Сіз Рамазанға дайынсыз ба?

Жер бетінде кәсібі, мақсаты, әрекеті алуан түрлі миллиардтаған адамдар өмір сүреді. Алайда олар қандай іспен айналысса да, мейлі, сауда, сабақ, ауыл шаруашылығы болсын бәріне ортақ бір қасиет бар. Адамдар кез келген жауапты іске алдын-ала дайындалады. Ыждағатты студент маңызды емтиханға айлар бұрын кітап оқу, конспект жазу арқылы қам жасайды. Табысты саудагер тауарды сауда басталардан қаншама уақыт бұрын дайындайды емес пе? Тіпті, диқаншы жақсы өнім алғысы келсе, қар еріген сәттен бастап әрекет жасайды.


Сол секілді, мұсылмандарда қандай да бір кәсіппен қатар, аса үлкен жауапкершілікті іс бар. Ол – Раббысының алдындағы құлшылығы. Әсіресе, жылына бір-ақ рет атқарылатын қасиетті парыз ораза өте үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сіз ғұмырыңызда бәлкім 10 ораза, бәлкім 20 оразаны қарсы алып, шығарып салып үлгерген боларсыз. Алайда, әрбір адам Рамазан аяқталғанда: «Уақыт деген қандай жылдам?! Бір ай көзді ашып-жұмғанша өте шықты... Ештеңеге үлгере алмадық. Құранды да бітіре алмадым, тарауық намаздарды жіберіп алдым. Құдай қаласа, келер жылы бәрі басқаша болады» деген өкінішке ұрынады. Ислам ғалымдары мұның себебі – Рамазанға деген дайындықтың жоқтығында деген пайым айтады. Қасиетті айды асыға күткенімізбен, оған деген дайындық Рамазан табалдырықтан аттағанда басталады. Нәтижесінде, Рамазанның ләззатын сезінуден мақрұм қалып жүрміз. Мұны білген сахабалар Рамазанға алты ай бұрын дайындалып, алты ай бойы Алладан аман-есен жетуді сұраған екен. Ең абзал буын өкілдерінің парасатты дәстүрін бұзбастан бізде оразаға деген дайындықты пысықтап қойсақ деген ниетпен бүгінгі жазбамызды ұсынамыз.

1. Ниетті түзеу. Құлшылық амалдарының ішіндегі ең бір құрметтісі саналатын ораза – күнәлардан құлан-таза айығуға, жақсылыққа өзгеруге, нәпсіні тәрбиелеуге, тақуалыққа жетуге, зор табысқа ие болуға, сұрағанын алуға, таусылмайтын нығметтер мен мәңгілік бақытқа бөленуге берілген жалғыз мүмкіндік. Оразаның өзге құлшылықтардан үстемдігі сол, оның сауабын Алладан өзге ешкім білмейді. Өйткені,  ораза - Алла мен құлының арасындағы сыр. Адамның Раббысымен арасындағы сырына сырт көздің сыны араласпайды. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазан - береке айы. Алла Тағала бұл айда күнәләрды кешіреді, дұғаларды қабыл етеді. Бұл айдың құнын біліңіздер! Тек Жаһаннамға баратын адам ғана бұл айда рахметтен мақрұм қалады» деген. (Табарани) Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Шынында, Алла Тағаланың алдында сондай адамдар бар: Алла оларды Рамазанның әрбір күндізі мен түнінде Оттан босатады. Және шынында, әрбір мұсылман Рамазанның түнінде де, күндізінде де өзінің дұғасына жауап алып отырады» (әл-Баззар), «Кімде-кім ораза ұстаған күйінде қайтыс болса, Жәннатқа кіреді» (әл-Баззар) деген өсиеттер қалдырды. Имам Насаи өзінің «Сунан» атты хадис жинағында Әбу Умамадан (оған Алла разы болсын) мынадай хадис жеткізеді. «Әбу Умама (оған Алла разы болсын) Алла Елшісіне (оған Алла разы болсын): «Әй, Алла Елшісі! Маған пайда беретін бір амалды нұсқашы», - дейді. Сонда ол кісі:«Ораза ұста! Себебі оның теңдесі жоқ!» деген».

Бұл айда мың айдан қадірлі болған Қадір түні, дұға қайтарылмайтын уақыттар, Аллаға жақындататын түнгі намаз, сауаптарға кенелтетін тарауық намазы, Құран оқылатын түндер, ауыз ашар уақыттағы қуаныш секілді басқа ешбір айда, ешбір құлшылықта қайталанбайтын нығметтер бар. Иә, бұл жылына бір-ақ рет берілетін мүмкіндік. Және өткен Рамазаннан келер Рамазанға жетпегендер қаншама?! Сол себепті, ең алдымен осынау сауапты айдың артықшылықтарын еске алып, шынайы ықыласпен дайындалуды жүрекке бекітіңіз демекпіз.

2. Дұға жасау. Тұла бойы сауаптарға тұнған  Рамазанға жету және осы айда Алла разы болатын амалдарды атқару – мұсылманға берілген нығмет. Ал амалы жоқ, есебі бар Қияметте бізге тамшыдай сауаптың өзі ауадай қажет. Сол себепті, күнделікті дұғамызға Рамазанға аман-есен жетуді, ұлы мүмкіндікке ие болуды, атқаратын құлшылықтарымызды жеңіл әрі жемісті етуін Алладан сұрап, дұғамызға қосайық.

3. Жоспар құру. Дәл бүгін қолыңызға қалам мен қағаз алып, Рамазан айына жоспар құрыңыз. Сонда дайындық шаралары да мәлім болмақ. Мәселен, мен Құранға қатым жасаймын, мінез-құлқымды дұрыстаймын, Жетімдер үйіне барамын, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаянын оқимын, 50 хадис жаттап, оған амал жасаймын т.б.

4. Жұмысты реттеу. Алла қаласа, биылғы жылғы Рамазан – мамыр-маусым айларына түсіп отыр. Яғни, ыстық күндерге тап келуі мүмкін. Екінші жағынан, жаз – еңбек демалыстарының айы. Осы екі мүмкіндікті ұштастыра білген адам ұтылмайды деп ойлаймыз. Себебі, Рамазан толықтай құлшылық айы емес пе? Он бір айымызды дүниелік қажеттіліктерімізге арнап, бар болғаны отыз күнді Жаратушымызға, Ақыретке арнасақ айып болмас... Ғалымдар «Алла ақыреттік істерге көбірек көңіл бөлген адамның бұл дүниелік істеріне жеңілдігін жасап қояды» деген.

5. Умраға қамдану. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Рамазандағы умра қажылыққа тең келеді» деген. (Бұхари, Муслим). Сапарға тек рухани дайындық емес, материалдық қажеттіліктер де талап етілетіндіктен, қаражатыңызды, демалыс күндерді, құжаттарыңызды осы бастан әзірлегеніңіз абзал.

6. Садақаға ақша жинау. «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жақсылықта адамдардың ең жомарты еді. Рамазанда Жәбірейл (оған Алланың сәлемі болсын) келіп жолыққанда одан да қатты жомарттық көрсететін». (Бұхари, Муслим). Осыған сәйкес ғалымдар Рамазан айында жомарттықпен садақаны көп беруге тырысу - абзал амал деген. Қасиетті айда сауап теремін десеңіз, арнайы ыдыс арнап, садақа үшін ақша жинауды да бүгіннен бастаңыз деген кеңес бергіміз келеді.

7. Құран оқып үйрену. «Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) әрбір Рамазанда Жәбірейл (оған Алланың сәлемі болсын) періштеге Құранды толығымен оқып беретін». (Бұхари, Муслим). Сол себептен сахабалар бұл айда Құранды жарыса хатым етуге тырысатын. Егер сіз тәжуид ережелерін дұрыс білмейтін болсаңыз, дәл бүгіннен бастап қам жасаңыз. Себебі, Рамазанда әріп үйренуге қарағанда, Алланың сөзін оқығаныңыз – әлдеқайда абзал. Ал егер, Құран оқи білсеңіз, бір айда хатым жасап үлгеру үшін, алдағы төрт айда 2 рет хатым жасауды мақсат тұтыңыз. Бұл амалды бүгіннен қалдырмағаныңыз дұрыс.

8. Нәпіл құлшылықтарды арттыру. Жоғарыда айтқанымыздай, Рамазан – құлшылыққа дайындық емес, сол құлшылықтар атқарылатын ай. Адамдар көп құлшылыққа бейімделмегендіктен, ауыр салмақтың әсерінен құлшылық рахатын сезіне алмауы әбден мүмкін. Хадисте: «Кімде-кім Рамазанда иманмен және Алладан сауабын үміттене отырып намаз оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» делінген. (Бұхари, Муслим). Олай болса, түнгі намазға тұруды жиілетіңіз дегіміз келеді. Сондай-ақ, жазда күн ұзақ болатындықтан, күні бойғы оразаға шыдамауымыз да мүмкін. Мұның алдын алу үшін, бүгіннен бастап сүннетке сай, дүйсенбі және бейсенбі оразаларына ыждағаттылық танытыңыз.

9. Денсаулығыңызды күтіңіз. Асқазаны ауыратын немесе денсаулығында басқа да ақауы бар адамдар ем-дом шараларын бүгіннен бастағаны абзал.

10. Қажет заттарды сатып алу. Салқындатқыш, желдеткіш секілді оразаны жеңіл өткізуге себеп болатын керек-жарақтарға бүгіннен бастап ақша жинаңыз немесе қолыңызда бар болған жағдайда сатып алуды кейінге қалдырмаңыз.

11. Оқулықтарды дайындау. Рамазан – рухты, тәнді тәрбиелейтін ай. Егер, сіз осы айды құлшылыққа арнап, бір жылға азық болатын білім жинауды мақсат тұтсаңыз, оқулықтарды, дәрістерді қазірден бастап іздеуге, сатып алуға ден қойыңыз. Құраныңыз жоқ болса, қолға түсіруге асығыңыз. Сауап мақсатында сыйлық ретінде таратуды қаласаңыз, бірнешеуін жинауды бүгіннен бастап қолға алыңыз.

12. Дұға-сүрелер жаттау. Рамазанның түндерін намазбен, дұғамен өткіземін деген адам, намазда оқылатын сүрелер санын осы бастан арттыра бергені абзал. Дұғалар қабыл болатын уақытта кітапша іздеп кеткіңіз келмесе, Құран мен сүннеттегі дұғаларды жаттауды бүгіннен бастаңыз.

Қадірлі, бауырлар! Жоғарыда ұсынылған жазбамызда өз парқымызша Рамазанға дайындық шараларын қарастырып көрдік. Рамазанға санаулы-ақ күндер қалды. Ендеше, әрбір сәтімізді екі дүниемізге ұтымды пайдалануға асығайық. Алла Тағала құлшылықта ынталы етіп, күнә-кемшіліктерімізді кешірсін!

date13.05.2017readCount2598printБасып шығару