Хаддадилер деген кімдер?

«Хаддадилер» – Йеменде өмір сүретін Яхия әл-Хажуридің артынан ілескен салафи жамағатқа берілген атау. Әл-Хажури 1958 жылы Йеменнің Табуд деген бір ауылында дүниеге келген. Өз елінде бастауыш білімін алған соң білімін жалғастыру мақсатында Сауд Арабиясына кетеді. Сол жақта жүріп, Йеменннің Дәммаж деген қаласында сабақ беретін, сәләфилік бағытты ұстанатын Муқбил Ибн Хади жайлы естиді. Сосын Йеменге барып Муқбилден содан бірқатар ислам ғылымдарын үйренеді.

Ұстазы қайтыс болған соң Йеменнің Дәммаж қалашығындағы «Дарул-хадисті» (Хадис ілімінің академиясы) басқарды. «Хаддади» деген атау Яхия әл-Хажуримен діни идеалогиялық пікірлері бір болып табылатын мысырлық Махмуд әл-Хаддад деген кісінің есімімен байланыстырылады.

Сәләфилердің жаңадан пайда болған бұл бағыты ТМД елдеріне, соның ішінде Қазақстанда да тарап келе жатыр. ТМД-дағы хаддадиттердің уағызшыларының бірі – Руслан Абу Ибрахим Татарстанидің айтуы бойынша, мадхалиттер хаддадилерді «хаддадиттер, хажуриттер, бидғатшылар, хизбуттар» деп айыптайды екен. Бұған қатысты әлеуметтік желілерде мәліметтер көптеп кездеседі. Әрине, Руслан Абу Ибрахим бұны жоққа шығарады. Әрі оның айтуынша, мадхалиттер хаддадиттерге байкот жариялап, олармен араласпайды және оларды намаз оқитын орындарда имамдыққа өткізбейді, қатты шеттетеді.

Қазіргі таңда Руслан Абу Ибрахимнің аудио лекциялары ғаламтор беттерінде, соның ішінде «ютуб» видео каналы мен «http://islam-ittihad.com» деген орыстілді сайтында жарияланады. Сонымен қатар, мына сілтемелерден де табуға болады. Ол Яхия әл-Хажуриге қарсы айтылған пікірлерге жауап ретінде арнайы мақалалар  жазып, хаддадилерді қорғаштайды. Қараңыз: http://darulhadis.ws/chitat-onlajn/stati-chitat-onlajn/otvedenie-somnenij-hadjuri-online/

Исламтанушы Еркінбек Шоқаевтың келтірген мәліметіне қарағанда, хаддадилердің жалпы алғанда саяси пікірлері мадхалиттермен бірдей болып келеді. Мадхалиттер сияқты хаддадилер де ДАИШ террористік ұйымын сынайды. Сондай-ақ, хаддадилер сәләфи-ихуандарға өте қатты қарсылық танытады. Әрі табдиғ, яғни бидғатшыға шығаруда тым шектен шығады. Тіпті дәстүрлі діни бағыттың ғұламалары Имам Ибн Хажарды мысырлық Саид Қутуптан да қауіпті бидғатшы деп есептеген. Ибн Хажар мен әйгілі Имам ән-Нәуәидің де кітаптарын өртеу керек деп санайды.

Яхия әл-Хажуридің пікірі бойынша, «сайлауда дауыс беру Алланың хақ шариғатын жоққа шығаратын демократиялық жүйе болып есептеледі». Бұны Рабиғ әл-Мадхали де айтқан. Демек мадхалиттер мен хаддадиттер кез келген сайлауға қатысуды шариғатқа қарсы амал деп біледі.

Алғашқы кездері Муқбил ибн Хади, Ахмад ән-Нәжми, Мухаммед ибн Әбдулуаххаб әл-Банна, Раби әл-Мадхали, Сәлім әл-Хиләли секілді ғалымдардың мақтауына ие болған. Алайда, 2000 жылдардан бастап Рабиғ әл-Мадхали, Абдулла әл-Бухари, Ахмад Базмуль, Усама әл-Утайби секілді «сәләфи» шейхтары тарапынан оған «ақиқаттан ауытқыды, бидғатшы болды» деген секілді айыптар тағыла бастады. Бұған Хажуридің Пайғамбарымыз өз ижтихадымен әрекеті ету арқылы қателікке ұрынуы мүмкін бе деген мәселеде және кейбір сахабаларды және сәләфилердің шейхтары болып табылатын Усәймин, Ибн Баз, Фаузан т.б. кісілерді сынауы себеп болған.

Сондай-ақ, Яхия әл-Хажури 2011 жылы Йеменнің Даммадж қалашығында оқып жатқан студенттерді шиит-хуситтерге қарсы жиһатқа шақырып, қарулы қақтығыстар ұйымдастырды деп айыпталды. Нәтижеде, қалашық бірнеше рет хуситтердің қоршауында болған. 2014 жылы әл-Хажури Дәммаждан кетуге мәжбүр болды. Ол Йеменнің астанасы Санаға қоныстанып, ол жерде әртүрлі жиындарда шииттерге қарсы тұруға шақыруын жалғастырды. әл-Хажури Йемендегі «отандық диалогты» сынап қарсы шықты. Себебі, бұл диалогқа Йемендегі еврейлер мен шиит-рафидиттер қатысады. Ал мұсылман адам ешқашанда бұлармен бір стол басына отыра алмайды. Отандық диалогке қарсы тұратын хаддадилердің діндер аралық диалогқа да қарсы болатындықтары айтпаса да түсінікті.

Қазақстандықтардың ішінен өзін Абу Йусуф 'Абдуррахман аль-Казахстани деп атайтын азамат та осы ағым өкілдерін жақтап көптеген мақалалар жазып, түрлі аударма жұмыстарын жариялауда. Қараңыз: Комментарии шейха Яхьи ибн 'Али аль-Хаджури к словам шейха 'аллямы Раби’а ибн Хади аль-Мадхали. Шейх, 'алляма Абу 'Абдуррахман Яхья ибн 'Али аль-Хаджури (перевод Абу Йусуф 'Абдуррахман аль-Казахстани) http://bpvideos.net/Downloadfile/7Kk_k_qzRfk/----------.html

Шет елдік кейбір жетекшілері қатарында Имад әл-Фарраж, Мұхаммед ибн Ибрахм әл-Мысри, Мұхаммед Абдулалим Әли Мадый, Хишам ибн Фуад әл-Бияли, Абдулла Суан әл-Ғамиди, Абдулла Жәрбуғ т.б. секілді кісілер аталады.

Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы

date19.10.2017readCount609printБасып шығару