«Мәсәд» сүресі

«Мәсәд» сүресі меккелік. Бұл сүре «Ләһәб» және «Тәббәт» деп те аталады. Сүре Алла Тағаланың және елшісінің дұшпаны Әбу Ләһәбтың құрдымға кетуі жайлы әңгімелейді. Әбу Ләһәб пайғамбарға қаскөй дұшпан болып алды. Барлық шаруасын қойып, Алла елшісінің (ñ.ғ.ñ.)соңына түсіп, насихатына килігіп, адамдарды иманнан қайтармақ боп тырысты. Сүре ақыретте оған лаулап жанған отқа оранатындығын уәде етуде. Әбу Ләһәбпен бірге әйелі де азапталады. Әйеліне арнайы ауыр азап беріледі. Оның мойнына отты арқан салынып, тозаққа сүйретіледі. Бұл оны қорлау үшін.

Сүренің түсу себебі

Ибн Аббас (р.а.) риуаят етеді: «Жақын ағайындарыңа ескерт![1]», – аяты түскенде, Пайғамбар (c.ғ.c.)Сафа жотасына шығып: «Ей, Бәну Фиһр! Ей, Бәну Ади!», – деп Құрайыш руына жар салды. Жұрт түгел жиналды, келе алмағаны кісі жіберді. Жиналғандардың арасында немере ағасы Әбу Ләһәб та келді. Жұрт: «Не айтпағың бар?» – деді. Пайғамбар (c.ғ.c.): «Сендерге мына жотаның арғы жағында шабуылдайын деп тұрған жау бар десем, маған сенесіңдер ме?» – деді. Олар: «Иә, сенен еш уақытта өтірік естіп көргеніміз жоқ», – десті. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында мен сендер үшін келетін қатты азапты алдын ала ескертуші ғанамын», – деді. Сонда Әбу Ләһәб: «Құрып кеткір, Мұхаммед! Осы үшін бізді жинадың ба?!» – деді. Сонда Алла Тағала «Әбу Ләһәбтың екі қолы құрысын! Құрыды да» деген сүрені түсірді.

Тариқ әл-Мұхариби: «Мен Зул-мажаз базарында едім. Ол кезде жас жігітпін. Бір кісі жұртқа: «Алладан басқа тәңір жоқ деп айтыңдар, жақсылыққа жетесіңдер», – деп жар салып жүрді. Ал, артынан біреу тас лақтырып табаны мен балтырын жаралап: «Уа, халайық! Бұл өтірікші, оның сөзін құптамаңдар», – деп айтып жүр. Мен «Бұл кім?» – дедім. Жұрт: «Мұхаммед, өзін пайғамбармын дейді, ал анау немере ағасы Әбу Ләһәб, оны өтірікші деуде[2]», – деп жауап берді.

بسم الله الرحمن الرحيم

تَبَّتْ يَدَا أَبِي لَهَبٍ وَتَبَّ

1.    Әбу Ләһәбтың екі қолы құрысын! Құрыды да.

Әуелгісі қарғыс болса, екіншісі оның расында да құритындығын білдіретін ескерту. Тәпсіршілер: «Қол» деп айтқанымен адам тұтастай меңзеледі. Араб салтында бір нәрсе жайлы айтарда оның бөлшегін ғана (адамды айтпақ болғанда оның басы, мойны немесе қолын ғана) айту әдеті бар. Әбу Ләһәбтың есімі – Абдулузза ибн Абдулмутталиб. Әйелі, соқыр Үмму Жәмил – Әбу Суфиянның әпкесі. Бұл екеуі пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатты дұшпандық жасаған.

Ерлі-зайыпты өздері жайлы аят түскенін естігенде, Алла елшісіне (с.ғ.с.) келеді. Пайғамбар (с.ғ.с.)мешітте Қағбаның жанында Әбу Бәкір екеуі бірге отырған еді. Әйел қолына тас алып, пайғамбарға (с.ғ.с.)жақындап келгенде, Алла Тағала оның көзін байлап, әйел тек Әбу Бәкірді ғана көріп тұрды. Әбу Бәкірге: «Жолдасың маған тіл тигізіп жүргенін естідім. Оны көрсем мына таспен аузынан ұрамын», деп кетіп қалды. Әбу Бәкір: «Уа, Алла елшісі! Қарасаңызшы, сізді көріп тұр емес пе?» – деді. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Мені көрген жоқ. Алла Тағала оның көзін байлап қойды», – деп жауап берді.

Құрайыш пайғамбарымызға (с.ғ.с.) тіл тигізіп, «Мұхаммед» (Мақтаулы) деудің орнына «Музаммим» (Мазақ етілуші) дейді. Ал, пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алла Тағала Құрайыштың зиянын менен қалай бұрып алып кеткеніне таң қалмайсыңдар ма? Олар маған тіл тигізіп, музаммим дейді. Ал, мен Мұхаммедпін», – дейтін.

Араб салтында кісі күниямен (пәленшенің әкесі деп) аталса, ол кісінің абыройлы әрі құрметті екенін аңғартады. Неге аятта Абдулузза деп емес, Әбу Ләһәб деп айтылған? Хазин: «Бұның бірнеше жауабы бар:

1. Ел аузында ол атымен емес күниясымен танымал болатын. Егер атымен айтылса, ел әңгіме кім жайлы екенінен бейхабар болар еді;

2. Узза – арабтарды пұт құдайы. Уззаның құлы есімі Алла Тағалаға серік қосу мағынасын білдіреді;

3. Бұл бақытсыз тозақи адам болғандықтан Әбу Ләһәб – «отқа оранушы» деген аты затына лайық болып тұр[3].

مَا أَغْنَى عَنْهُ مَالُهُ وَمَا كَسَبَ

2.Оның малы да, кәсібі де өзіне пайда бермеді.

Оған жинап-терген мал-дүниесі де, атақ-абыройы да түк пайда бермейді. Ибн Аббас (р.а.): «Кәсібі» деген бала-шағасы. Себебі, бала – адамның кәсібі», – дейді. Риуаятта: «Алла елшісі (с.ғ.с.) өз жұртын иманға шақыра бастаған кезде, Әбу Ләһәб: «Бауырымның баласы шақырып жүрген нәрсе шын болып шықса, мен мал-дүние мен бала-шағамды құрбан етіп азаптан жанымды аман алып қаламын», – дейді. Сонда осы аят уахи етілді[4].

Әл-Әлуси: «Әбу Ләһәптың үш ұлы: Ұтба, Мұғтаб және Ұтайба бар еді. Мекке азат етілген күні алғашқы екі ұлы иман етті. Және Хунайн және Таиф жорықтарына қатысты. Ал, Ұтайба иман етпеді. Ұтайбаның әйелі Алла елшісінің (с.ғ.с.) қызы Үмму Күлсім еді. Ал, әпкесі Руқия Ұтбаның әйелі болатын. Осы сүре түскен кезде Әбу Ләһәп ұлдарына: «Сен екеуің Мұхаммедтің қыздарымен ажыраспасаңдар, маған харамсыңдар», – дейді. Олар әкесіне көніп, ажырасып кетеді. Ұтайба әкесімен Шамға аттанып бара жатып: «Мен Мұхаммедке барып, оны қорлаймын», – деп: «Уа, Мұхаммед! Мен сенің сөздеріңе сенбеймін», – деп пайғамбарымыздың қарсы алдына түкіріп, Үмму Күлсіммен сол арада ажырасады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ашуланып: «Раббым, оған Өзіңнің иттеріңнің бірін айдап сал», – деп дұға жасады. Осы сапарда бейбақты арыстан жыртып тастаған еді.

سَيَصْلَى نَارًا ذَاتَ لَهَبٍ

3.Ол жақын арада жалындаған отқа кіреді.

Ал, Әбу Ләһәбтың жағдайы Құран уәде еткендей болды. Бадр шайқасынан кейін жеті күннен соң оба сияқты жұқпалы аурудан өлді. Ол үш күн көмілмей жатып қалды. Саси бастаған соң, масқара болудан қорқып қазылған шұңқырға таяқпен итеріп тастап, отбасы үстін таспен көміп тастады.

وَامْرَأَتُهُ حَمَّالَةَ الْحَطَبِ

4.Әйелі отын көтеріп кіреді.

Оның «соқыр» әйелі Үмму Жамил өсек тасып, адамдар арасына дұшпандық пен өшпенділік салумен әлек еді. Әбу Саъуд: «Ол бір бума тікен алып түнделетіп зиянкес жасау үшін пайғамбарымыздың жолына жайып тастайтын», – дейді.

فِي جِيدِهَا حَبْلٌ مِنْ مَسَدٍ

5.Оның мойнында – есілген арқан болады.

Қиямет күні азапталуы үшін мықты арқан мойына салынады. Мұжаһид: «Темірден ноқта» десе, Ибн Мусаяб: «Оның жауһардан өте бағалы алқасы болатын Ол: Лат және Уззамен ант етемін, мұны Мұхаммедке дұшпандық жолында жұмсаймын, – дейтін», – дейді.



[1]    Шұғара сүресі, 214-аят
[2]    Құртуби 20/236
[3]    Тафсир Хазин 4/317
[4]    Мұхтасар Ибн Касир 3/690

 

Серікбай қажы ОРАЗ
date22.11.2017readCount235printБасып шығару