Балаңыз жүзе ала ма?

Жүзу Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзі жүзуді бала кезінде Мәдина қаласына анасымен барғанда үйренген. Хадистерінде басқа спорт түрлерімен қатар жүзуді үйренуді үмбетіне насихаттаған. Сондықтан одан кейінгі дәуірлерде мұсылмандар балаларын тәрбиешілерге табыстағанда оларға оқу-жазумен қатар жүзуді де үйретуді міндеттеген екен.

Шын мәнінде дене шынықтырудың ең тамаша құралдарының бірі су болып табылады. Өсіп келе жатқан жас буынның денесіне судың және малтыған кездегі қимыл-қозғалыстың пайдасы айтарлықтай. Кішкентай кезінен суда малтып өскен баланың денсаулығы мықты, дене бітімі шымыр, күшті, мінезі өткір, табанды болып келеді. Судың жүрек, қан тамырына, жүйке жүйесіне, буындарға, тыныс алу жолдарына, денедегі зат алмасуға әсері мол. Жүзу арқылы ағзаны жақсы шынықтыруға, суықтан туындайтын түрлі ауруларға және инфекциялық ауруларға (тұмау, ангина, ревматизм және т.б.) төзімділік сияқты қасиеттерді арттыруға болады.

Суға жай сүңгіп шыққанның өзі денені әжептеуір сергітіп тастайды. Ал жүзген кезде дененің барлық мүшесіне, жүйкеге салмақ түсіп, айтарлықтай әсер етеді. Физиологтар суда малтуды «тыныс алу гимнастикасы» деп атаған. Су бетіндегі ұсақ иондар тыныс жолдары арқылы денеге еніп, өкпе, жүрек сияқты органдардың атқаратын жұмысын жеңілдетеді. Балалардың арқа, бел, омыртқа жотасы қисайып кеткенде не күдіс жауырын, еңкіш болғанда, суда жүзу теңдесі жоқ емдеу әдісі болып табылады. Себебі, жүзу барысында бұлшық еттердің бәрі де қимылдайды.

Көптеген ата-ананың көңілінде: «Баланы жүзуге неше жастан бастап үйрету керек?» деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға, бала жүзуді неғұрлым ертерек бастаса, соғұрлым денсаулығына пайдалы деп жауап беруге болады.

date06.09.2017readCount854printБасып шығару