Салауаттың шарапаты тиді

Ілгеріде бір адам мұсылман бауырынан бес жүз динар ақша қарыз алады. Келісілген уақытта қайтара алмаған соң, қарыз беруші адам қазыға барып шағымданады. Қазы қарызқор адамды зынданға салуға бұйырады.

Сол кезде қарыз алған адам қазыға: «Құрметті қазы мырза ! Мені зынданға салғанын жанұям білмей қалады ғой. Тым болмаса жағдайымды айтып,қоштасып келсем бола ма?» – дейді.

-Қашып кетсең не істейміз? Саған кім кепіл болады? - дейді.
-Кепілге Расулалланы (с.ғ.с) қоямын, - дейді.

Қазы діндар адам болатын.Бұл адамның шынайы ниетпен айтқан сөзіне сеніп, қоя береді. Әлгі адам отбасына келіп, болған жағдайды айтады. Кепілдікке Расулалланы (с.ғ.с ) қойғанын естігенде, барлығы жылайды. Бұл жағдайдан шығу үшін бала-шағасымен бірге салауат айта бастайды.Түні бойы салауат оқып отырып,баршасы қалжырап, ұйықтап кетеді.

Отағасы түсінде Расулалланы (с.ғ.с) көреді.

-Ертең таңертең қала әкіміне бар. Менен сәлем айт, сенің қиыншылығыңды шешіп берсін. Қияметте мен оған шапағатшы болып, қиыншылығын шешемін де.

Дәлелің не десе, әр күні бұл адам маған мың мәрте салауат айтатын, бірақ өткен түні жартысын ғана айтты. Ана беретін ақшасы соның өтеуі болсын деп айт, - дейді.

Бұл адам таң атқан соң қала әкіміне барып Расулалланың (с.ғ.с ) сәлемін жеткізеді. Қала әкімі: «Сен маған сүйінші хабар жеткіздің. Өйткені,кімде-кім түсінде Алла елшісін (с.ғ.с ) көрсе,оны көргені. Расулалланың (с.ғ.с ) бейнесіне шайтан кіре алмайды. Бірақ, қандай дәлелің бар? - дейді.

-Сіз әр күн сайын Пайғамбарымызға (с.ғ.с ) мың мәрте салауат айтады екенсіз. Бірақ өткен түні жартысын ғана айтыпсыз. Соның өтеуі ретінде менің қарызымды төлесін деп айтты, - дейді.

-Алла ұлық! Бұл нәрсені жанымда жатқан жұбайым да білмейді. Сенің түсің ақиқат. Маған сүйінші хабар жеткізген Саған Алла разы болсын! - деп бес жүз динар қарызын төлеуге, түсі үшін мың динар сүйінші береді.

Ақшаны ала салымен қазыға асығып келсе, қазы да соттың алдында бұны күтіп тұр. Қазы:

-Бауырым сені күтіп тұрмын. Сенің шарапатыңмен Расулалланы (с.ғ.с ) түсімде көрдім. Маған қарызға батқан адамның ақысын төлесең, Қияметте шапағат етемін деді. Маған одан үлкен бақыт жоқ!  Міне, бауырым бес жүз динар қарызыңа, ал мына мың динар осы түс үшін, өйткені өмірі мұндай қуанышты түс көрмедім, - дейді.

  Осылай қазымен сөйлесіп тұрғанда, қарыз берген адам да келеді.  Ол да:

-Бауырым сені іздеп келдім. Мен бүгін түсімде Расулалланы (с.ғ.с ) көрдім, маған «Ана кісінің қарызын кеш. Қияметте саған шапағатым уәжіп болады» деді. Қарызымды кештім. Ал, мынау сенің берекетіңмен осы түсті көргенім үшін мың динар сыйлығым, - деп ақшасын береді.

Осылайша кеше ғана қарызын берерге ақша таба алмай тұрған жан салауаттың шарапатымен үйіне төрт мың динар әкеліп, Аллаға көп шүкірлік етіпті.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с ) хадисінде: «Қиямет күні адамдардың Маған ең жақыны – мына дүниеде Маған көп салауат айтқаны»[1], -  деп айтқандай, Жаратқан Иеміз бізге көп салауат айтуды және Пайғамбарымызды (с.ғ.с) түсімізде көруді нәсіп етсін! 



[1] Тирмизи

Қуат Қабдолда
date23.11.2017readCount1098printБасып шығару