Балмұздақты үйде жасап көрелік...

Балмұздақты жақсы көрмейтін адам жоқ шығар. Бірақ сол адамдардың бәрі бірдей бұл тәтті тағамды үйде отырып-ақ дайындауға болатынын білмейді. Біз сіздерге балмұздақ дайындаудың ең жеңіл әдістерін тауып бердік.

 

Пломбир

Үй жағдайында балмұздақ жасау

Пломбир ең майлы балмұздақтың түрі. Оның майлылығы 15% төмен болмауы керек. Сол себептен пломбир жоғары калориялы балмұздақ болып саналады. Бірақ, бұл оны жиі тұтынуға еш кедергі болып жатқан жоқ. Пломбир – әлемде ең көп сатылатын балмұздақ.

Қажетті нәрселер:

• сүт — 300 мл

• кілегей 35% — 250 мл

• құрғақ сүт — 35 грамм

• қант — 90 грамм

• ванильді қант — 1 ас қасық

• жүгері крахмалы — 10 грамм

Дайындау әдісі: Темір ыдыста қант пен құрғақ сүтті араластырыңыз. Оның үстіне 250 мл сүт қосып, араластырыңыз. Крахмалға қалған 50 мл сүтті қосып, ерітіңіз. Ыдысты баяу отқа қойып, сүт қайнағаннан кейін крахмал еріген қоспаны қосыңыз. Жақсылап тұрып араластырып, қоюланғанын күтіңіз. Одан кейін қоспаны оттан түсіріп, сүзгішпен сүзіп, бетін полиэтилен қабығымен жауып, суығанын күтіңіз. Бұл уақытта кілегейді миксермен жақсылап тұрып араластырыңыз. Оны суыған қоспаға қосыңыз. Енді балмұздақты тоңазытқышқа салып, 20 минут сайын араластырыңыз. Пломбир дайын.

 

Эскимо

Егер пломбирдің сыртын шоколадпен қаптаса эскимо шығады. Оның әрине ұстайтын таяқшасы болады. Егер сізде балмұздақ жасайтын арнайы пішіндер бар болса, тіпті жақсы! Ал жоқ болса, онда қолда бар нәрседен ойлап шығаруға тура келеді. Сыртын қаптайтын шоколад шәрбатқа қажет нәрселер:

• шоколад — 200 гр

• сары май — 200 гр

Дайндау әдісі: Ұзынша келген жіңішке пішінді ыдыс табыңыз. Ол пластикалық стақан болуы да мүмкін. Жоғарыдағы пломбирді дайындап, тоңазытқышқа салмас бұрын сол пішінге құйып, ортасына ағаштан жасалған жалпақ таяқша немесе пластикалық қасықты салыңыз. Балмұздақ қатқанша сыртын қаптайтын шоколад шәрбатын жасау керек. Ол үшін шоколадты ерітіп, маймен араластырыңыз. Балмұздақтарды дайын болған шоколад шәрбатына батырып, пергамент жайылған тегіс ыдысқа қойып, қайтадан тоңазытқышқа салыңыз.

 

Ванильді балмұздақ

Ванильді балмұздақ пломбирге қарағанда консистенциясы тығыз, дәмі қанық, ваниль иісті болады.

Қажетті нәрселер:

• жұмыртқа — 2 дана

• қант — 0, 5 стақан

• тұз

• сүт — 350 мл

• кілегей 20% — 240 мл

• ванильді қант — 2 ас қасық.

Дайындау әдісі: Терең ыдысқа жұмыртқаларды жарып, қант қосыңыз. Ақ көпіршіктер пайда болғанша араластырыңыз. Одан кейін бір шымшым тұз қосыңыз. Бөлек ыдысқа сүт құйып қайнатыңыз. Қайнаған кезде жұмыртқа мен қант қосылған қоспаны сүтке асықпай құйыңыз. 7-10 минут ішінде қоспа қоюланады. Бұл уақытта оны жиі араластырыңыз. Оттан алып, сүзіп, кілегей және ванильді қант қосыңыз. Тағы да араластырып, тоңазытқышқа бірнеше сағатқа салып қойыңыз.

 

Сорбет

Сорбет – тәтті шәрбат, жеміс шырыны немесе езбеден дайындалатын балмұздақтың түрі. Ол пломбир, эскимоға қарағанда жеңіл, төмен калориялы болады. Сорбетті кез келген жемістің шырынынан дайындауға болады. Біз қауыннан жасалған сорбеттің дайындау тәсілін қарастырамыз.

Қажетті нәрселер:

• 1 кішірек қауын

• апельсин фреші — 1/4 стақан

• қант ұнтағы — 170 грамм

• тұз

Дайындау әдісі: Қауынды қабығынан және дәнінен тазартып, ұсақтап тураңыз. Туралған қауынды блендерге салып, оған тұз, қант ұнтағын және апельсин фрешін құйып араластырыңыз. Дайын қоспаны тоңазытқышқа салып салқындатыңыз. Дайын сорбетті жалбыз жапырағымен әшекейлеңіз.

 

Крем-брюле

Піскен сүт және карамель дәмі бар балмұздақ "крем-брюле" деп аталады. Оны да үй жағдайында дайындауға болады.

Қажетті нәрселер:

• кілегей 35% — 95 мл

• сүт — 330 мл

• құрғақ сүт — 30 грамм

• қант — 100 грамм

• жүгері крахмалы — 8 грамм

Дайындау әдісі: 40 мл қант пен 40 мл сүтті араластырып шәрбат жасаңыз. Ол үшін қантты отқа қойып, карамель болғанша қызытыңыз. Содан кейін үстінен сүт құйыңыз. Қойылтылған сүт консистенциясына жеткенше қыздырыңыз. Крахмалды сүтке ерітіңіз. Бөлек ыдысқа қалған қантты және құрғақ сүтті араластырып, сүт қосыңыз. Оған шәрбат және қалған сүтті қосыңыз. Қоспаға крахмал құйып, қоюланғанша ораташа оттың үстінде қыздырыңыз. Бөлек ыдысқа салып, бетін жауып, тоңазытқышта суығанша ұстаңыз. Бұл кезде кілегейді миксермен араластырып, қоспаға қосып, тағы да тоңазытқышқа салыңыз.

 

Жеміс балмұздағы

Жеміс балмұздағы – ең оңай дайындалатын балмұздақтың түрі. Оны дайындау үшін жеміс шырыны ғана жеткілікті! Біз кивиден жасалған балмұздақтың дайындалу тәсілін ұсынамыз.

Қажетті нәрселер:
• 4 киви
• бал — 1 ас қасық
• жеміс шырыны
• балмұздақ жасайтын пішін
 
Дайындау әдісі: 3 кивиді тазалап, блендерде араластырыңыз. Бал, жеміс шырынын қосып, тағы да араластырыңыз. Қалған кивиді домалақ пішінді етіп тураймыз. Арнайы балмұздақ жасайтын пішінге, немесе пластикалық стақанға туралған кивидің екі "домалағын" салып, блендердегі қоспаны құйып тоңазытқышқа саламыз. Сәл қатқан кезде балмұздақты ұстайтын ағаш таяқшаларды саламыз. Жеміс балмұздағы дайын.
massaget.kz
date27.07.2017readCount775printБасып шығару