Еңбекке баулы балаңды...

Қазақ атамыз: «Балаңды 5 жасқа дейін алақаныңа салып аяла, 13-ке дейін құлыңша жұмса, 13-тен бастап өзіңмен теңдей етіп ұста» деген екен. Халық даналығы бойынша еңбек тәрбиесінің 5 жастан басталатыны айтылып отыр. Дегенмен психологтар балаға 3 жасынан бастап дастарқанға табақтарды, қасықтарды тасытуға болатынын айтады. Алайда бұл жас баланың ойын жасы болғандықтан анасына дастарқанды жасауға немесе жинауға көмектесуді көбіне ойын ретінде қабылдайды. Осыған қарамастан баланың денесі еңбекке икемделе бастауы үшін 3 жасынан бастап-ақ анасына немесе әкесіне кішігірім істерде көмекші ретінде қолдануға рұқсат етілген. Кейде кішкентай көмекшіңіз тапсырған істі бүлдіріп алуы мүмкін. Мұндай жағдайда байбалам салудан аулақ болыңыз. Қайта керісінше сізге көмектеспек болған ниеті үшін алғысыңызды білдіріңіз. Яғни, бірінші кезекке нәтижені қоймаңыз. Нәтижеден гөрі балаңыздың бір істі атқаруға деген талпынысы маңызды. Осы талпынысы үшін оған рахмет айтып, жігерлендіріңіз. Баланың ынтасы артқан сайын ісі де жемісті бола бастайды. Егер тапсырылған істі тиянақты атқарса, онда мақтау айтуды ұмытпаңыз. Сонда оның бойында ерік-жігер мен өзіне деген сенім қалыптасады. Дүкеннен келген кезіңізде сөмкеңіздегі азық-түлікті орын-орнына қоюды оған тапсырыңыз. Осыдан бала жанұяның мүшесі екенін сезіне бастайды. Жанұясына деген жанашырлық сезімі оянады.

Халқымыз «Баланы жастан» деп текке айтпаса керек. Неғұрлым еңбекке ерте бейімделген бала, соғұрлым іске епті келеді. Сондықтан балаға ойнап болған соң ойыншықтарын жинатып немесе бірге жинап, шаң сүрту, гүлге су құю секілді қарапайым іс-әрекеттерді жасата берген жөн. Себебі, еңбек тәрбиесі бала тәрбиесінің ең маңызды бөлігі. Еңбек баланың адамгершілігінің қалыптасуына орасан зор әсер етеді. Еңбек ету арқылы бала сол істерге қатысты мәліметтер мен ептілікті бойына жинақтай береді. Әрі денесі де шыныға түседі. Сондай-ақ, еңбек балаларды ұйымшылдыққа, жігерлі іске, көркем шығармашылыққа, іскерлікке баулиды. «Жігітке жетпіс өнер де аз» деген аталарымыздың сөзін еске алсақ, жетпіс өнерлік қасиет адамның бойына еңбектену арқылы ғана қалыптасады. Балаңыз жастайынан еңбекке машықтанса, болашақта сегіз қырлы, бір сырлы болатынында күмән жоқ.

Балаларды еңбек сүйгіш етіп өсіру үшін ерте жастан-ақ осыған психологиялық жағынан дайындау қажет. Ата-ана баланың тілі шығып, жүре бастаған кезден-ақ оларға қолынан келетін тапсырмалар беріп, өзіне-өзі қызмет етуге, айналасындағы адамдарға қолғабысын тигізуге дайын тұруға біртіндеп үйрете беруі тиіс.

Баланы жігерлі, іскер етіп өсіру үшін жас кезінен еңбекке, талаптылыққа, ептілікке баулу керек. Істеген істі тиянақты етіп орындауын қадағалау қажет. Бала есейген сайын одан күрделірек істерді орындауын талап етудің пайдасы зор. Сондай-ақ баланы еңбекке баулуда оны табандылыққа үйретудің үлкен мәні бар. Еңбекке деген дағды дамып, ол әдетке айналса ғана нәтижесін бермек.

Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кезеңінде балаларға аяқкиімдерді реттеп қою, дәрет алатындар үшін құман мен шылапшын тасу, сусын тарқату секілді қарапайым істермен қатар сыр сақтауға дағдыландыратын хат тасу сияқты маңызды жұмыстар да жүктелетін. 8 жасында анасының ұсынысымен Пайғамбарымыздың жанында қызмет ете бастаған хазірет Әнәс 10 жыл бойы осы қызметін жалғастырады. Тіпті Хайбар жорығында осы мақсатпен Пайғамбарымыздың қасына еріп, жол-жөнекей әр түрлі істерге жәрдемдеседі. Осылайша балалық шағын Пайғамбарымыздың алтын бесігінде өткізген хазірет Әнәстің саңлақ сахаба ретінде тарих парақтарында есімі жазылды.

Пайғамбарымыздың үйінен адам аяғы үзілмейтін. Сондықтан келген-кеткен адамдарға қызмет көрсету үшін хазірет Әнәстің тысында басқа балалар да болатын. Тіпті бір риуаятта 20 шақты жас баланың осында қызмет атқарғаны айтылады.

Сондай-ақ Ислам тарихшылары жас балалардың соғыстарға дайындық істерінде де үлкендерге көмектескенін айтады. Мысалы, Хәндәк соғысына дайындық үшін ор қазылғанда, бұл іске үлкендермен қатар балалардың да жұмыла кіріскені деректерде бар. Ор қазуға Пайғамбарымыз да қатысқан. Мұсылмандар күні бойы ор қазып, кешкісін үйлеріне шаршап қайтатын[1]. Мұндай еңбекке үлкендермен бірге балалардың да қатысуы олардың арасындағы қарым- қатынасты арттыруға, балалардың үлкендерден кәсіп үйреніп, оларды өздеріне үлгі тұтуына өз себін тигізгені анық. Еңбек арқылы шыңдалған балалардың бойларында болашақта қиыншылықтарды да жеңе білетіндей қайрат пайда болады.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі де бала кезінен еңбекқор боп өскен. Сүт анасы Халиманың үйінде сүт бауырларымен бірге қозы-лақ баққан. Кейіннен ағасы Әбу Тәліптің қолында жүрген кезінде ағасының жанұясына көмектесу үшін қой баққан. Еңбекті қадірлеген Пайғамбарымыз мұсылмандарды еңбек етуге шақырып былайша өсиет етеді: «Ешкім маңдай терімен тапқан табыстан артық табыс тапқан емес. Адамның өзі, отбасы, қызметшісі үшін жұмсағандары оған садақа ретінде жазылады»[2]. Оның еңбекті қастерлегенін мына хадистен көруге болады: сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді: «Бірде әнсарлық бір адам қайыр сұрап келді. Алла елшісі одан үйінде несі бар екенін сұрады. Қайыршы үйінде бір ғана төсеніштерінің бар екенін, оның бір жағын астарына төсеп, қалған жартысын үстілеріне жамылатындарын және су ішетін бір ыдыстарының бар екенін білдіреді. Алла расулы: «Оларды осында әкеліңіз», – деді. Әлгі кісі заттарын дереу жеткізді. Алла расулы (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды екі дирхамға сатып, ақшасын қайыршыға беріп: «Мұның бір дирхамына азық-түлік алып отбасыңа апарып бер, қалғанына бір балта сатып алып маған әкел», – деді. Қайыршы айтқанын екі етпеді. Алла расулы балтаға сап жасап, егесіне ұстатып, ендігі жерде ағаш шауып, отын жинап, соны сатып күн көруін және он бес күннен кейін келуін айтты. Әлгі адам отын жинап, сатуға кірісті. Бірнеше күннен кейін Пайғамбарымызға келіп 10 дирхам табыс тапқанын қуана хабарлады. Ардақты елші бұл ақшаға киім-кешек, азық алуын бұйырды. «Осылай еңбек етуің қиямет күні маңдайыңа жағылған қайыршылық күйесінен әлдеқайда қайырлы. Тек қана қолдан ешбір шара келмей, мәжбүр қалаған жағдайда, қарыздан құтыла алмаған немесе адамды құрдымға сүйреген кісі өлтірудің ақысын төлейтін жағдайларда ғана қайыр тілеуге болады», – деді»[3].

Пайғамбарымыздың осы хадистерін басшылыққа ала отырып, балаларды да еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу керек. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығын сонда ғана жас ұрпақ ұғына біледі.


[1] С. Суруч, Каинатин ефендиси Пейгамберимизин хайаты, 2-т., 101-б.

[2] Ибн Мажә, Тижара, 1.

[3] Әбу Дауд, Зекет, 126, Ибн Мажә, Тижара, 25.

date04.08.2017readCount923printБасып шығару