Рухани жаңғыруды іспен қолдайық!

Үстіміздегі жылдың 12-сәуірінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласы жарияланды. Барша дерлік мемлекет, қоғам қайраткерлері және т.б. азаматтар мақаланы қолдап және оңды пікір білдіріп жатыр. Оның ішінде руханият қызметкерлерінің бірі біздер діндарлар да бармыз.

Расында, экономикалық даму мен ішкі саяси тұрақтылықтың баяндылығы руханиятта. Шегініс жасап айтар болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы нарықтық экономика сынды бағдарламалар елдің әлеуметтік еңсесін көтеруге бағытталды. Халықтың әл-ауқаты көтеріліп, тұрмысы жақсарды. Ішкі саяси тұрақтылықты берік ету үшін Елбасы бастамасымен Қазақстан халқы ассамблеясы сияқты бірқатар институттар ашылды. Аталмыш институттардың жұмысымен танысқан алыс-жақын шет мемлекеттер қызығушылық танытуы, өз елдерінде бұл институтты тәжірибеден өткізуге ықылас қоюы Ассамблеяға берілген жоғары баға. Келесі қадам – рухани жаңғыру болды. Бұл дер кезінде жасалған Үндеу дер едім. Елбасы өз мақаласында: «Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек», деп айтқанындай рухани жаңғыру – халқымыздың рухани бай мұрасын қайта қалпына келтіруге, жоғалтқан жәдігер дүниелерді түгендеуге һәм жас ұрпақ санасына сіңіру үшін насихаттауға берілген үлкен мұрсат деп білемін. Руханият саласының маманы ретінде айтарым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Дін мен дәстүр» атты ауқымды жұмысы Үндеуге қосқан тамшыдай үлесі деп ойлаймын. Ұлттың руханияты оның тілі, тарихы, әдебиеті, салт-дәстүрі десек, мешіт – сол руханияттың бір ошағы. Тіл, діл және дін бұған әдебиетті де қосуымыз керек бір-бірімен тығыз байланыстағы құндылықтар. Бір-бірімен сабақтаса отырып, ұлттық кодымызды айқындаушы бірегей фактор.

Елбасының мақаласында прагматизмге арнайы бөлім бөлінген. Сол бөлімде: «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді», деп бүгінгі күннің ең өзекті мәселесін көтереді. Расында, шынайы мәдениеттің көшбасшы өкілі болған ата-бабамыздың жолынан жаңылып келеміз. Мәдениеттің өлшемін шұбарланған тілмен, ұлттық құндылыққа үрке қараумен қала берсе беймәдениетке бой ұрумен бұзудамыз. Осы тұрғыдан, мақалаға арқау болған рухани жаңғыруды сөзбен емес нақты іспен, батыл қадаммен қолдау әрқайсымыздың азаматтық борышымыз екенін айтқым келеді. 

Бағдат Абдукаримов
date01.11.2017readCount241printБасып шығару