Тазалық − иманның жартысы

Тазалықты сақтау − ішкі жан дүниеміз тұрғысынан әрі сыртқы көрінісіміз тұрғысынан маңызды міндеттердің бірі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ол жайында «Алла Тағала таза, тек қана таза болған нәрсені қабыл алады» дейді. Құранда да Алла тағала құлдарына дәрет, ғұсыл алуды әмір еткеннен кейін былай дейді: «Алла (бұл әмірді беру арқылы) сендерге қиыншылық тудыруды көздемейді, тек қана сендерді тазартып, берген нығметін толықтырғысы келеді»[1].

Ислам дінінде ішкі-сыртқы тазалыққа бірдей көңіл бөлінеді. Сондықтан Құран мен хадистерде осы екі  тазалық та қатар айтылады. Мысалы, Құранда зекеттің адамның рухани дүниесін тазалайтыны айтылса[2], хадисте оразаның денені тазалайтыны айтылады[3].

Тазалық деген кезде адам баласының ойына бірінші ретте сыртқы тазалық оралады. Осыған байланысты Пайғамбарымыз да мұсылмандарды өзінің жеке басы, үйі, тіпті қоршаған ортаның да тазалығына мән беруге шақырады. Ислам дінінде жеке бастың тазалығына қатысты өте көп үкімдер айтылған. Сол үшін дәрет алуды, ғұсыл құйынуды әмір етеді. Сондай-ақ Пайғамбарымыз ғұсыл құйынуға ешқандай себеп болмаған жағдайда да мұсылманның аптада жоқ дегенде бір мәрте жуынуын бұйырған: «Жұма күні жуыну балиғат жасына кірген әрбір азамат үшін сүннет»[4], «Жұма намазына келгендер жуынып келсін»[5] деген хадистерімен дененің тазалығына мән беруді өсиет етеді. Дәрет бұзылмаған жағдайда сол дәретпен келесі намазды оқуға рұқсат бар бола тұра, Пайғамбарымыз әрбір намазды жаңа дәретпен оқыған. Дәрет алу барысында асықпай, дәрет мүшелерін толық жууды ескерткен. Хадистері арқылы адам баласының дәрет алған сайын сол дәрет мүшелерімен жасаған күнәларының кешірілетін білдірген[6]. Ал ақырет күні үмбетінің дәрет мүшелерінің жарқырап, басқа үмбеттерден ерекшеленіп тұратынын айтады[7]. Ұйқыдан оянғанда ең бірінші қолды жууды әмір етіп, былай дейді: «Түнде қолдарыңды қайда жүгірткендеріңді білмейсіңдер»[8]. Тамақтан бұрын және кейін қол жуумен қатар, сүт секілді майлы нәрселерді ішіп-жегенде де ауыздың шайылуы керектігін айтады. Әсіресе ұйықтар кезде қолдың таза болуын және дәретпен жатуды, осылайша жатар алдында дәрет мүшелерінің, соның ішінде аяқтардың да жуылуына мән береді. Ал жатқан кезде қолын жумай, май иісті қолымен жата салған адамға арнап: «Қолындағы тамақ иісімен ұйықтаған адам қандай да бір ауруға шалдықса, кінәны өзінен ғана көрсін» дейді[9].

Ауыз тазалығына да қатты мән берген Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әрбір намаздың алдында тістерін тазалайтын. Тіпті жатарда және оянғаннан кейін тісін тазалауды бірінші орынға қоятын. Киімнің тазалығына айрықша көңіл бөлетін. Кіші және үлкен дәретті киімге тигізбеуді, тиген жағдайда ол киіммен намаз оқуға болмайтынын үмбетіне қатаң ескерткен еді. Сондықтан әжетханаларда тазалық үшін судың, ол табылмаған жағдайда басқа тазалық үшін қолдануға болатын нәрселермен тазалануды өсиет еткен.

Үйдің және намаз оқылатын жерлердің де тазалығын қадағалаған. Жаман иісті жерлерден періштелердің қашатынын, лас жерлерге олардың кірмейтінін мәлімдеген. Дәрет алатын жердің өзін таза ұстап, ол жерге кіші дәрет сындырмау керектігін ескерткен. Сонымен қатар көпшілік жүретін жолдың бойына, көлеңкелік жерлерге де дәрет сындыруға болмайтынын айтып, мұндай адамдардың лағынетке ұшырайтынын білдіреді. Яғни, көпшілік демалыс орындарының да таза ұсталуын қадағалаған. Осылайша қоршаған ортаның тазалығына көңіл бөлген.

Дінімізде тазалыққа байланысты айтылған осы өсиеттердің бәрі бала тәрбиесіне де қатысты. Осы өсиеттерді басшылыққа ала отырып, ата-ана ретінде балаларымызды да тазалыққа үйретуіміз керек. Сонда ғана олар тазалықты иманның жартысы деп түсініп, осы арқылы мұсылмандық келбеттерін көркейте түседі.


[1] «Маидә» сүресі, 6-аят

[2] «Тәубе» сүресі, 103-аят

[3] Ибн Мажә, Сиям, 44

[4] Бухари, Жұма, 12

[5] Бухари, Жұма, 2

[6] Нәсаи, Таһарәт, 108

[7] Муслим, Таһарәт, 35-37

[8] Нәсаи, Таһарәт, 1.

[9] 181 Тирмизи, Әтимә, 48.

date10.10.2017readCount620printБасып шығару