІН МАҚСАТЫМЫЗДЫ АЙҚЫНДАП БЕРДІ


– Театр  басшысы өзіңізден бастап, жігіттердің барлығы намазға жығылыпты...

– Біз студент кезімізде «Таугул-3» мешіті орналасқан ауданнан пәтер жалдап тұрдық. Ол кезде  құлшылық үйінің Бас имамы Орынбасар Дәуренбеков болатын.  Бір күні сол кісі бізді  тойда көріп қалып, қонаққа шақырды.  Студент емеспіз бе? Қарнымыз бірде тоқ, бірде аш. «Тегін тамақ ішіп келейік»,– деп бір-бірімізге қарап қутыңдап, уәделі күні жетіп келсек, Берік Арғынбекұлы, Ермек Көкірекбаев сияқты мешіт қызметкерлері  астарын  дайындап, бізді күтіп отыр екен. Дастарқан үстінде  ата-ананы сыйлау, жақындармен араласу өзге де құндылықтар туралы әңгіме айтылды. Сұхбаттың соңы сұрақ-жауапқа ұласып, берекелі кеш болды. Содан кейін әр сейсенбі сайын басқосу әдетке айналып, мешіт имамдарымен тығыз араласа бастадық. Уақыт өте келе оқуды аяқтаған соң  жігіттердің барлығының басы біртіндеп сәждеге тие бастады.  


– Намазға жығылып, бес парыздың бірін өтей бастағаннан кейін  рухани тақыраптарды да  қаузай бастадыңыздар.

– Шыны керек, дінді түсінбей тұрғанда  бізге барлығы қиын болатын. Сценарийді жазу мен  әзілді  құрастырып, айта білу де оңай соқпайтын. Өнерге біржолата ден қойғаннан кейін бастапқыда: «Шындықты неге шырқыратып  жеткізбеске?»,– деп ойлайтынбыз. Сөйтсек шындықтың да екі ұшы бар екен. Мысалы, қарапайым халықтың жағдайын, шешілмей жатқан мәселелерін айтсақ, биліктілер: «Айналайындар-ау, бізге оңай дейсіңдер ме? Бір күнде  жиған-тергенімізді беріп тастайтық болсақ, мемлекеттің болашағы не болады?»,–деп ренжігендей болды. «Халықтың сөзін сөйлейік»,– десек биліктен таяқ жейміз, биліктің шашбауын көтерейік деп көрсек, халық бізден теріс айналатын болды. Не істеу керек? Кейінірек, имамдарымыздың, ұстаздарымыздың айтқан насихаттарынан  жүректеріміз ашылып, өмірге басқаша көзқараспен қарай бастадық. Шындықты емес, ақиқатты айтуды түсіндік. Ақиқат дегеніміз, сабыр, жақсылық жасау, жақыңа көмектесу, намыс т.б. осындай  игі қасиеттер екен. Алланың әмірлері мен тыйымдары ақиқат екеніне көз жеткіздік. Енді,  істесек те бірінші кезекті Жаратушының  разылығын ойлайтын болдық. Міне, содан  өнердегі тасымыз өрге домалап, алдымыздан кең даңғыл жол  ашылғандай болды. Дін бізге мақсатымызды айқындап берді. Исламды түсінбеген адам  басын тауға да тасқа ұрып, сан-саққа жүгіре береді екен. Құдайға шүкір, бүгінде алға қойған мақсатымыз анық: адамдарды жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыру.

– Сәләфилік ағымның  жетегінде кеткен жас жігіттің аянышты өмірін бейнелейтін  «Заман-ай» қойылымын  сахналадыңыздар. Сәтті шыққан дүние болды. Күрделі тақырыпқа қалай келдіңіздер?

– Өткен жылы кіші қажылықты өтеу нәсіп болды. Сонда жүріп жастарды өзіне тартып, еліміздің бірлігі мен ынтымағына сызат түсіріп жүрген  жат ағымның іс-әрекетін бейнелейтін қойылымды неге сахналамасқа деген ой келді. Елге орала салысымен, жігіттермен ақылдаса отырып, іске кірістік. Екінші жағынан бұған Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен  сәлемі болсын)  әр айтқан сөздеріңнен сұраласыңдар деген мағынада келген хадисі де қатты әсер етті.  «Егер әрбір  іс-қимылымыздан, ауыздан шыққан әр  сөзден сұралсақ,  неге пайдалы шаруамен айналыспаққа?»,– деп «Заман-айды»  сахнаға алып шықтық. Онда жастайынан ауылдан кетіп, ата-анасына құлақ аспай, оларды «кәпірге» балап, Сирияға соғысқа  аттанған,  соңында әйелі мен бала-шағасынан айырылып, түрмеге тоғытылған  жігіттің тағдыры баяндалады.  Біздің қойылымды көрген осындай ағымның ыңғайында жүрген бір жігіт имамға келіп: «Шынымен біз осылай жауыз  болып кеткенбіз бе?»,–деп  таңданысын білдіріпті.


– Бұдан өзге де   қойылымдарыңызды көріп,  ой түйіп, өмірлерін өзгерткендер көп шығар?

Былтыр  Алматыдағы  Ө.  Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында қасиетті  Рамазан айының басталуына орай  «Берекелі мереке» атты концертімізде тағдыры қиын жетім балалардың өмірін бейнелейтін «20 жылдық кездесу» атты қойылымды сахналадық. Тұл жетімдердің интернаттағы аянышты ғұмыры, мектеп бітіргеннен  кейінгі қиындықтары бейнеленді. Бірақ, қиыншылықтарға мойымай, ержетіп, мектеп бітіргендеріне 20 жыл  толғанда кездесіп, араларындағы біреуі 10 жетімді асырап алуын қойылымының өзегі ретінде көрсете білдік. Осы қойылымнан кейін сол жетімдердің әкесінің рөлін сомдаған  Құдірет бауырымызға  бір  әйел телефон соғып: «Айналайын,  жастық кезімде ойнақтап жүріп, от бастым. Екіқабат болып, баламды туа салысымен, жетімдер үйіне өткізген едім. Сендердің қойылымдарыңды көргеннен кейін, қатемді түсініп, баламды алу үшін жетімдер үйіне келіп тұрмын»,–деп өксіп жылапты.

Сол концертімізде  жаздың ми қайнатар ыстығында жол жөндеуші бір кісінің ораза ұстағаны жайлы оқиғаны да сахналадық. Мұны көрген бір ағамыз тездетіп жолға шығып, оразаға бір күн қалғанда еліне жетеді де ертеңіне  отбасымен түгел аузын бекітеді. Сол ағамыз: «Ораза ұстаудың ешқандай қиыншылығы  жоқ екен ғой. Біз мұны өзіміз қиындатып алған екенбіз»,–деп ағынан жарылыпты. Мұндай оқиғалар баршылық.

– Ал, биылғы «Берекелі мекере» атты концерттің  басты ерекшелігі не болмақ?

– Жалпы,  қандай да бір мерекелер болсын, жақындап қалғанда өзіне тән белгілері бар.  Мысалы, жаңа жыл жақындап қалғанда қаланың орталықтарында дәу шырша жағылып, сыйлық әзірлеу басталады. Басқа мейрамдар да осылай. Ал, мұсылманның нағыз мерекесі, айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан айының  басталғанын кейде сезбей де қаламыз. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, міне,  қатарынан үшінші жыл ҚМДБ-ның қолдауымен концертімізді бергелі отырмыз. Екі жыл бойы бұл шара тек Алматы қаласында ғана өтіп келсе, биылдан  еліміздің барлық өңірін аралап шықпақшымыз.

– Қызықты әңгімеңіз үшін рақмет.

Сұхбаттасқан Кеулімжай Құтты

«Иман» журналы

date10.05.2017readCount2460printБасып шығару