Жәрдем қалаған адам

Бірде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының бірі өткен машақатқа толы күндерін, мұңға толы сәттерін есіне алды. Ол күндері оның әйелі мен бейкүнә сәбилерінің ризықтарын тауып беруге де шамасы жоқ-тын. Осыншама мұңға толы сәттерінде жанына жалау, көңіліне медеу болған, рухына күш беріп, өміріне өзгеріс енгізген бір ауыз сөз болған еді. Жоқшылық пен кедейлік оның сағын сындырды. 

Ешбір шешім таппай жан алқымға тірелген шақта әйелімен ақылдасып, Алла елшісінен (с.ғ.с.) көмек сұрауға шешім қабылдап жолға шықты. Алайда, сол сәтте оның ойына Алла елшісінің (с.ғ.с.) мына бір сөздері келді. Алла елшісімен (с.а.с.) бірге болған бір кеңесте ол (с.ғ.с.): «Кімде-кім бізден жәрдем сұраса, оған жәрдем береміз. Алайда, бір адам қолындағына қанағат етіп, сабырмен еңбек етсе және Алладан басқаға мұқтаж болмаса, Алла оны ешкімге мұхтаж етпейді»,– деген болатын. 

Бүгінгі кеңесте Алла елшісі (с.ғ.с.) осы сөздерді қайталады. Бұл сөздер оның көкейдегі ойын айтуға тосқауыл болып, ешнәрсе айтпастан үйіне қайтты. Үйіне келгенде сол баяғы жоқшылық, көңіліне қаяу салған мұқтаждық оны қайта күтіп тұрды.

Келесі күні де дәл осы жағдай қайталанып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сөзін тағы есітті. Ол тағы ештеңе айта алмай үйіне қайтты. Пақырлыққа қарсы тұрар қауқарының жоқтығын сезініп қатты қиналды.

Үшінші күні өз мұқтаждығын айтуға бекініп, сахабалар кеңесіне қайта келді. Бірақ Алла елшісі (с.ғ.с.) сол сөздерін тағы да қайталады. Алайда, өз қалауын білдіргелі келіп жүрген оған бұл сөздер сол күні ерекше әсер берді. Бұл сөздер жүрегін тыныштыққа бөлеп, жанына қуат бергенін сезінді. Пақырлықтан құтқарар күштің осы сөздерде екенін аңғарғандай болды.

Нәби (с.ғ.с.) сөзінен қуаттанған ол шын мәнінде оның мұқтаждығын Алланың өзі ғана өтейтіндігін түсініп, Алладан басқа ешкімге мұқтаждық етпеуге бекінді. Аманатқа берілген дене мен қабілетін пайдалануды, сондай-ақ жоқшылық қамытынан құтылуды іштей қалады. Сөйтіп ол өз-өзіне «Қолымнан не келеді?» деген сұрақ қойды. Сол сәтте шөл даладан отын жинап, оны сату ақылына келді. Көкейдегі сұрағына жауап тапқан ол аманатқа балта сұрап алып, шөл далаға отын жинауға кетті. Жинаған отынды алып келіп сатуға кірісті. Еңбекпен тапқан нанының қаншалықты тәтті болғанын сезді және өз ісінен ләззат алды. Күндер жылжып еңбегінің берекесін көрген ол қаражаттай қор да жинап үлгерді. Жоқшылық күндер қол бұлғап артта қалды.

Бір күні ол Мұхаммедті (с.ғ.с.) кездестірді. Адамзат асылы (с.ғ.с.) оның жүзіне күлімдей қарап: «Кімде-кім бізден жәрдем сұраса, әлбетте жәрдем береміз. Алайда, кімде-кім қолындағысына қанағат етіп, сабырлықпен Аллаға ғана мұхтаж екенін түсінсе, Алла оны ешкімге мұхтаж етпейді» демеп пе едім», – деп, сол баяғы өміріне азық болған сөздерін қайталады.

Услу кафи 2-том. 139-бет
Қанағат бабы.
«Қаратау» мешітінің наиб имамы
Оразбаев Акбар

date26.10.2017readCount746printБасып шығару