Алкоголь апатқа апарады

Арақ осы қай адамды бай қылған,
Талайларды түзу жолдан тайдырған.
«Қайран жұртым қайда барып тоқтар?!», – деп,
Құнанбайдың баласы да қайғырған.
Арақ ішсең кімге сыйлы боласың,
Мас адамның құны төмен маймылдан?!
Ішіп алып, үсіп өлсең, ұл-қызың
Өлігіңді тауып алады қай қырдан?!

Арман Бердалин

Спирттік ішімдіктерді жүйелі түрде пайдалану бауырдың, жүректің, жүйке жүйесінің ауыр зақымдануына алып келеді, жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулармен ауыру мүмкіндігі күшейеді. Жыныстық қатынас арқылы жұғатын кеселдердің 70 пайызы алкогольдік мас болу күйінде жұқтырылатыны анықталған. Алкогольдің әсерінен бедеулік қаупі пайда болады және ұрпақтың дене бітімі мен ойлау қабілеті дұрыс жетілмейді.

Кейде алкоголь «күш береді» дегенді де есітуге болады. Олай дейтін себебі спиртті ішімдікті қолданғаннан кейін жүйке жүйесі жедел қозады да, күштің көбейіп, сенімділік пен батылдықтың артуына ықпал еткендей жалған сезім тудырады.

Жылыну үшін арақ ішетін адамдарда болатын жылу сезімі де алдамшы. Себебі бұл сезім қысқа мерзімге созылады және тез жоғалады. Алкогольдің әсерінен терідегі қан тамырлары жедел кеңейіп, жылудың көп бөлінуіне және организмнің тез салқындауына жетелейді. Отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғаларының үштен екісі және балалардағы қатыгездіктің үштен бірі ата-аналарының маскүнемдігіне байланысты. Өз кезегінде мұндай балаларда басқалармен салыстырғанда зұлымдық пен арақты шектен тыс ішуге бейімділік жиірек байқалады. Қайғылы оқиғалардың, адам өлтірудің және өзіне қол жұмсаудың 50 пайызы арақ ішумен сабақтас. Жол-көлік оқиғаларында да алкогольдің алар орыны ерекше. Қазақ даналығында айтылған “Ел болам десең, бесігіңді түзе” дегендей, салауатты өмір сүруді өсіп келе жатқан ұрпақ санасына сіңіретін алдымен ата-ана, содан соң қоғам мүшелері. Арақтан алыс жүрген адамның – отбасы тыныш, ырысы халал, ұрпағы аман, ақылы толық, иманы берік болары хақ. Ондай адам тәуелсіздігін де қорғайды, халқын да сыйлайды, Аллаһтың аманатын да ұмытпайды.

Нұрбек Қайырмұхаммед
date15.05.2017readCount934printБасып шығару