Балаңыздың дені сау болсын десеңіз...

Денсаулық – адам бақытының негізгі бөлігі. Халқымыз «Он екі мүшең сау болса, жарлымын деме» деп денсаулықтың адам өміріндегі орнын ескертеді. Жастары әлсіз, денсаулығы нашар, зиянды әдеттерге әуес, жалқау, тәрбиесіз болса − мемлекеттің соры. Ондай мемлекет қашан да қорғансыз.

Ислам дінінде денсаулықпен қатар денені шынықтыруға да үлкен мән берілген. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде Алла Тағаланың алдында әлсіз мұсылманға қарағанда күшті мұсылманның сүйкімдірек екенін айтады. Пайғамбарымыздың осы хадисін басшылыққа ала отырып, балаларымыздың денесін шынықтыруға арнайы көңіл бөлуіміз керек.

«Педагогика» кітабының кіріспесінде ақын Мағжан Жұмабаев тәрбие турасында мынадай пікір білдірген:

«Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық, жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып, жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала ауру, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Иран елінің мәтелі − шындығында дұрыс мәтел».

Тән саулығы – жан саулығы. Баланың жан-жақты дамуы тәрбие түрлерінің нақты үлесіне байланысты. Ал дене тәрбиесі, баланың бойында тәндік және рухани жетілудің өзара байланысын қалыптастыруға әсер етеді. Әрі баланың денесін шынықтыру – оны болашақ өмірге дайындаудың бір жолы. Осы себептен Пайғамбарымыз балаға садақ тарту, атқа шабу, жүзу, жүру және жүгіру, күресу секілді дене шынықтыру түрлерін үйретуді насихаттаған.

Адамның сергек, көңілді, жұмыс істеу қабілетінің жоғары болуына дене шынықтыру мен спорттың әсері мол екені баршаға мәлім. Дене шынықтыру мен спорт адам бойында жігерлілік, батылдық, тапқырлық, тәртіп пен ұжымдық қасиеттерді шыңдайды. Дене жаттығуымен ұдайы айналысатын адамның жүрегі жақсы жұмыс істейді. Ағзаның оттегімен қамтамасыз етілуі жақсарады. Бұл қандағы эритроциттер мен гемоглобиннің санын көбейтеді. Адамның бойында 600 бұлшық ет бар. Бұл қуатты аппарат тұрақты түрде жаттықтыруды талап етеді. Бұлшық еттерді жаттықтырған сайын ми жұмысы жақсарып, жүйке импульстерінің тасымалдау қызметі артады. Дене шынықтыру мен спорт адамның қимыл-қозғалысына, сүйекке, буынға, дәнекерлеуші мүшелерге өзіндік пайдасын тигізеді. Сүйекті ірілендіріп, салмағын арттырып, оның мықтылығын күшейтіп, кальциймен байытатындығы ғылыми түрде дәлелденген.

date11.09.2017readCount447printБасып шығару