Жастардың құқықтық-діни сауатын арттыру мәселесі
Еліміздің ата заңында ар-ождан бастандығы туралы, дінге және діни нанымға байланысты кемсітуге болмайтындығы, сондай-ақ қандай дін болмасын, азаматтардың ерекшеліктеріне қарамастан тең құқылы екендігі жазылған. Дегенмен, соңғы бірнеше жылда қалыптасқан еліміздегі діни ахуал заңдық жағынан болсын, діни сауаттылық тұрғысынан болсын біраз шраларды қабылдау керектігін дәлелдеді деуге болады. Осы орайда жастардың құқықтық және діни сауаттылығын жетілдіру бағытында әлі де атқарылар шаралар көп. Олай болатыны, қазіргі дәстүрлі емес деп атап жүрген діни ағымдардың негізгі назары жастарға бағытталып, олардың қатарын көбінесе жастар толтырып отыр.
 
Қазақстандағы қазіргі діни ахуал күрделі әрі сан-салалы. Сөзіміздің дәйекті болуы үшін соңғы кездердегі деректерге назар аудара кетсек, 1989 жылғы 1 қаңтарда 30 конфессияға тиесілі 700-ге жуық діни бірлестіктер болса, 2003 жылдың 1 қаңтарында 3206 діни бірлестіктер жұмыс істеген. 2012 жылғы қайта тіркеу шарасынан бұрын еліміздегі тіркелген ұйымдардың саны 4551-ге жеткені белгілі[1].
 
Қазір олардың қайта тіркуден өткендерінің саны үш мыңнан астам. Мұның өзі аз емес. Әсіресе дәстүрлі емес, тоталитарлық және десструктивті секталар мен радикальды діни ағымдардың кейбірі тіркелуді қажет деп таппайтындықтан, олардан зардап шеккендерді анықтау немесе оларды жауапқа тарту барынша қиын. Ең басты алаңдатушылық тудыратын мәселе діни ұйымдар мен олардың іліміне сенушілердің күн санап өсуінде болып отыр.
 
Миссионерлік ұйымдардың шоқындыру саясаты, Африка және Азия халықтары арасында қарқындап, мақсатты түрде жүргізіліп отыр. Миссионерлік ұйымдарға бірқатар елдердің мемлекеттік құрылымдары, қайырымдылық қорлары, үкіметтік емес ұйымдар, қаржылық топтар материалдық және моральдық тұрғыдан көмектесіп, ортақтаса жұмыс жасайды. Миссионерлер баратын ел халқының дінін, тарихын, әдет-ғұрпын, ділі мен психологиясын зерттеп біліп барады.
 
Көптеген миссионерлер жергілікті халық басым елді мекендерде тұрып, сол халықтың тілін, әдет-ғұрпын, мінез-құлықтарын өз қызметтерін табысты атқару үшін жетерліктей деңгейде зерттеп, үйренеді. Елімізде протестанттық және неопротестанттық шіркеулердің миссионерлік қызметтері халқымыздың діни бірлігі мен ынтымақты өміріне кері әсерін тигізе бастады деуге болады. Мұның себебі, бір ұлт өкілдерінің әртүрлі діни нанымда болуы ұлттық тұтастықты, тіпті бара-бара елдік тұтастықты сақтауға оразан зор қауіп төндіреді.
 
Дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері, яғни миссионерлер өздерінің нанымдарын таратуда әртүрлі әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Негізінен заң аясында тіркеліп, жария түрде жұмыс атқарған сияқты көрінгенімен, астарлы түрде көптеген жұмыстарды атқарады. Оған қазіргі тіл үйрету курстарының, қайырымдылық қорларының көбейіп кетуі, сол арқылы өздеріне жақтастарды тауып жатқандығы куә.
 
Сонымен қатар, заман талабына сай оқу орындарын құру, сол арқылы өздері қалаған мамандар мен адамдарды даярлап шығу да миссионерлердің батыл қолданатын тәсілі болып табылады. Яғни, Қазақстан территориясында да жеке оқу орындарының қатарында осы мақсатта жұмыс істеп жатқардары баршылық[2].
 
Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарын, соның ішінде діни мағыналы газет-журналдар шығару да қазіргі дәстүрлі емес діни ағымдар жиі пайдаланатын тәсіл.
 
Жалпы Орталық Азияда, соның ішінде Қазақстанда діни ағымдардың еркін таралуы мен олардың қатарының күн санап өсуінде халықтың, әсіресе жастардың құқықтық және діни сауатының төмендігі үлкен ықпалын тигізіп отыр деуге болады [3]. Дінге, қапарайым тілмен айтқанда имандылыққа бет бұрған жас, тек болашақтағы өзі күткен «рухани тыныштықты» ғана емес елдің, отбасының мүддесін көздейтінте діни сауаттылыққа, егер қате шешім қабылдаған жағдайда кімдердің қатарына қосылып, қалай зардап шегетіндігін түсінетіндей құқықтық сауаттылыққа ие болғанда ғана аталмыш мәселенің алдын белгілі бір мөлшерде алуға болады.
 
Олай болмаған жағдайда, бір-бірін имансыздықпен кінәлап, әке-шеше мен баланың арасындағы түсінбеушілік, тіпті ерлі-зайыптылардың діни көзқарастарының қайшылығынан отбасы дағдарысы орын алу жағдайы арта бермеу. Сонымен қатар, осындай зиянды ағымдардан зардап шеккен адамдарды сауықтыратын орталықтарға түсетін шағымдар да күн санап артып келе жатыр.
 
Қазақстан Республикасының Конституциясында ождан бостандығы мен діни бостандықтың қағидаттары, әртүрлі конфессияларға жататын азаматтардың өздерінің діни бірлестіктерін құрудағы тең құқылығы, мемлекеттің шіркеуден бөлінгендігі туралы қағидаттар бекітілген. Сондай-ақ діннің және діни бірлестіктердің әлеуметтік қызметтерін реттеудің халықаралық тәжірибелеріне негізделген өзге де бірқатар нормативтік-құқықтық негіздер бар. Соған қарамастан, діннің мәртебесі, оның қоғам өміріндегі шынайы жағдайы мен рөлі, яғни діннің қоғамның әлеуметтік-саяси, рухани салаларына тигізер әсерінің мәртебесі, кеңістігі және шекаралары қазірге дейін дәл анықталмаған. Осындай белгісіздік, әсіресе оның теріс салдары еліміздегі қазіргі діни жағдайда орын алған жаңа үрдістерге байланысты анық та айқын аңғарылуда. Бұл, әрине, әсіресе дін мен діни сананың күдік туғызатын діни-рухани нормалары мен догмаларына негізделген жаңа діни ағымдар мен бағыттардың пайда болуына байланысты. Мұндай әсірешіл нышандар діни фундаментализм мен діни экстремизм ретінде көрініс табуы мүмкін.
 
Қортындылай келгенде, дәстүрлі емес діни ағымдардың таралу жолдары; алдымен белгілі бір тұлғаның дәстүрлі ағымдардың таралуында қолдау көрсетуі болып табылады. Яғни, олар өздерін құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау мақсатында танымал, беделді адамдармен тығыз жұмыс атқаруға барын салады. Екіншіден басқа мемлекеттердің мүддесі тұрғысынан әрекет жасайды. Бұл діни ұйымдардың Қазақстанда таралуына кейбір шет мемлекеттерде өздерін мойындатқан немесе идеологиясына сай келетіндіктен үкіметтік деңгейде таралу қолдауына ие болады. Үшіншіден олардың қаржылық мәселелері жөнінде болып отыр. Дәстүрлі емес діни ұйымдардың екі қыры бар: бірі коммерциялық, екіншісі идеологиялық. Олар тек діни ағым ретінде ғана емес, инвестор немесе бизнес өкілі ретінде де еркін жұмыс істейді. Ал бұған қарсы тұру үшін жеке тұлғаның құқықтық және діни сауаты маңызды рөл атқарады. Ал жастардың құқықтық және діни сауатын арттыру, жүйелі шаралар өткізу, діни ағартушылық бағдарламалар ұсыну, орта және жоғары білім беру саласында аталмыш олқылықтың орнын толтыру үшін жасалып жатқан шараларды одан әрі жетілдіру міндеті тұр.
 
Тышхан Кеңшілік,
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының доценті қ.а. филос. ғ.к.
 
[1] Шәпиев Б. Діни бірлестіктер іс-әрекеттерінің бағыттары. Әдістемелік құрал. – Алматы, 2009. – 5 б.
[2] Абдуррахман К., Түмер Г. Діндер тарихы. –Анкара: 1997. – 411 б.
[3] Жастардің көзқарасы тұрғысынан Түркі әлемінің діни мәселелері// Форум материалдары/ - Анкара: 1998. 24-25 бб.
date04.09.2017readCount298printБасып шығару