Қойшымен тілдескен қасқыр

Сену немесе сенбеу өз еркіңізде. Бірақ, оқып шықсаңыз уақытыңыз зая кетпегеніне көз жеткізесіз. Бұған кәміл сенемін. Бұл хадис имам Бұхаридің еңбегінде Әбу Һурайра (р.а.) арқылы риуаят етілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) таң намазын оқып болған соң, жұртқа қарап: «Баяғыда бір кісі сиырын айдап келе жатып, малына мініп әрі оны ұрыпты. Сонда сиыр: Біз ол үшін жаратылмағанбыз, біз жер жырту үшін жаратылғанбыз»,-деген екен, - дейді. Адамдар: «Сухбана Алла, Сиыр сөйле ме?!», - десті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мен бұған сенемін, Әбу Бәкір мен Омар да сенеді», - деді. Ол екеуі мәжілісте жоқ болатын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) сөзін жалғастырып: «Кісі қойларының арасында жүрген кезде, қойға қасқыр шауыпты. Бір қойын тартып кетсе керек. Кісі қасқырдың артынан қуалап әйтеуір жетіп барып, малын арашалап алады. Сонда қасқыр: «Бүгін мына қойды менен құтқарып алдың. Бірақ, қойыңды жыртқыштар күні (қияметте) құтқара аласың ба? Ол күні менен басқа қойға қарайтын жан болмайды?»,-деген екен,-дейді. Жұрт: «Субхана Алла! Қасқыр сөйлейді ме?», - десті. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тағы да: «Мен бұған сенемін, Әбу Бәкір мен Омар да сенеді», - деді. Бірақ ол екеуі мәжілісте жоқ болатын.

Әрине, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір ауыз өтірік сөз айтпайтынын Исламға қас жау болған мүшріктердің өзі мойындаған. Алла Расулін (с.ғ.с.) бала күнінен Мекке жұрты Мұхаммед Әмин – шыншыл, аманатшыл Мұхаммед деп атаған. Бірақ, бұл хадисті естігенде ақылға қонымсыз екен, сену қиын дейтіндер табылады. Мұны әрбір нәрсені көзімен көрсе ғана мойындайтын ақыл ғана қабыл етпейді. Десе де, көзге көрінбетін микроб, бактерия және ауа сияқты жаратылысты ғылым арқылы ақыл қабыл етті. Мойындауға мәжбүр болды. Қазір ғылым әрбір жәндік пен жануардың өзара тілдесетін толқыны бар екенін айтуда. Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бұл сөздерін ғылым зерттеу арқылы растайды. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе.

Қазірше, осындай құбылыстар жайлы Құран Кәрімде не айтылғанын сұрап көрелік. Құранда осы сияқты оқиғалар бар емес пе? Мәселен: «Оларға айтылған (Қиямет) бастарына келген кезде, олар үшін жерден бір хайуан шығарамыз да ол, Оларға адамдардың аяттарымызға мүлде сенбегендіктерін айтады…[1]». Сүлеймен пайғамбарға (а.с.) бәбісек құсының сөзі Құранда былай баяндалады: «Сонда ол көп кешікпей-ақ келіп: «Сен білмеген нәрсені білдім. Сондай-ақ, Сәба мемлекетінен анық хабар келтірдім», – деді»[2] және «...бір құмырсқа: «Әй құмырсқалар! Ұяларыңа кіріңдер. Сүлеймен, оның әскерлері сендерді білмей жаншып кетпесін» деді[3]»,-деп құмырсқаның тілін Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбар түсінетіндігі жайлы айтылған.

Тіпті, қара жер мен көк аспан да тіл қалғандығы жайлы: «Сосын көкке жөнелді. Ол, бір түтін еді. Сонда оған әрі жерге: «Екеуіңде ерікті немесе еріксіз түрде келіңдер» деді. Екеуі де: «Бой ұсынған түрде келдік» деді[4]».

Бұған қоса, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тек шындық айтатындығы жайлы Құран Кәрімде баян етілген. Әңгімемізге арқау болған сиыр мен қасқырға тіл бітіп, сөйлегені жайлы хадис Бұхариден басқа Мүслим, Ахмед, Нәсаи және Тахауи сынды хадис ғалымдарының еңбегінде бар.



[1] Нәміл сүресі, 82-аят
[2] Нәміл сүресі, 22-аят
[3] Нәміл сүресі, 18-аят
[4] Фуссилат сүресі, 11-аят

Қуат Ерғалиұлы
date16.11.2017readCount972printБасып шығару