Балаңызға бұлай айтпаңыз!

Көп жағдайда баламыздың қабілетін ашудың орнына, оларды тыйып тастаймыз, жетілмей қалуына біз өзіміз себепші боламыз. Қырықтан асқан келіншек маған бала күніндегі анасының тыйымы туралы айтып берді. Анасы су жаңа көйлек әперіп, аулаға ойнауға жібереді. Далаға шығармас бұрын, «егер көйлекті бұлғасаң – мен сені өлтірем!» деген екен. Қыз далаға шыққанда ойнауға қорқады. «Үстім бүлініп қала ма» деп біраз сүмірейіп жүреді. Сосын тыйым есінен шығып кетіп, асыр салып ойнап кетеді. Ойнап жүріп біреу оны артынан итеріп қалады. Қыз жерге құлайды. Тұрса, көйлегінің етегін басып қалған екен, жиегі жыртылған, үсті шаң-шаң. Жыртылған, кір-кір көйлегін көріп қыздың есіне анасының ескертпесі түседі. Шешем мені өлтіреді деп ойлайды. Өз-өзін тоқтата алмай өксіп жылайды. Баласын ойнатып жүрген басқа аналар оны жұбатады. Бірақ қыз жұбанбайды. «Анам өлтіреді» деген ойдан есі шығады.

Бала жүректің қандай соққы алғанын түсіне аласыз ба? Анасы оны өлтіріп қояды деген үрей баланың санасына өшпес із қалдырды. Оның қарым-қабілетін шектеді. Ой-өрісін тарылтты. Қорқыныш септі. Мәңгілік қорқыныш. Жалтақтық.

Басқа аналар қыздың неден жылағанын білген соң, бір ана үйіне апарып көйлекті жуып береді. Кептіріп, үтіктеп, жақын маңдағы тігін ательесіне апарып жыртылған жерін әдемілеп тіктіреді. Сонда ғана барып қыздың көз жасы тыйылады.

Бұл жағдайды не үшін айтып отырмын? Біз ата-аналар – бала үшін үлкен рөл ойнаймыз. Біз олар үшін бүкіл әлембіз. Біздің пікіріміз, бағалауымыз олар үшін аса маңызды. Олар бізге қалтқысыз сенеді. Біз не айтсақ та олар үшін ақиқат. Ал, кейде тіпті үкім болып естіледі. Әсіресе, осалдығы туралы тым жиі айта берсек. «Мынаны істей алмайсың, сенің осындай екенің бесенеден белгілі» деу – зор ағаттық. Біз олардың қабілетіне диагноз қоюшымыз! Олар сол пікірдің аясында дамиды, жетіледі. Өйткені, сенеді. Мүлтіксіз сенеді. «Өлең жаттай алмайсың. Сенің жадың нашар» деуіңіз оны осы жерде тоқтатып қояды. Арғы беттегі кеңістікке есік жабылады. Осыны есіңізден шығармасаңыз екен. 

Ал, ата-аналар ойсыз, санасыз түрде баласына сан алуан дүмше диагноздарды қойып жатады. Көрген сайын таң қаламын. Бала сол диагнозды дәлелдеп шығатынын ескермейді.

Кері пікір айтқаннан балаңыз жақсы боп кетпейді. Осыны ұмытпағайсыз. Қайта сіздің арқаңызда жадысы нашар екенін біліп алды. Білмесе, байқамас еді. Жетіліп кетер еді. 

Өз баламыздың дамуын өзіміз осылай тежейміз. Кері диагноз қойып, дертті етеміз. Немеремнің сурет сала алмағанын көріп, үнемі таң қалатынмын. Оның жасындағы балалар тәп-тәуір заттың сұлбасын келтіруге кеп қалды. Бұл әлі шимайдан аспады. Бірақ мен де, ата-анасы да жаман демедік. Шамамен миының бір қыртысы кешеуілдеп жетіліп келеді деп топшыладым. Біраз уақыттан кейін әлгі шимайлары өзгерді. Нүктелері созылды, кесінді болды. Масштаб пайда болды. Кейін адамның бетін сала бастады. Сөйтіп суретке қабілеті ашылды.

Ересек адамдарға сурет сал десең, бәрі сала алмаймын дейді. Бұл да олардың ата-аналарының қойған диагноздан шыға алмауын көрсетеді. Салып көрген де жоқ қой? 

Кейде ата-ананың осындай кері диагнозы баланың тағдырын тығырыққа тіреп жатады. Біздің пікіріміз, олардың қарым-қабілетін бағалауымыз өзіміздің ойлау деңгейіміздің тым төмендігін ғана көрсетеді. «Не бүлдірдің?» деген бір қарағанда бейкүнә сұрағымыз олар үшін жүректі дүрсілдетер үрей болып тұрады. Жаманаттан хабар береді. Өзіміз қаламасақ та баланы жайдақтыққа солай тәрбиелеп аламыз. Сол мінезді кейін өзгерту өте қиын. Кейде осындай қаталдық баланың өз-өзіне қол салуына апарады. Өкінішті. Бала өзінің жаман екендігін көтере алмай қалуы мүмкін. Ата-ана сот емес. Үкім шығармауы тиіс. Ата-ана мейірім шуағы. Соны ұмытпайықшы!

Сен өскенде де ешкім болмайсың! Осындайды естіп өскен бала, осы тар шеңберден шыға алмай әлектенеді. Себепті іштен де, сырттан да іздеп, таба алмайды. Бәрі бала күнгі табыттай суық сөздердің кесірі.

Сәтсіздікке ұшыраған адамның өткенінде осындай диагноздың болғанын шамалау қиын емес. Сондықтан балаңыз сізден жаман пікір, төмен ойды естімеуі керек. Оның өмірінің сценариін сіз жазып жатырсыз. Оның жарқын болашағына жақсы лепестерді көбірек арнаңыз! Жақсы сөз – жарым ырыс!

Бала күнінен қиындықтың уақытша, бәрі өзгеретінін білдіріңіз, өзіне сенім беріп, демеп отырыңыз. Қанаты қатайғанша, тек ізгіліктің жетегінде жүруіне көңіл бөліңіз. Қазір әлі бала екенін, өскен соң мықты бола түсетініне, бәріне қол жеткізе алатынына сендіріңіз. Осыны жиі айтыңыз. Өйткені, сіздің балаңыз сізге қатты сенеді. Тіпті, бірдеңе бүлдірген кезде де ашуланбай, ой таразысына салуға тырысыңыз. Балаңыз бір қателікке бола адамдығынан айырылып қалмасын, абайлаңыз! Қолдасаңыз, олар соны өмір-бақи ұмытпайды. Адамның адамгершілігі бірінші орында болатынын ешқашан жадынан шығармайды.

Сол үшін балаға өзінің жасаған әрекетінің мән-мәнісін түсіндіріп отыру керек. Сонда себеп пен салдарды түсіну оңайлау болмақ. Ол үшін мейірімді болу керек. Балаға балаға қарағандай қараңыз, қылмыскерді жазалағандай түр танытпаңыз.

Түсіндіру жұмыстары қоқан-лоққысыз, жазалаусыз өтсін. Бала жақсылыққа сенімін жоғалтып алмасын. Кім болмасын кез келген уақытта өзгере алатындығын айтып беріңіз. Жақсы адам болуға ұмтылу – шынайы махаббатты көрсетудің шын қадамы!

Бала тістеп ойнаса, жақында өсетінін, тістегенді қойып кетесің деңіз. Бала күнінде бәрі тістелегенді жақсы көреді, есейген соң доғарады. Бөтен адамның затын алса, кішкентай болған соң сөйтесің деңіз, бірақ өскенде бәрі басқаша болады. Кейін тек рұқсатпен ғана алуға болатынын түсінетін жасқа жетесің деңіз. Сонда ғана ол өскенде шыншыл болуды үйренеді. Бала басқа баламен төбелесті делік. Ол өзінің менін қорғады. Ол үшін ұрыспаңыз. Өсе келе адамның менін тек төбелеспен ғана қорғамайтынын өзі де түсінеді. Төбелесудің орнына келісуге болатынын көреді. Кейін өзіне дос таңдауды үйренеді. Төбелеспейтін дос табады. Үлкендерге сөз қайтарса, есейген соң өзгелерге тіл тигізудің жақсы емесін түсінеді. Адам есейген сайын санасы жетіле түседі. Сіз тек оған жарқын мысал бола біліңіз!

Балаңыз қарапайым адам екенін түсінуі керек. Қалай бар, солай бар. Тек кей нәрсені әлі үйренбеді. Кей жерде ойланбай істеді. Бірақ барлық қателікті түзеудің мүмкіндігі бар. Ол осыны түсініп өсуі керек. Бәрі де өзгеретінін түсіндіруіміз қажет. Ұялшақтығы басылатынын, екілікті бестікпен жеңетінін, жауапсыз махаббаттың орнына басқасы келетінін білдіріңіз. Өмір тоқтап қалмайды. Өмір жалғаса береді. Сенің кеудеңдегі жүрегің соғып тұрғанда, бәрін өзгерте аласың деңіз...

Сондықтан мына біздер, ересектер, өзіміздің бала күнімізді ұмытпауымыз керек. Балаларымызға оларды түсінетінімізді айтайық. Бізде біреуді алдағанымызды, екілік алғанымызды, бүлдіргенімізді мойындайық. Біз баламыз үшін келешегі бар адам екенімізді көрсетуіміз керек. Бала күнің туралы балаңа айтып берудің маңызы осында. 
Қарамай кеткен қызыңды, сол үшін қанша қиналғаныңды, бірақ уақыт өте келе тек естелік боп қалғанын айтыңыз. Бірінші рет емтихан тапсырғандағы қобалжығаныңызды. Достарыңызбен ұрыс-керістерді. Сосын қалай татуласқаныңызды.

Әр нәрсе адамды жақсылыққа жетелейді. Осыны айтып отырайық! Жақсылыққа бастайтын өзгеріс өз қолымызда екенін көрсетейік!

Шынар Әбілдә

islam.kz

date08.09.2017readCount3088printБасып шығару