Беташар бизнес пе, әлде жоралғы ма?

Жақында үйлену тойына бардым. Кештің басы – беташар. Сауысқаннан сақ келінді ортаға алып, біз тұрмыз. Қолына домбырасын алып, күйін келтіріп, асаба да ісіне кірісті. Бастапқыда бәрі жақсы басталған. Өлі аруақтардан бастап, әулеттің үлкендеріне сәлем еткізді. Туған-туыспен тізім бойынша таныстыра келе, «Үйіңе қонақ келсе егер, бір шиша арағыңды қой, келін» деп бүлдіргені болмаса… Бір қарын майды шіріткен құмалақ секілді бұдан кейін ойға оралған дүние молайды. Келіннің бетін ашудағы мақсат не? Беташар жырдың маңызы қандай? Беташар өзі қашан жасалады? Санаға сан сауал құйылды. Келіннің аяғы табалдырық аттағанына біраз уақыт болса да, тойдың алдында жасалатын жай жоралғыға айналып отыр. Ендеше, беташар –  берекелі базына-тілектің бұлағы емес, бизнеске айналған деген сөз. 

Ахмет Байтұрсынұлы қазақтың бұл салт-дәстүрі, онда айтылатын жыр туралы былай дейді: «…Бе­та­шар өлеңінің не мақсаттан туып, не үшін айтылатынын тексерсең, мұн­да үлкен мағына бар екенін айыру қиын емес. Беташар – беті ашыл­ған жастың бетін ашып, өмір та­ныту, әрбір елдің өзі қолданған жол-жобасын түсіндіру. Тәжіри­бе­сіз жас әйел жаңа өмірге кіріп, жаңа қауымның ортасына кел­ген­д­е, сол қауымның қадірлі, құрметті үл­кендерін тану үшін керек. Со­лар­дың әрқайсысының орнын білуі керек. Жаңа қауымның қадір­лей­тіні кім, ұлық тұтып сыйлайтыны кім, жас­та еркелетіп аялайтыны кім, жас ке­ліннің бұларды топ ал­дында та­нып, біліп алуы қажет. Үлкендердің алдында келіннің тәжім қылуы – сол жаңа шарттарға көндім, қабыл алдым дегенінің белгісі. Екінші үлкен мағына: бе­ташарда қазақ елінің жаңа түскен келінді ке­ле­шекте ана болуға, қадірлі келін, үл­гілі жеңге болуға үй­ретеді. Бұл өлең­нен қазақ жұр­ты­ның әйелге жал­пы көзқара­сы білінеді. Әйел – үй ішінің, ауыл­дың, ағайын ор­та­сының ұйыт­қысы. Солардың жа­растығы, гүлі, берекесі. Күйеуі – сүйеніші, тірегі. Дос тауып, туыс­­қан құрып беретін көмекшісі, досы. Өлеңде сол мін­деттер толық ай­тылады». Демек, беташар жырда тәр­бие мен тәлім­нің болуы шарт. Өнеге ретінде кел­інге дұрыс бағыт бе­руді мақсат тұта­ды. Қазіргі тойға қа­рап, үлкен­дердің қарны аша­тыны да осыдан. Жоғарыда атап көрсеткен мысалда, «үстелге арақ қой» дегені қай сас­қаны?
Тойға қатысты тоқсан түрлі тү­сінік, көптеген келіспеушілік бар. Асабаның да естісі мен есері болатындығына куә болып жүрміз. Аузым бар екен деп айдалаға ауып ке­тетін, қызыл сөзге ұсталығын емес, жаттанды сөзге құмар екен­ді­гін байқататындары тағы бар. Қош, әңгіменің басы – беташарға қайта оралсақ. Сәлем салдырудағы ниет – бата алу. Бірақ батаға бола бет ашу рәсімін жасау бүгінгі күнге тән емес. Қазір ол – кәсіп. Үй ие­лері жасаған тізімге сүйеніп, төрт жол «тақпақты» судыратып, кемі он-он бес адамды атап шақырады. Атың аталған соң, амал жоқ – бан­каға ақша саласың. Тіпті бизнес екендігін жасырмай, «бес жүз теңге сал­ғанға бес рет, мың теңге сал­ған­ға – он рет сәлем» деп қал­жың­дай­тын болған. Әулеттегілер де кімнің қан­ша ақша салғанын мұқият қарап тұрады. «Жасылын» салғанға жүзі жылиды. Тағы бір айта кететін дүние – той туралы келісім жасасу барысында жиналған ақша кімде қалатыны шешіледі. Батыс жақтың асабалары «банканы бізге берсеңіз» дейтін көрінеді. Ондағысы көп ақша жиналатынын меңзегені бол­са керек. Расымен, еліміздің батыс аймағы жайлы біраз аңыздар өріп жүр. Оның ішінде «той дегенде қу басы домалап, астындағы тайын сойып береді» дегенге саятынын жиі құлағымыз шалады. Бәсе­ке­лесіп, беташарға кім көбірек береді де­ген бәс те болып тұратын сыңай­лы. Сыйластықтың ақшамен есеп­тел­мейтінін бір еске салсақ, артық болмас. Мұқтаж кезде қолдау біл­діру басқа да, рия үшін ел алдында байлығын көрсету – басқа. Егер той иесі ақысын жемей, бір бағаға ке­лісер болса, беташардың ақшасы үйде қалады.
Материалдық жағдайдың маңы­­зы жоғары екендігін ескер­сек, бұл салттың көпшілік алдында жасалғаны жөн-ақ. Табаққа салған ақшадан теңізге құйған тамшыдай болсын көмегіміз тисе, жақсы емес пе? Дегенмен дәл осы жерде келесі мә­селенің төбесі көрінеді. Беташар қашан жасалады? Оның той үс­тінде, қуаныш басталмас бұрын жасалуы шарт па? Бүгінде осындай жазылмаған заңдылық пайда бо­лыпты. Мұнысын той иесі қайта-қайта жұртты жиып, той жасайтын жағдайдың жоқтығымен түсінді­реді. Ауылдың үлкендерін шақы­рып, бата алу қазіргілер үшін аздық етеді. Бұл да – шындық. «Бата бәлкім, болашағымызға береке берер, бүгінгі тойдың ақысын бета­шарсыз қалай шығарамыз?» деген ой маза бермейтін секілді. Сол үшін де бір оқпен бірнеше қоянды атып түсіріп жүр. Мейлі, әркім өз жағ­дайының келгенінше жасай­тыны анық. Бізге түсініксіз жайт мынау: келін сол үйдің босағасына енгеніне қанша уақыт өтсе де, той енді жасалып жатыр. Бұған да ма­териалдық жағдай кінәлі. Бірақ олай болар болса, жұмыртқадан ақ келін деп ел-жұрт әбден танып алған соң барып, бетін ашқанның сәні неде? Той жасауға жағдайың кел­месе, тым құрығанда үлкен­дер­дің басын қосып бетін ашып алуың керек емес пе?! Салттың негізгі өзегі де осында жатыр. Табалды­рық­ты енді аттаған келінге беріл­ген тәрбие әрі танысу. Айнала­сындағының жартысы танып үлгергенде ашылған бет – тек қана әдемі әрленген макияжды көрсету жоралғысы ғана.
Бұдан кейінгі мәселе: кімге иіліп сәлем ету керек? Тойда арғы ата­дан бастап, кеше туған сә­биге дейін аты аталып, шақы­рылады. Сәйкесінше, әрқайсысы­на жеке-жеке ақша салу керек де­ген. Осы мәселеге қатысты Зей­неп Ахме­то­ваның былай дегені бар: «Бета­шарда сені бермеске қоймай, атап шақырады. Бір тойда атаны айтты, ата жоқ, атаның орнына ба­рып салдым. Сонымен біткен шы­ғар десем, Бәкеңді айтты, Ба­қытжан ағаларың үшін барып ақша салдым. Енді келіп, мақтап-мақтап келін­дердің символы деп өзімді айтты. Үшінші рет барып салдым да, біт­кен шығар десем, ауылда өтіп жат­қан тойда Алматыда жат­қан Ер­жанымды айтты. Оған да барып ақ­ша салдым. Бұдан өткен не да­рақылық бар? Сосын онда кімнің қан­ша салғанын қарап тұра­ды. Бұл өте ұят нәрсе. Содан кейін келін күйеуі­нен үлкенге ғана сәлем салады. Бізде кішкене балаға дейін сәлем салғызады. Негізінде, соны әулет иелері беташар айтатын адам­ға «айналайын, жолыңды бе­ремін, табағыңды қойма» деп ес­кертуі керек. Келінге 7 сәлем же­те­ді, бұл өзі киелі сан. Әйтпесе, он­сыз да кешігіп басталатын тойда беташар айтылып біткенше, шар­шап қаласың. Сосын асабалардың да жөнсіз кететіні бар, анекдот ай­­тып, көп мылжыңдап кетеді. Жат­­тап алғандарын айтып, сар­найды. Бұл – шеберлік емес. Не көр­сек, соны жасайтын жаман әде­тіміз бар. Мысалы, тойда келін жарты денесі ашық көйлек­пен тұрады. Бетінде бір жапырақ фата, оған неменеге беташар жа­сай­ды? Онсыз да оның жарты де­не­сі ашық қой. Бетін ашқаннан кейін қара­саң, қайынатасы келін­нің жалаңаш денесін ұстап билеп жүреді. Намыс қайда?!»

Жадыра АҚҚАЙЫР

Айқын.кз

date11.08.2017readCount762printБасып шығару