Көркем мінез – ең құнды қасиет

Көркем мінезділік – адам бойындағы ең құнды қасиет. Мінезі жайдары жанның жүзі нұрланып, айналасына махаббат шуағын сыйлайтыны айтпаса да белгілі. Оған қараған адамның көңілі кемелденіп, мейірім жылулығын сезінеді.

Көркем мінезділік – Алланың берген үлкен сыйы. Ерекше мейірімді Жаратушы Ие Алла Тағала өзінің соңғы елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мінезін көркемдікпен көмкерген. Мәлик (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын)  мынандай сөзін жеткізеді: «Мен көркем мінездерді толықтыру үшін жіберілдім».

Нағыз мінез жұмсақтығы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бойында жинақталған. Оның өнегілі ғұмырын оқи отырып, өзіміз үшін тәлім-тәрбие есігін ашамыз, нәтижесінде, Алла сүйіп қарайтын мүміндердің қатарына қосылуымызға үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізеріміз хақ.

Көркем мінезділік – Алланың адамзатқа берген ардақты сыйы. Өкінішке орай, адам баласы жалған өмір жолында адасушылыққа жолығып, жамандықпен бетпе-бет кезігіп, бойындағы Раббымыздан дарытылған кіршіксіз мөлдір қасиеттерден ажырап қалып жатады. Бұндай сәтте, адамды пендешілікке түсірмей, АДАМ қалпында сақтап қала алатын жолдарды іздей бастайсың. Адамды адам ететін – Иман. Иман – көркем мінезділікпен өлшенеді. Көркем мінезділік – махаббат, білім, сабырлылық сияқты адами қасиеттердің өзара ұштасуынан пайда болады. Аллаға және Оның елшісі Пайғамбарымызға (с.ғ.с.), Жаратушы Құдірет Иенің жаратылыстарына деген махаббат, Алланың шексіздігінен хабардар ететін білімнің бұлағына деген қызығушылық, Алла махаббатына жетуге және білім бұлағынан нәр алып, оны өмірлік шырақ етуге көмектесетін сабырлылықты ту ету әр мұсылманның үлкен парызы болып саналады. Осы үш қағиданы ұстанған жан көркем мінезділікті бойына сіңіреді.  

«Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті» деп Абай атамыз айтпақшы, біздің жаратылысымыздың өзі махаббатпен байланысты. Сол себепті айналаға сүйіспеншілікпен қарау – адамның өмір жолын жеңілдетіп қана қоймай, Алла алдында абыройлы етеді, мол сауапқа кеңелтеді. Махаббаттың түрлері сан алуан. Солардың ішіндегі ең биік тұғырлысы – ананың балаға деген кіршіксіз қамқорлығы, махаббаты. Алайда, бұл махаббат Алланың құлына деген махаббатының қасында тек бір пайыздық бөлікті құрайды. Сондағы тоқсан тоғыз пайыздық бөлік Алланың құлына деген махаббатына тиесілі екені көптеген мүмін жандардың жүрегіне демеу болары хақ. Алла Тағаланың бізге күнделікті беріп жатқан нығметтерін санар болсақ, шегіне жете алмаспыз. Оның аса қамқорлығы мен ерекше мейірімділігі тақуа мүміннің жүрегін елжіретпей қоймайды. Алланың махаббатын сезініп, Раббысының беріп жатқан рызықтарын түйсігіне түйген адамның бойы сүйіспеншілікке толықсиды. Жүзінде жылы жымиыс пайда болады. Ал, жымиып жүру – сүннет амалдардан. Көркем мінезділіктің бір бөлігі.

Білім алуға деген құштарлық – көп жетістікке жетелейді. Алла Тағала өзінің шариғатын алғаш түсірген кезден-ақ, білім ізденудің қаншалық маңызды екенін басып көрсетеді. Бұған алғашқы түскен Құран аяттары дәлел бола алады: «(Ей, Мұхаммед) Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. (Раббың) Сондай (ілімді) қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа бімеген нәрселерін үйреткен» (Алақ сүресі, 1-5 аяттар).

Білім – нағыз мүміннің екі дүниеде де дәрежесін биік етеді. Барлық жаратылыстың сұлтаны болған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) білімнің маңыздылығы жайында бірнеше хадистер қалдырған. Солардың бірінде: «Білімді бесіктен көрге дейін ізденіңдер» делінген болса, тағы бірінде: «Білім іздену – мұсылманға парыз» деген. Бір хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шын мәнінде, даналық – құлды патша дәрежесіне дейін көтеріп, абыройлы етеді» - дейді. Сонымен қатар, кім де кім білім іздеп, жолға аттанар болса, сол адамның әр басар қадамына періштелер қанатын төсеп, құрмет көрсетеді. Адам баласы тікелей білім алу арқылы, даналыққа ұмтылған сайын Аллаға деген сүйіспеншілік сезімін күшейте алады. Себебі, қай ілімді алып қарасақ та, Алланың қолтаңбасы байқалатыны баршамызға белгілі. Сонымен қатар, білімділік адам бойына қарапайымдылық қасиетін ұялатады. Ал, қарапайымдылық, кішіпейілділік көркем мінезді жанның өңінің әсемдігін еселей түсетіні анық. 

Білім негізі – сабырлылық. «Білім инемен құдық қазғандай» деген халық мәтелінің мағынасы тереңде жатыр. Білімге қол жеткізу үшін адам баласы сабырлылық танытуы қажет. Алла Тағала сүйікті құлдарын түрлі жағдайлармен сынайды. Сабырлылық танытқан мүміндерге мол сауаптан жазады. Бұл жайында Құранның «Инширах» сүресінің бесінші аятында былай делінеді: «Негізінде ауыртпалықпен бірге бір жеңілдік бар» және де «Таһа» сүресінің қырық алтыншы (46) аятында: «Қорықпаңдар! Сендермен біргемін. Естимін. Көремін» дейді Ұлы Жаратушы Алла Тағала. Әр нәрсеге төзімділік танытатын жан Алланың сүйікті құлдарының қатарына қосылады. Себебі, Алла аса шыдамдылық танытып, сабыр сақтаған құлдарын ерекше жақсы көреді. Білім жолы – ауыр жол, шыдамдылықты талап етеді. Осы жолда батылдық көрсеткен адам, ілімнің биігіне шығады, Алладан мол сауапқа кенеледі. Көркем мінезділіктің «қайраттылық», «жігерлілік» және «нәпсісін қымтап ұстаушылық» сынды қасиеттерін де әдетке айналдырады.    

Ғабдулла инб Жабир (Алла оған разы болсын) жеткізуі бойынша Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) Жебірейіл (а.с.) Алла Тағаланың былай дегенін хабарлапты: «Шын мәнінде, бұл Ислам діні Мен разы болған дін. Оған жомарттық және көркем мінез жарасады. Ислам дінін жомарттық және көркем мінез арқылы қуаттаңдар!» Бұл хадистің астарында көркем мінезділік Исламның айнасы екенін түсенеміз. Егер де, өзімізді нағыз мұсылман деп санайтын болсақ, ең алдымен, көркем мінезділікке ұмтылғанымыз абзал. Сол сәтте, Аса құдіретті Алланың назарында болып, шапағат нұрына бөленуімізге бірден-бір септігін тигізері айқын.

Қасиет Тағайбекқызы 

date02.10.2017readCount687printБасып шығару