Жат ағыммен күрес – жалпықоғамдық міндет
Елбасы тапсырмасымен құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аталған құзіретті органның негізгі ұстанымдары мен мемлекеттің дін саласындағы саясатының басым бағыттары туралы айтқан болатын. Министрдің брифингте айтқан баяндамасындағы мәселелерге қатысты бірқатар дін саласының сарапшылары мен мамандары өз ой-пікірлерін айтты.
 

ДІН ТҰТҚАННЫҢ ДІҢІН ТҮЗЕЙІК

 
Дін мен мемлекет ерлі-зайыпты сияқты. Кейде-кейде аралары суысып тұрғанмен, түптеп келгенде, бірінсіз-бірі бақытты ғұмыр кеше алмайды. Ол екеуінің бөлек болғаны ешкімге пайда әкелмейтінін тарихтан көріп отырмыз. Сондықтан дін де, мемлекет те дамып, гүлденуі үшін бірін-бірі қолдап, қорғауы керек. Елімізде Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылып, дін және мемлекет саласында жүйелі түрде жұмыс жасауға кіріскеніне өз басым осы тұрғыдан қуандым. Жақында жаңа министр Н. Ермекбаев мырза ақпарат құралдарымен басқосу жасап, бұл министрліктің негізгі бағыт-бағдарларын түсіндіріп берді. Солардың біріншісі «дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, оның ішінде діни бірлестіктермен өзара әрекеттесу, азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қамтамасыз ету» екендігін білдік. Бұл дұрыс. Өйткені дін саласында да мемлекеттік саясат керек. Онсыз тәртіп те, жүйе де болмайды. Мысалы, әркім діни білімді өзіне және еліне қауіпсіз жерде алуға тиіс. Бағыты бейтаныс жерде діни сауатын ашып, ел ішінде «Анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес» деп бүлік шығарып жүретін адамдар бізге керек емес. Оның орнына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен ақылдаса, кеңесе отырып, сан ғасыр бойы ата-бабамыз ұстанып келген дәстүрлі дінді оқытатын орындар ашып, еліміздегі жастарды сол жерлерде жүйелеп оқыту қолға алынса, бізді жау да, дау да ала алмайды. Қазір жұрт діннен шошитын болды. Өйткені оны жеккөрінішті етіп көрсетіп жүргендер бар. Олай болмауға тиіс. Керісінше, жастардың адал, еңбекқор, таза, ар-намысты болуы үшін дініне беріктік керек. Ұлттық мәдениетіміз де Исламнан шалғай жатқан жоқ. Сондықтан бұқара халыққа дәстүрлі дін үйретілуі керек. Тұрмағамбет Ізтілеуов атамыздың керемет бір сөзі бар: «Дін, бұзылмайды. Алланың аманаты – ҚұранКәрім қолымызда. Дін – тұтушыдан бұзылады», - дейді. Бұл ақиқат сөз. Бұдан дін жаман емес, оны тұтушы жаман деген қорытынды шығады... Сондай-ақ министрдің «еліміз үшін салафизмді мүлдем жат, теріс ағым деп санаймыз» деген пікірі мемлекеттің нақты ұстанымын білдірсе керек. Жаттың жат екені білінсе, оған байланысты жұмыстар жүргізіледі ғой. Министр діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін жалпы профилактика және мақсатты реабилитациялау жұмыстары жүргізілетінін де нақты атап көрсетті. Бұл да халық үшін жақсылықтың нышаны. Әсіресе, жалпы профилактиканың дұрыс жүзеге асуын қатаң қадағалау керек. Қаражат қайда бөлінді? Қайда жұмсалды? Қандай нәтиже шықты? Міне, осылар арнайы тетіктермен дұрыс бақыланса, көптеген жетістіктерге қол жетері даусыз. Сөз соңында, жаңа министр Н. Ермекбаев мырзаның алдағы істеріне Алладан береке тілейміз.
Асылбек ӘУЕЗХАНҰЛЫ,
«Асыл сөз» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі,
филология ғылымының кандидаты, дінтанушы
 
 

МЕМЛЕКЕТ САЯСАТЫНЫҢ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАРЫ ДІН САЯСАТЫНА ДА ҚОЛДАНЫЛУЫ КЕРЕК

 
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ашылуы ел тарихындағы елеулі оқиға болғаны анық. Бұл қоғамдағы дін мәселесінің өткірлене түскенін, әрі дін саласында мемлекеттік тұрғыда реттелетін ауқымды шаралардың бар екендігін нақтылай түседі. Жақында жаңа министрлік жетекшісінің баяндамасында көрсетілгендей, министрліктің мақсатты жұмыстарының басым бағыттары ретінде – дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара ынтымақтастығының пәрменді моделін орнатты және мемлекеттік жастар саясатына серпін беру мәселелеріне мойын бұруы өте құптарлық. Ел азаматтары бұдан зайырлы қоғамның дінсіз қоғам еместігін, зайырлы жүйеде дін мәселелері ұдайы мемлекеттің бақылауында екенін, сонымен бірге, мемлекетпен реттелетінін аңғарады деген ойдамын. Мемлекеттің басты ұстанымдары қатарынан түспеген ұлтаралық келісім, толеранттылық, диалог, зайырлылық сияқты қағидаттарға беріктік – дін саласындағы саясатқа да өзек болады деп сенемін. Осы ретте, министрлік бірінші кезекте дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын даярласа деген ұсынысым бар. Бұл – елдегі тыныштық пен тұрақтылықтың кепілі болар еді.
Құдайберді БАҒАШАР,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы,
PhD докторы
 

САЯСИЛАНҒАН ДІН МӘСЕЛЕСІН МЕМЛЕКЕТ ШЕШЕДІ

 
Біз дін саласында жүргендіктен, жуырда құрылған министрліктің әрбір мінберде айтылған тұжырым-пікірлерін назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. 14 қазанда Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев баяндама жасап, сәләфизмге қатысты да пікірлерін ортаға салған болатын. Санада мынадай ақжолтай пікірі қалды: «Біздің ары қарайғы жұмысымыз сәләфизм идеологиясын насихаттайтын әдебиеттер мен интернет-сайттардың таралуына жол бермеуге бағытталады». Әрине бұған дейін осы бағыттағы жұмыстар жасалмады демейміз. Десе де олардың арасында кейбір сайттар ұлттық дәстүрді, спортты және тағы басқа да ұлтқа қажетті дүниелерді насихаттап отырған түр танытып, өз идеологияларын астыртын жүзеге асыра берді. Қақпанын қар астына құрған мұндай интернет ресурстарды қатаң бақылау керек. Олар қаржы көзін қайдан алып отыр? Бас «идеологтары» кім? Анықтасақ... Біз, әуелі, түрі қазақ, тіні «кәззәп» сәләфилік ақпараттық экспанцияның зардаптарын жоюымыз керек, таралу жолдарына тосқауыл қоюға тиіспіз. Осындай өткір сұрақтар тұр алдымызда... Дін тақырыбын терең зерттеген ғұламалардың дені «әр нәрсенің ақиқаты – сол объективтің орта тұсында деп жататыны бар. Біздің қоғам дін саласында осындай бел ортаға келген секілді. Ел тәуелсіздік алған жылдардан бері біз зайырлы мемлекет болуға басымдық бердік. Бірақ қоғамды демократиялық әрі мәдениетті жолмен дамытатын мұндай тамаша мүмкіндікті пиғылы зымияндықпен жымдасқан ағымдар да өз пайдасына асырып бақты. Көптеген жыл «бас ауруымызға» айналып келді. Бұл діни дау-дамай да емес, ғылыми тартыс та емес. Ислам тарихында мұндай рухани қайшылықтар бұған дейін болған. Ол жасырын емес. Халифаттар арасында, әулеттер арасында да болды. Олар ғалымдардың алдында шешімін тауып, бітісіп отырды. Әрі пікір жаңарып, рухани түлеу пайда болды. Ал бүгінгі әлемдегі жайт, соның ішінде Қазақстандағы жағдай одан гөрі саясиланған мәселе деп ойлаймыз, сондықтан да бұл мәселені мемлекеттің қолға алуы – құптарлық жағдай.
Сәбит ЕРЕЖЕПОВ,
«Шейх Кунта қажы» мешітінің наиб имамы
 
Түйін
 
Сайып келгенде, еліміздегі діни ахуалдың қаншалықты деңгейде ушыққанын, не қалыпқа түскенін бағамдап отырған дінтанушылар ең бастысы жаңа ведомствоның құрылғанына қуанышты екенін білдірсе, оның түпкі астарында ел ішін бүліншілікке алып келетін мәселелердің алдын алуға ықпалды саясаттың орнайтынынан үмітті. «Екі қолдың сесі барын» бір мақсатқа жұмылғанда ғана аңғаруға болар...
kazislam.kz
date11.09.2017readCount461printБасып шығару