Асату деген не?

Асату - дәстүрлі ас-тағам мәдениетінде жолы үлкен адамның жасы кішілерге табақтағы еттің сыбағалы мүшесінен дәм таттыру арқылы өзінің ілтипатын білдіретін этикалық рәсім. Ет жеп болған соң, қонақтың жасы үлкені сый табақтан уысын толтыра ет алып, басқаларға өз қолымен асатады. Кішілер қалыптасқан әдет бойынша асату рәсімінен бас тартпайды, етті асар кезінде ер адамдар «құлдық» деп айтады. Бұл өзінен үлкенге құрмет көрсеткені, рахмет айтқаны болып есептеледі. Ал келіндерге «асатқаным» деп, үлкен табақтан ене - абысындарының бірі сыбаға бөліп береді. Келін орнынан тұрып, жілік ұсынған (асатқан) адамға арнап сәлем салады. Сондай-ақ, ет желініп болған соң табақтағы еттен қарттар жас балаларға, өзінің атқосшы немесе жолсеріктеріне асатады. Асар адамдардың арасындағы өзара көрсетілетін құрмет іспеттес. Мәні жағынан сыбаға беруге ұқсас жосын.

XIX ғасырдың соңына дейін (кейбір өңірлерде қазірге дейін сақталган) шығыс өңірінде келген мейманның етті үш түйірден қатарласа асату дәстүрі болған. Егер үш түйір етті бірден асай алмаса, қонақ ренжіп қалуы мүмкін. Асатуға берген ет үш түйірден көп болып және оған қақалып қалса, айыппұл төленетін болған. Айыппұл кұны жүз жылқыдай болған. Егер үш түйір етке қақалса, оған айыппұл төленбейді.[1]

[1] Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. - ISBN 978-601-7026-17-2

date26.09.2017readCount485printБасып шығару