Мешіттің атын айт, тарихын айтайын

Ыстамбұлға саяхаттағандардың қай-қайсысы тарихи мешіттердің сәулетіне қайран қалып, таңдай қағып жатады. Көп мешіттің сәулеті ғана емес, тарихы да терең. «Сен маған мешіттің атын айт, мен саған хикаясын баяндап берейін» деген сөз бекерге айтылмаған. Өйткені қай мешітті алсаң да құрылысы барысында немесе құлшылыққа жарап тұрған мерізімінен бері бір әпсананы басынан өткерген болып шығады. Сұлтан-Ахмет, Эюп Сұлтан, Сүлеймание деген мешіт атаулары көзі қарақты оқырманға таныс болса да, Ыстамбұлдағы әйгілі мешіттер мұнымен шектелмейді. Ішінде сырлы хикая бүгіп жатқан мешіттердің оқиғасын рет-ретімен баян етейік.

 

«Жегендей болдым» мешіті

Ыстамбұлдың Фатих деп аталатын орталық аудандарының бірінде Синанаға махалласында орын тепкен бұл мешітті салдырған Кечежі Хайреттин дейтұғын кішігірім алыпсатар. Тұрмысы жұтаң Хайреттин зәулім мешіттерді көрген сайын қатты қызығады, өзі де дәл сондай мешіт тұрғызайын десе, қол қысқа. Сонан соң Хайреттин қажетінен артылған ақшасын жинай береді. Аңсары тәтті тамаққа ауып тұрса, «жегендей болдым» деп, нәпсісін тыя қояды екен. Нәтижесінде, жиырма жыл жиған-тергеніне шағын болса да мешіт тұрғызады, мешіт осылайша халық арасында «Жегендей болдым» мешіті аталып кетеді. Бұл әпсананың бірнеше нұсқасы бар. Бір нұсқасында кішкентай бала шешесінің "тоқаш алып же" деген ақшасын жұмсамай, жинап, тұрғызған мешіті ретінде айтылады.

 

«Сұрама кір» мешіті

Аңызға сүйенсек, Қажы Хүсейін Кетхуда Эфенді бір күні мешіттің бақшасында отырады. Осы кезде аталмыш аймақты танымайтын бір жолаушы келіп, мешітті кім тұрғызғанын сұрайды. Қажы Хүсейін оған «Сұрама кір» деп жауап береді. Сол себепті аталмыш мешіт халық арасында «Сұрамакір» атымен аталып кетеді. Бұл мешіт те Ыстамбұлдың тарихи ауданы Фатихта орын тепкен. 

 

"Құлақсыз базар" мешіті

Бір күні Фатих Сұлтан Мехмет Ыстамбұлдың Оқмайданы ауданына келіп бұйрық береді. Алайда халық дыбыс бермейді. Халқы әмірге құлақ аспаған соң «бұл жердің халқы әмірді естімейтін саңырау ма?» - деп, сол аумаққа "Құлақсыз" деген ат береді. Мешіттің атауы да осыдан шыққан.  

 

"Құртты" мешіт

Атын естіп дереу үстіңіз қыши жөнелмесін. Сіз ойлағандай Алланың үйін құрт басып кеткен жоқ. Мешіт орналасқан аумақта кезінде жібек құрты өсірілген-мыс. Мешіт атауы сол жібектің құртынан қалған. Мешіт Ыстамбұлдың Қадыкөй деген ауданында орын тепкен. 

 

«Раушан гүлі» мешіті

Мешіттің «Раушан гүлі» атауына қатысты түрлі аңыздар бар. Бір аңызға сенсек, түріктер Ыстамбұлды жаулап алған күні сол жердің жергілікті тұрғындары христиандардың мейрамы үшін мешітті раушан гүлдерімен көмкеріп қойғанын көреді. Сол себепті осы атауды иемденген. Енді бір аңызға сүйенсек, тарихы беймәлім Гүл баба есімді бір әулие мешіт ішіне жерленгендіктен атау содан шыққан. Тағы бір аңызда ғимарат мешітке айналған соң раушанның суымен жуылғанына байланысты қойылған делінсе, енді бірінде VI Мұрат кезеңінде жөнделген мешіт күмбезі мен сырт пішіні раушан гүліне ұқсағандықтан сол атауды иемденген дейді. Бұл мешіт те тарихи Фатих ауданында орналасқан. 

 

«Лалелі» мешіті

"Лале" түрікшеден аударғанда "қызғалдақ" деген мағына береді. "Лалелі" мешітін Сұлтан үшінші Мұстафа салдырған. Бұған дейін салдырған ешбір мешітке атын бермеген сұлтан аталмыш мешітке атын беруді жоспарлап жүреді. Мешіттің сұлбасы жасалған уақытта сұлтан сол маңайдағы Лалелі Бабаға көрісуге келеді. Кездесу барысында жайсыз бір әңгіме өрбиді. Сұлтан сол кездесуден бірнеше күн өтпей науқастанады. Дәрігерлер үшінші Мұстафаның дертіне дауа таба алмаған соң, сұлтан тәубеге келеді. «Бос әурешілік, бұл аурудың шипасы - Лалелі Баба» деп дәруіштен келіп кешірім сұрайды. Жазылған соң «Өз атымызға бір мешіт салдырдық, оның атын да шейхке алдырдық» деп әзілдейді де, мешітке соның атын береді. 


"Құс қонбас" (Шемси Паша) мешіті

Иә, атауы айтып тұрғандай, бұл мешітке құс атаулы қонбайды. Мешіттің негізгі атауы - Шемси Паша. Ал неге құс қонбайтынына келсек, ол – Шемси Пашаның мінез-құлқына қатысты. Үскідар деп аталатын, теңіз жағалауындағы ауданда орналасқан мешітке қатысты түрлі аңыздар бар. Өте-мөте тазайын Шемси Паша Сокуллу Мехмет Пашамен бәсекелес көрінеді. Реті келгенде қағысып, әзілдесіп те қалады екен. Шемси Паша бір күні Сокуллуны «Сокуллу, мешітіңді құстар кірлетіп тастапты» деп қағытыпты, сөйтсе Сокуллу Паша: «Аспан астындағы барлық жер құстардың тезегінен тыс қалмайды» деп жауап береді.  Шемси Паша мешіт салдыруға шешім қабылдаған соң Сокуллу Пашаның айтқаны есіне түседі. Сонан соң Мимар Синан атымен танылған сәулетшіге келіп, «Маған мешітті анау-мынау емес, құстың тезегі тимейтін жерге тұрғыз» дейді. Сәулетші барлық мешіттің құрылысында жасағанындай, жеті рет өлшеп, бір рет кеседі, яғни Алланың үйін тұрғызатын жерді егжей-тегжейлі зерттейді. Сөйтеді де, солтүстік пен оңтүстік желдері тоғысатын бір мекенді белгілейді. Толқындар жағаға ұрғанда сезілетін тербелісті де бақылап, мешітті сол жерде тұрғызуға шешім қылады. Толқын жағаға соққанда шығатын дыбыс мұнарамен қосылып уілдейді де, құстарды үркітеді, осылайша құстар аталмыш мешітті айналып өтетін көрінеді.    

Ғалия СЕРІКҚЫЗЫ

islam.kz

date17.05.2017readCount532printБасып шығару