Адамзатты улаған дерт

Сан ғасыр өтсе де адам баласы көкіреген кеулеген дерттен, өкпеге баратын у, түтіннен арыла алмай келеді. «Темекі  – зиян» деп қанша ұрандасақ та, тірлігіміз әлі де нәтиже берер емес. Адамзатты улаған дерт қазір «баяу жарылатын бомба» деген атқа ие болса да, түтінге деген тәуелділіктің арыла қойған жоқпыз.

Жыл сайын әлем жұртшылығы 31 мамырда Дүниежүзілік темекімен күрес күнін атап өтеді. Әртүрлі шаралар өткізеді. Түтіннің зияндығы туралы дәрістер оқылады. Бірақ біз бәрібір темекі шегеміз. Салауатты өмір салтын насихаттауды дағдыға айналдыра алмай келеміз. Мұның себебі неде? Әрине, мәселеге мән бермеушілік және немқұрайлықтан туындап жатқан нәрсе. Әйтпесе қазіргі уақытта темекіге қарсы күрес Қазақстанда барынша жүзеге асырылып жатыр. Парламент арнайы заң қабылдады, Үкіметтің де арнаулы қаулысы бар. Барлық темекі қораптары адам баласының денсаулығына темекінің зиян келтіретіні туралы құбыжық, қорқынышты суреттермен шыға бастады. Темекінің акциздік салығы артты. Қазір арзан шылым жоқ. Бірақ біз әлі күнге дейін темекіге тәуелділікті қоя алмай келеміз. Шылым зор шығын әкелетінін білсек те, оның зияндылығын шынайы түсіну қиын болып тұр. Қазіргі қорапшаларда темекінің зардабынан болатын обыр және өкпе эмфиземасы, миокард инфаркті, қол-аяқ гангренасы, белсіздік және бедеулік аурулары, жүкті әйелдердің түсік тастау қаупі туралы адамның үрейін алатын суреттер бар. Бірақ бұл құбыжық суреттер қазіргі уақытта қаншалықты бізді ойланта алады? Бұл мәселе осы күнге дейін көкейдегі мәселе болып тұр. Мұндай қорқынышты суреттер әрине, белгілі бір дәрежеде адам баласының шылым шегуіне тоқтау сала алар. Бірақ мәселе адам санасының тазалығында тұр ғой.

Жалпы шылымның қоғамның шырайын бұзатындығы туралы әңгіме бүгін ғана айтылып отырған жоқ. Он тоғызыншы ғасырда өмір сүрген Шораяқтың Омары  «Денсаулыққа зор кесел, Үйрете көрме ауызды, Насыбай менен шылымға»,  деп жырлап өткен. Негізі адамзатқа зиян әкелетін нәрселердің барлығын Еуропаға теліп жатамыз ғой. Сол «қарт құрлықтың» тұрғындары ХҮІ ғасырға дейін шылымның не екенін білмеген. Тарихшылардың айтуына қарағанда, оны атақты саяхатшы Христофор Колум Америка құрлығынан әкелген деген дерек бар. Бірақ біраз уақытқа дейін Еуропаның билігі мұның аса зиян екендігін ескере отырып, құрлықта шылым тартуға тыйым салған.  Константинопольде темекі шеккен адамдарға дүре соғылған, темекі сатқан кейбір адамдарды отқа жаққан деген үрейлі дерек бар. Шылымға қарсы қаншама рет тоқтаусыз күрес жүргізілсе де, бәрібір адам баласы улы түтінге құштарлығын қоя алмай келеді.

Қазақстанда да қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салынған. Егер ондай жерде шылым шегілсе, айыппұл төлейсің. Бірақ аз. Мүмкін оның көлемін әлі де көбейту керек шығар. Шығынға ұшыраған адам сонда барып, ойланар дейсің. Бірақ мәселені бұлай шеше алмайтынымыз да ақиқат.

Жалпы шетелде кез келген жерде темекі шеге беруге болмайды. Егер қоғамдық орындарда шылым тартқан  болсаңыз, Ұлыбританияда – 2500 фунт стерлинг,Францияда – 68 евро, Швецияда -100 евро, Германияда – 25-250 евро, АҚШ-та – 25-100 доллар, Жапонияда -1000 иен төлеуге мәжбүр боласың. Тіпті бірнеше айға түрмеге түсіретін елдер де бар. Ақиқатында, елде заң қатал болып,  ол сөзсіз орындалатын болса, кез келген адам оған көнеді. Мәселе, заңның жүйелі түрде жүзеге аспайтынында, нақты орындалмайтынында болып тұр ғой. Бұл Қазақстанға қатысты.

Шын мәніне келсек, шылымның да қазір сан түрі шықты. Электронды сигареттің зияны туралы да талай жазылды. Бірақ түтіннен «кайф» алатындардың аңсары әлі басылған жоқ.

Дерекке жүгінер болсақ, әлем бойынша бүгінгі таңда темекі шегуден алғашқы бестікті Қытай, Ресей, АҚШ, Индонезия, Үндістан елдері бермей тұр. Қытайда жыл сайын шылымның зардабынан 1,8 миллион адам көз жұмады. Ал қалған төрттіккке тұрған елдерде «көкірегі түтінге булыққан» 200-800 мың адам қайтыс болады.

Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының деректеріне көз салсақ. адамдардың темекі түтінінен қайтыс болуы гипортония ауруларынын кейінгі орында тұр екен. 2016 жылы жер бетіндегі 6,4 миллион адам шылымның кесірінен өмірден қош айтысқан. Ал оның жартысына жуығы  Ресей, АҚШ, Үндістан мен Қытай елдеріне тиесілі екен.  Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының мамандары әлемнің 195 елі мен бірқатар аймақтарында зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1990-2016 жылдар аралығында әлем бойынша темекі шегетін еркектер саны 28 пайызға кеміген, ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш 38 пайызға төмендеген. Бірақ деректер осылай болса да, жастар арасында темекіге құмарлық барған сайын өсіп келеді. 1990 жылы 870 миллион адам шылым шексе, 2015 жылы бұл көрсеткіш әлем бойынша 1.3 миллиард адамға жетіп отыр. Қазіргі кезде жер бетіндегі әрбір төртінші еркек, әрбір жиырмасыншы әйел темекі шегеді. Нәзік жандылардың түтінге құмарлығының артуы адамзатты алаңдатпай қоймайды. Жас ұрпақтың саулығы бізге қымбат. Бірақ жағдай біз ойлағандай болмай тұр ғой.

Бүгінгі күнде Қытайда – 254 миллион, Үндістанда – 90 миллион, Индонезияда – 25 миллион еркек темекі шегеді. Ал АҚШ-та  – 17 миллион, Қытайда – 14 миллион, Үндістанда- 13,5 миллион әйел шылымқұмарлығын қоя алмай жүр. Ал Лаос мемлекеті, Мариан аралы мен Армения еліндегі ерлердің жартысына жуығы көк түтінге әуес. Гренландияда әйелдердің  44, Болгария, Греция, Черногория, Хорватия мен Македонияда нәзік жандылардың  25-28 пайызы темекісіз өмір сүре алмайды екен.

Бірақ айналып келгенде, барлығы адамдардың санасы мен жеке шешім қабылдауына байланысты. Сонымен қатар, мемлекет жүргізіп отырған бағдарламаларға да қатысты екені сөзсіз. Мысалы,  соңғы 25 жылда темекіге қарсы қатаң жүргізілген күрестің нәтижесінде Бразиялияда  ерлер арасында шылымқұмарлық 29 пайызға азайған. Әйелдер арасында 19 пайызға төмендеген. Әрине мұның барлығы да ең алдымен салауатты өмір салтын насихаттау, темекі бұйымдарына жоғары акциз салу мен жарнаманы азайтудың нәтижесінде орын алып отыр. Бірақ ең басты нәрсе, арақ пен темекіге қарсы күрес  отбасылық тәрбиеден бастау алуы керек екенін ұмытып кете береміз.

Жақында Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымының ресми өкілі Мелита Вуйнович «темекі өнімдерін тұтынатын ресейлік 12 миллион адамның денсаулығына қауіп төніп тұр. Олар уақытынан бұрын өмірден қош айтысуы мүмкін» деп мәлімдеді. Ресейде қазір халықтың 45 миллионы темекі шегетінін ескерсек, бұл шын мәнінде алаңдайтын мәселе. Ал әлемде жыл сайын 6 миллионға жуық адам темекінің зардабынан қайтыс болады, бұл СПИД, туберкулез ауруларынан да көп. Темекі түтіні адам ағзасына ғана емес, айналадағы қоршаған ортаға да аса ауыр зиянын тигізуде. Бүкіләлемдік Денсаулық ұйымының мамандары темекі бұйымдарының құрамында 7 мың токсикалық химиялық заттар бар екенін дәлелдеп шықты. Сондықтан олар «қазіргі уақытта әлемнің барлық билік басшылары мен үкіметі темекіге қарсы бүкілғаламдық күрес жүргізуі тиіс»   деп санайды.

Мамандар зерттеген мына бір дерек те назар аудартпай қоймайды.  Әлемде жоғары білім алған азаматтардың темекіге құмарлығы тым төмен екен. Бұл көрсеткіш шамамен 10-22 пайыз аралығында ғана көрінеді. Ал  сауаты аз, оқымаған  азаматтардың арасында бұл деңгей өте жоғары. Мұндай жандардың 65-84 пайызы шылымды көп шегетін көрінеді. Дәрігерлер темекі тартатын адамдар қатерлі ісік ауруы, жүрек- қан  тамырлары жүйесі, ас қорыту мен тыныс алу органдары сырқатына жиі ұшырайтынын дәлелдеп отыр. Әлемдегі қатерлі ісік аурыуына шалдыққан азаматтардың 98, 96 пайызы өмірінде бес жылдан артық темекі шеккендер болып шыққан. Қазір әлемде темекенің зардабынан әрбір 6 секунд сайын бір адам өмірмен қоштасады. Өйткені планетамыздағы 1,3 милиард адам бүгінде темекіге әуес.

American Cancer Society агенттігінің зерттеуіне қарағанда, темекі индустриясы әлемдік экономикаға жыл сайын 500 миллиард шығын әкеледі екен. Адамдардың темекінің зардабынан қайтыс болуы, жұмысқа қабілетсіз жандардың көбеюі, сонымен қатар темекі өсіретін алқаптың көлемінің артуы жақсы нәтижеге жетелеп отырған жоқ. 1960  жылдардан бері дамушы кедей елдерде темекі өндірісі үш есеге артты, ал алпауыт елдерде бұл деңгей керісінше, екі есеге төмендеді. Бірақ шылымқұмарлық әлі де азаймай отыр.

Бір ғана мысал, екінші дүниежүзілік соғыс бес жылдың ішінде 50 миллион адамның өмірін қиды. Ал темекі өндірісі мен оны тұтынудың салдарынан жыл сайын әлемде 6 миллион адам қайтыс болады. Ал Қазақстанда ше?…

Бізде де жағдай алаңдатарлықтай. Жыл сайын темекінің салдарынан 25 мың адам көз жұмады. Бүгінгі таңда Қазақстандағы халықтың 4 миллион 200 мыңы шылым шегеді екен. Бұл көрсеткіш соңғы 15 жылмен салыстырғанда 4 пайызға артқан. Ең бір қиыны, соңғы жылдары әйелдер арасында шылымқұмарлар көбейді. Бұл зиян үрдісті қалай тоқтатамыз?  Қазір  қорапшаның сыртында темекінің зардабынан пайда болатын құбыжық суреттер қоса беріледі. Сонымен қоса оның зияндылығы жайлы шынайы ақпарат жазылады. Үкіметтің де бірнеше қаулысы бар. Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып осылай темекіге қарсы күресті ашық жүргізу ісін қолға алды. Егер шын мәнінде бұл қадам нәтижесін беретін болса, мамандардың айтуынша, алдағы уақытта 1 миллион қазақстандық темекі тартудан бас тартады екен.

…Лайым, солай болғай!

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

Айқын.кз

date11.08.2017readCount1031printБасып шығару