Табиғатта да тіл бар...

Иә, табиғаттың да тілі бар. Табиғаттағы әрбір құбылыс - кездейсоқтық емес, белгілі бір себеп-салдармен тығыз байланысы бар заңдылық. Тыңдай білген адамға табиғаттың да айтары бар. Нанбасаңыз, Құранның мына аятына зер салып көріңіз:

«Жеті аспан мен жер және онда болғандар Алланы барлық кемшіліктен пәк деп дәріптейді. Оны мақтап, пәк деп дәріптемейтін ешбір нәрсе жоқ. Бірақ, сендер олардың дәріптеулерін түсінбейсіңдер...[1]».

Иә, әрбір жаратылыс өзіне тән тілмен Жаратушыны ұлықтап-мадақтайды. Әрі адамзатқа сүйінші хабарымен қоса кейде ескертуді де жолдайды. Табиғаттағы әрбір тіршілікке өзіне тән тіл берілген. Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбардың құмырсқамен, құспен һәм басқа да тіршілік атауымен тілдесуі – Құранда баяндалған хикая. Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбардың «... Әй, адамдар! Бізге құстардың тілі үйретілді әрі бізге әрбір нәрседен берілді...[2]», - деген сөзі соның үлкен айғағы. Зоология мен ботаника ғылымының мамандары да зерттей келе жануарлар мен жәндіктер һәм өсімдіктер толқындар және дыбыстар арқылы ұғысатындықтарын ашып жатыр.

Құрандағы қиссаларда Жаратушыға қарсы шыққан қауымдарды жойқын жел, тасты боран және жаңбыр жіберу арқылы жермен-жексен еткендігі баяндалған аяттарды кездестіруге болады. Кезінде ұзақ құрғақшылық маусымынан кейін қара бұлт үйіріліп келе жатса керек, көптен бері жауын-шашын күткен жұрт қуанып жатса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ең әуелі бұлтпен бірге келетін дауыл мен желдің жамандығынан сақта деп дұға етеді екен. Бұл жайлы, мұсылмандар анасы Айша (р.а.) былай дейді:  «Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) аспаннан бір нышан байқаса, ары-бері жүріп, үйге біресе кіріп, біресе шығып, жүзі өзгеріп кететін, аспаннан жаңбыр жауған соң жүзінен қуаныштың белгісі көрінетін. Осы жайтты айтқанымда, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Қайдан білейін, мүмкін ол жаңбыр бір қауымның «Олар оны алқаптарына қарай (бұлт секілді) жайылып келе жатқанын көрген кезде: «Мына бұлт бізге жаңбыр әкеледі», - деді. «Олай емес! Ол өздерің тез болуын сұрағандарың – ішінде күйзелтуші азабы бар жел[3]», - деп Құранда айтылғанындай болар», - деп жауап берген екен[4]».

Фұрқан сүресінде: «Әрі ол мүшріктер пәлекет жаңбыры жаудырылған мекеннің қасынан өтетін еді. Сонда олар көрмеді ме оны?...[5]», - деп баяндайды. Бұл Лұт пайғамбар (ғ.с.) жіберілген Садум қаласы еді. Ал, жаман жауын дегені – тас еді[6]. Аспаннан тас жаңбырша жауып қаланы түгелдей жермен жексен еткен.

Тәңірдің қаһары төнуінен хабар берген табиғаттың мұндай тосын ескертулерін қазір де байқауға болады. Оған мысал, осы мамыр айында Өскеменде, шілденің шіліңгір ыстығында Оралда ірілі-ұсақты бұршақтардың жаууы. Ізінен ілесе, 17 шілде күні Семейдің Қалбатай ауылында жаңбыр аралас қара құйын ұйытқып, күндізгі уақытта бір пәсте төңіректі қараңғылық қаптап, түн болып шыға келуі. Терең түсіне білген жанға мұның бәрі тегін емес, әлденеден хабар беріп тұрғандай. Расында, адам баласы айналасына ақыл көзімен зер салса, болып жатқан барлық жайттардың себеп-салдары, оның қоғаммен, әрбір адамның пиғыл-ниетімен байланысы барын ұғынар еді. Соның ішінде, бүгінде адамзаттың жақсыны жаманнан ажыратпай, зина, жемқорлық,  ұрлық-қарлық, адам өлтіру сынды азғын әрекеттерге баруы, теріс қылыққа бой үйретіп, күнә жасауда шектен тыс шығуы тікелей әсер етуде. Бұл жайында Құранның мына бір аятында: «Ал, сендерге келген қайғы, қиыншылық қолдарыңның істегендері себебінен, әрі Ол Алла көбін кешіріп жібереді[7]», - деп келеді.

Немесе тағы бір аятта Алла былай деп ескертеді: «Адамдардың қолекі істегендерінің кейбірінің сазайын татыру үшін құрылықта әрі теңізде бұзықтық шықты. Мүмкін олар, бағыттарынан қайтар»[8].

Бұдан жер бетінде болып жатқан жақсы да жаман оқиғаларға барша адамзат жауапты деген қорытынды шығады. Ендеше, табиғаттың ескертуіне де құлақ түре білу керек.

Ардақты Алла елшісінің (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) жұбайы Айша анамыз (р.а.): «Жел тұрса, Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын):

اللَّهُمَّ إِنِّى أَسْأَلُكَ خَيْرَهَا وَخَيْرَ مَا فِيهَا وَخَيْرَ مَا أُرْسِلَتْ بِهِ وَأَعُوذُ بِكَ مِنْ شَرِّهَا وَشَرِّ مَا فِيهَا وَشَرِّ مَا أُرْسِلَتْ بِهِ
«Уа, Алла! Сенен бұл желдің жақсылығын, жел ішіндегі жақсылықты және онымен бірге келетін құбылыстың жақсылығын сұраймын. Сенен бұл желдің жамандығынан, жел ішіндегі жамандығынан және онымен бірге келетін құбылыстың жамандығынан пана сұраймын[9]», - деп дұға жасаушы еді», - деген екен.

Дұғада болайық және жақсылықпен дос болайықшы. 

 

[1] Исра сүресі, 44-аят

[2] Нәмл сүресі, 16-аят

[3] «Ахқаф» сүресі, 24-аят

[4] Бұхари

[5] «Фұрқан» сүресі, 40-аят

[6]Тафсир Табари

[7] «Шура» сүресі, 30-аят

[8] «Рум» сүресі, 41-аят

[9] Муслим

date15.08.2017readCount621printБасып шығару