Көк шөпті көп мөлшерде пайдаланыңыз

Қай кезең болмасын пайдасы мол көк шөпсіз бірде-бір тағам әзірленбейді.  Жаз мезгілінде көк шөпті, мүмкіндігінше, көп пайдаланған жөн. Диетолог-мамандар әрбір көк шөптің пайдасын дәлелдеп, оның әрқайсысын қалай және қандай кезде пайдалану керектігін анықтады.

Егер де 10-15 см көлемде туралған көк шөпті жатар алдында қайнатылған суға салып, таңертең сол сумен жуынса тері нәрленіп, ажарлана түседі. Себебі, көк шөп бар қасиетін суға береді екен.

Ақжелкен (петрушка). Құрамында түрлі дәрумендермен қатар, калий, кальций, натрий кездеседі. Бүйрек, бауыр, өт жолдары ауруларына шалдыққан жандар күнделікті туралған ақжелкенді суға қайнатып, 1,5-2 сағаттан соң ішіп тұруы қажет. Ақжелкен суы іш құрылысын тазартып қана қоймай, түрлі аурулардың алдын алуға жол береді.

Аскөк (укроп). Дайын астың сәнін кіргізетін аскөк минералды заттар мен дәрумендерге толы. Іш кебуден сақтап, асқазан жұмысын жақсартады. Аскөк емізетін аналарға өте пайдалы. Ол сүт мөлшерін ұлғайтады. Аскөкті суға 10-15 минут қайнатып, суыған соң тұндырып алу керек. Күніне 3-6 рет 1 ас қасықтан тамақ алдында ішіп тұрса, өт жолдары мен тамақ ауруларынан арылуға болады. Сондай-ақ, аскөк ұйқы қашқанда да көмекке келеді.

Балдыркөк немесе иісті желкен (сельдерей). Жағымсыз иісті бұл шөптің құрамында А, С, В1, В2 дәрумендері, никотин қышқылы, магний, марганец, йод, фосфор, кальций кездеседі. Иісті желкенді ертеде Ежелгі Рим және Грекия тұрғындары көп мөлшерде пайдаланған. Гректер иісті желкеннен шеңбер жасап, оны Олимпиада ойындарының жеңімпаздарының бастарына таққан. Ол кездері иісті желкен күш пен мықты денсаулықтың нышаны болып саналған. Иісті желкен ағзаға физикалық күш беріп қана қоймай, ағзадағы зиянды қалдықтарды шығаруға ықпал етеді. Асқазан, өт жолдары, бүйрек, бауыр, жыныстық аурулардың алдын алады. Иісті желкенді суға қайнатып ішуге, тамаққа қосып, пайдалануға болады.

Қымыздық (щавель). Қышқылды шөптің құрамында С дәрумені, каротин, темір бар. Асқазан, бүйрек, өт жолдарының жұмысын жақсартады. Қымыздықты асқазанда жарасы және бүйректе тасы бар жандар көп мөлшерде пайдаланбағаны абзал.

Көп шөп таңдаған кезде оның жапырақтары мен түбіріне назар аударыңыз. Жапырақтары сарғайып, түбірі құрғап кетсе, көп шөптің кесілгеніне біраз уақыт өткен. Сондай-ақ, көк шөп күн астында болмауы керек. Ол ылғалды салқын ортада сақталады. Егер де көк шөпті қыс мезгіліне сақтаймын десеңіз, сарғайған және солып қалған жапырақтарын жұлып, салқын суға жуып тастаңыз. Кепкен соң, оны майдалап турап, әйнекті шараға салып, тоңазытқышқа салып қойыңыз.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

massaget.kz

date21.09.2017readCount1092printБасып шығару