Шынайы ақпараттың маңыздылығы

Құран кәрімде Алла Тағала «аузынан бір сөз шықса болды, алдында бақылаушысы дайын» деген. Бұл аяттан адамның сөйлеген сөзі не пайдасына, не  зиянына тиетіндігін байқаймыз.

Қазір бәріміз де жиі айтып жүрген ақпарат ғасырында өмір сүріп жатырмыз. Яғни, мысалы осыдан жиырма жыл бұрын әлемде қандай да бір уақиға жер бетіне бірнеше сағатта тіпті бірнеше күнде тарайтын болса, қазіргі «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» соңғы технологиялар кез келген ақпарды жер бетіне санаулы секундттарда таратуға қауқарлы. Бүгінде әрқайсымыз үйде отырып ақ, әлемнің кез келген түкпірінде не болып жатқанын біле алатын дәрежедеміз. Осы ретте сол ақпаратты халыққа тарататын ақпарат құралдарының мойнындағы жүк жеңіл емес. Аманаты ауыр. Жалпы, журналистика түрлі бағыттағы басылымдар, радио және телебағдарламалар арқылы қоғамдағы көкейкесті мәселелерді қозғап, алуан түрлі аудиторияны әлеуметтік, саяси және арнаулы мағлұматтармен қамтамасыз етеді. Қоғамның дамуы, әлеуметтік, экономикалық және рухани мәселелер жөнінде мағлұмат беріп, жұртшылықтың қоғамдық пікірін қалыптастырады.

Сондықтан қазіргі ақпарат құралдары өз өнімдерінің ішкі мазмұны мен идеясына көңіл бөліп, жалаң хабарды, яғни ақиқаты ашылмаған ақпараттан алыс болуы тиіс.

Наполеон Банопарт айтты деген бір сөз бар. Мен алты қатар әскерім емес, алты беттік газетім болғанын қалар едім деген. Яғни ақпарат құралы арқылы қалың бұқараға ықпал етудің қаншалықты маңызды екендігін, қоғамдық пікір тудырудағы таптырмас құрал екенідгін сезінгендіктен айтса керек бұл сөзді.

Жалпы  ақпарат құралдары хабарды жылдам таратуды ғана емес, оның шынайылығына баса мән беруі керек сияқты. Себебі, халықтың көбі бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған хабарлардың барлығын тек таза шындық деп қабылдайды.  Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай: «Газет халықтың көзі, құлағы һәм жүрегі». Яғни, журналистер қандай да бір ақпаратты алғанда оның шын әлде өтірік екенін тексеріп аланы абзал. Тіпті Қасиетті Құранда да «Сендерге біреу  бір хабар  жеткізсе,  тексеріңдер» -деген мағынадағы аят бар.  Бұл қандай да бір ақпараттың ертең түсініспеушілік  тудырмауы, тіпті бүлік шығып кетпесі  үшін де керек. Алайда, кейбір ақпарат құралдары ненің ақ ненің қара екенін  ажыратпай, мәселенің мән жайына үңілмей жатып асығыстықпен халықты дүрліктіріп жіберетіні де кездеседі. Әсіресе ата дінімізге қатысты ақпараттар көбіне жаптым жала, жақтым күйе деген принциппен таралып кететіні өкінішті.

Сондықтан біздер осы ақпарат таратуда оның қаншалықты шындыққа жанасатынын шамамыз келгенше тексеретін болсақ, онда халық арасында түрлі түсініспеушіліктер де азаятын еді. Керісінше елдің игілігі үшін атқарылып жатқан ізгі істерді, ислами құндылықтарды боямасыз жеткізіп, елдің бүлінуіне емес, бірігуіне сеп болса нұр үстіне нұр болар еді. Ал енді Қазақстан Республикасы бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңының 21 бабы, 2 тарауында журналист шындыққа сәйкес келмейтін хабарды таратуына болмайды делінген. Яғни жалған ақпар таратқан тұлға тек халықтың алдында ғана емес, заң алдында да жауап береді.

Келешек үшін бәріміз жауаптымыз. Сондықтан осы, болашақ ұрпақ алдындағы, отанымыз алдындағы жауапкешілікті шынайы сезінген болсақ, өзіміздің ата дініміз ислам туралы, жалпы мұсылмандар туралы тек шынайы ақпараттарды таратуға тырыссақ, болашағымыздың жарқын болуына әрқайсымыз  мысқалдай болса да үлесімізді қоссақ ертеңіміздің жарқын болары сөзсіз. 

Қанат Қыдырмин
date07.11.2017readCount159printБасып шығару