Алаш қайраткерлерінің діни ұстанымдарында қайшылық болған ба?
Алаштанушы С.Өзбекұлының тұжырымдауынша «Айқап» журналының төңірегіне топтасқан Б.Қаратаев, Ж.Сейдалин, С.Лапин, М.Сералин сияқты зиялылар шариғат заңын дәріптеумен белсенді шұғылданған. Ал, «Қазақ» газетінің төңірегіне жиналған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған зиялылар қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрпын насихаттап, мемлекет құруда батыстың республикалық жүйесін құптады. Екі топтың да мақсат-мүддесі бодандықтың қамытын үзіп, тәуелсіздікке қол жеткізу болғанмен, отаршылдыққа қарсы күресу әдіс-тәсілі, дәстүрлі құндылықтарға қатысты көзқарасы екі түрлі болды. «Айқап» журналындағы зиялылар исламшыл әрі түрікшіл болса, «Қазақ» газетіндегі зиялылар негізінен ұлтшылдық бағытты ұстанды.
 
Жалпы, 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Түркістан мен қазақ даласында қоғамдық-саяси көзқарастары әртүрлі бірнеше қозғалыстар белсенді жұмыс істеді. Соның ішінде діни консерватизмді жақтаған «Шура Улема» мен жәдитшіл «Шура-й Ислами» ұйымдарын атап өтуімізге болады. С.Лапин жетекшілік жасаған «Шуро-и-Улема» мен М.Бехбуди құрған «Шура-и ислами» өкілдерімен арасында айтарлықтай идеялық келіспеушілік болды. «Шуро-и-Улема» өкілдері Түркістан қоғамын қайта ұйымдастыру үшін шариғат заңдарын басшылыққа алуымыз керек деп білді. С.Лапин жазған «Шуро-и-Улеманың» бағдарламасында Түркістанда «ішкі басқарманың барлық салалары бойынша жергілікті заң шығарушылық құқығымен таза мұсылмандық автономия орнату қажет» деген көзқарас айтылды. Ал, «Шура-и ислами» Түркістан халықтарының демократиялық бағыттағы саяси ұйымы еді. «Шура-ислами» ұйымы 1917 жылдың қараша айында Түркістандағы кеңес билігіне қарсы «Қоқан автономиясының» құрылуына мұрындық болды. «Түркістан мұхтарияты 1918 жылдың ақпан айына дейін өмір сүрді. Оған қарағанда «Шура-и улема» үлкен саяси күшке айнала алмағанмен, бұл ұйымның идеясын қолдаушылар Түркістандағы Кеңес үкіметінің билігіне «басмашылар» деген атпен бірнеше жылдар бойы қарсы күрескен еді.
 
Қазақстанда 1917 жылдардағы арпалыс кезінде солшыл эсерлер мен большевиктерді жақтаған «Үш жүз» партия өмір сүрді. Партия мүшелері өздерін «қазақтың социалистік партиясы» деп атады. «Үш жүз» партиясының төңірегіне Көлбай Төгісов, Шаймерден Әлжанов, Әбілқайыр Досов, Ысқақ Көбеков, Мұқан Əйтпенов сынды азаматтар топтасты. «Үш жүз» саяси ұйымының алғашқы төрағасы М.Әйтпенов, орынбасары К.Төгісов, хатшысы Ы.Көбеков болды. Олар «Үш жүз» атты газет шығарып, онда өздерін ұсақ буржуазияшыл демократтар екенін көрсетті. Бұл ұйымның нақты бір діни көзқарасты ұстанып, ұстанбағаны белгілі емес. Десе де, саяси күрестің нағыз қызған шағында большевиктерді жақтап шығуы, олардың исламшыл болмағанын аңғартады.
 
ХХ ғасырдың басында Ресейдегі В.И.Ленин жетекшілік жасаған большевиктік қозғалысты қолдаған Т.Рысқұлов, С.Меңдешов, Ж.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, С.Сейфуллин, Ә.Жангелдин сынды қазақ ұлтынан қайраткерлер шықты. Кедей таптың әлеуметтік мүддесін қорғаған большевиктік қозғалыстың жекелеген өкілдерінің дінге деген көзқарастары оң болғанымен, жалпы большевиктің идеяның ұстанымында дін қоғамды кертартпалыққа сүйрейтін күш ретінде бағаланды. Тіпті, социализмнің негізін салушы К.Маркс «Дін – апиын» деген болатын. Большевизм мұраттарында мемлекет пен дін арақатынасы секуляристік сипатта өрбуі керек болғанымен, большевиктер билікке келгеннен кейін қолға алған «Кіші қазан» төңкерісінде дінбасыларды жаппай қуғындады, халықты діни құндылықтардан мүлдем алшақтатуға тырысты. Олардың бұл ұстанымы – дарул куфр, яғни, дінсіз қоғам құру болатын.
kazislam.kz
Мұхан Исахан
date07.08.2017readCount397printБасып шығару