«Жынды»

- Ажырас! Ажырас деймін, ажырас! Құрсын! Бұл сені қарық қылады деп пе ең!? Мұндай жындыны қайтпексің?!
- Ал, қайтесің, кетпеймін!
- Кетесің! Кет дегенде, ит те кетеді! Кетпесең, кетірем!Кетпен таудан асырам!
- Ажырасып боппын! Қолыңыздан келсе, көрерміз... Мен сізге ит емеспін, адаммын! Кетпеймін дедім бе, кетпеймін!
- Ойе-е-ебоой, басыма түскені осы ма еді...

Шаңқ-шұңқ еткен дауыс, кемпірдің жылауы... Күнде ұрыс, күнде керіс. Бітетін түрі жоқ. Елдің де мазасын әбден алып бітті. Алты айдан бергі қайталана беретін, түгесілмейтін көрініс осы.

Таң атпастан келініне көңілі толмаған ене түс таянбай, тағы ұрыс шығарды. Бірақ, бұл жолы басқа, екпін, адуын жоқ. Жанында ұлы отыр. Бақырып-шақыруға болмайды. Өйткен жағдайда, түзген жоспарының тас-талқаны шығады. Сөзін сабырмен бастады: - Осы үйде бес бала болса, соның ішіндегі жаныма ең жақыны өзің екенсің, Манасым. Үнемі менің жәйімді жасап, қамымды қанттай ететін, бала күніңнен тірлігіне тиянақтысы сен ғана едің ғой, жарығым. Мына қатын келгелі басымыз пәледен айырылмады.
- Ой, апа, о не дегеніңіз? Қандай пәле?
- Түйи, сен де, тиыш! Жынды қатының бұл сөзімді естісе, тағы ойранымды шығарар. Жаным, күнім, қарғам! Әңгіме былай ғой... Ағайынның арасына шыға қалсам, «ДТ келін сұмдық, мінезі тік. Бет қаратпайды. Төстен алып, бетке шабады. Біреудің бір сөзін көтере алмайды. Жүрген жерінде төбелес шығаратын «каратэші»» деген сөздер желдей есіп жүр. Кім көрінгенге келемеж болдым. «Каратисттің» енесі деген сайын, кірерге тесік таппаймын.
- Апа-а-ау, онда тұрған не бар екен, и? Табиғи болмысы. Қайта маған жақсы. Мінезі – ер. Өзгелер секілді боянып, бөтеннің алдында қылымсымайды. Айтса, айтады да. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» емес пе?!
- Жақта, сөзін жақтап шық. Басыңды дуалап алған. Онсыз күн көре алмайтындай ойлайсың ба? Жаңа сен келмес бұрын, ол мені ұра жаздады.
- Неее?
- Іі, солай, балам. Тандырға нан жауыпты. Қолынан түк келмейді десем, сенбейсің. Бір шара нан түгелімен ағып түсті. Одан анау түшпара да түйе алмайды. Адам қайнысымен солай ойнай ма? Түшпараны орамал ғып бүгіпті. Онысы біріне-бірі жабысып, ботқа болды. Ұрыссам, кенже бала солай үйреткен деп, беті бүлк етпейді. Іш енді, андағы, алдыңда тұрған сорпаны...

Анасы тоқтаусыз сөйлеп отыр. Манас ұзақ шыдай алмады. Кейінгі сөздеріне жауап қатпастан, тысқа ашуланған бойда шығып кетті. Балақаз далада. Қолындағы сыпыртқысын тырма мен кетпенге ауыстырған. Он екі соттық бауға кірді де кетті. Бар даусымен ән салып, бақшадағы шөп өскен жерлерді шауып, шашылғандарын жинап жүр. Манастың жанында тұрғанын көрсе де көрмегенсіп, ісін жалғастыра берді. Зайыбының бұл қылығына қарап, ол да үнсіз. Көңіл-күйін бұзбауға бекінді де, ашуын ішіне жұта салды. Не боларын ту сыртынан күтіп тұрған анасы жоспарының орындалмай қалғанына қапаланды.

«Айттым, оны тошны дуалап алған! Әйтпесе, есі дұрыс адам осылай мелшиіп, қатынын жаңа көргендей тұрып қала ма? Болмайды, тағы бірнәрсе деу керек!». Әй, сормаңдай! Бақшаны тырмалай бермеші. Күйеуің келіп, пысықтығыңды көрсетпекші екенсің да... Бағаналы бері жатып-жатып... дей беріп еді, Манас анасының жанына жетіп келіп, даудың басын дер кезінде қақпайлап үлгерді.

Балақаз таң сәріден оянды. Үй шаруасын реттеді. Сиырын сауып, күбісін пісіп барлығын даярлап қойды да, мақташылармен алқапқа бет алды. Түнде жолдасынан рұқсат алып қойған. «Азда болса, қаржы табайын» деген. Бір жағы енесінің ұрысынан тынықпақ ойы бар. Мақта терімге алғаш шығуы. Тау қызы бұрын-соңды мұндай ақ алтынды көрмеген. Ен дала. Қозапаяның ұзындығы орта белге жетеді. Арасында бүйірлеріне екі-үш қаптан байлап алған әйелдер көрінеді. Жастары алтыдан енді асқан, кейбірі онға тола қоймаған бала-шаға да шұбырып жүр. Әсіресе, Өзбекстаннан, шекарадан ұрланып өткен өзбектің келіншектері алдына жан салмайды. «Комбайн»!

Алқаптың қақ ортасында телешкалары тиелген трактор тұр. Жанына қап тартатын таразы мен елу литрлік таза су құйылған үш темір бөшке қойылған. Бригадир барлығын реттеп, қолына қаламсабын алып, алғашқы терімшілердің еңбегін қабылдауға дайындалып жатыр. Қыбыр-жыбыр. Тынымсыз тірлік. Таңсық дүниеге тамсана қараған Балақаз ойдың үстінде ұзақ тұрып қалды. Денесі білінер-білінбес тоңғандай болды, біресе түршікті. Бір жыл бұрын ғана сымданып, шашын желкесіне түйіп алып, еркелеп жүрген қыз еді. Енді міне, келін. Сенерін не, сенбесін білмейді. Өңі мен түсін ажырата алмай, дос көрген жігітіне тұрмысқа шығуды нәсіп еткен тағдырынан сыр ұқпақ. Тағы біраз тұрар ма еді, таңғы салқын оны тоңдырғандай болды. Кеппеген шықтан киімдері нәмденіп қалыпты.

«Күн салқын ба, қалай? Мұндайда қайтіп шөлдейсің? Адамдар мақтаның арасында, топырақтың ортасына отырып, қолдарын сабынмен жумастан қайтіп тамақ жейді?». Сансыз сауал. Жауап іздей, жан-жағына бажайлап қарады. Көкжиекке көзін түсіре бергені сол, бүйірінен түртіп абысыны  келіп қалды. -Не болды, тау қызы? Неден бастарыңды білмей тұрмысың? Менің соңымнан ер. Қадамымды қайтала. Жылдамдығыма ілес. Кеттік! Екеуі білек сыбана жұмысқа кірісті. Жарысты. Жиекті бірінші тауысуға бәстесті. Сәске өтті. Күн жылулығы сезілді. Балақаздың кеңірдегі кеуіп, шөл қыса бастады. Жұтынып-жұтынып қояды.

-Балақаз, неге кідіріп қалдың?
-Сізде су бар ма?
-Немене? Өзіңмен ала шықпағанбысың?
-Таң салқын болғанға, шөлдемейтіндей көріндім.
-Мә, ал! Айтпақшы, айранды керемет ұйытатының бар еді ғой. Бүгін дәм татамыз ба?
-Әрине, жеңеше, оны ұмытушы ма ем? Негізі ас-ауқатымды толтырып, алып шыққам. Тек, мынадай жерде қайтіп отырамыз?
-Үйренесің. Бастысы әппақ саусақтарың аман болсын. Мына мен секілді ескі нәскиден қолғап жасап алсаң жетеді.
-Оны білмейді екем.
-Оп-оңай! Тесік нәскиді екі жерінен ойсаң жеткілікті. Тек резеңкесі дұрыстап қысатын жағын білегіңе қарай тартасың. Дап-дайын қолғап! Әйтпесе, мына мақта саусақтарыңды солдырып, қауашақтары етіңді жеп қояды. Қапты нығыздағаныңда тырнағыңнан сау тамтық қалмайды. Сол үшін қапқа мақтаны саларда жұдырығыңды түйіп, нығыздап сал. Шық кезінде көбірек теруге тырыс, түске дейін салмақ «ұрамыз». Түстен кейін ар-арасында кесек араластырып, сумен нәмдейміз. Көсекті де араластырып жіберсек болады.
-Бәсе... Таң атпастан неге желтіп жүр десем бұлар. Құпиясы көп екен ғой. Қызық екен мақта терген. Ұнады.
-Ұнаса, кіріс! Біліп қой, ақша табу оңай емес. Күн шыжғырғанда, көлеңке таппай, кеңірдегің кеуіп, үзіліп кетердей боласың. Қазір қайратың тасып тұрғанмен, кешке дейін талып түсесің, құрғыр!
-Мейлі, «еңбекпен тапқан мал тәтті». -Әй, осы сен дұрыс айтасың. Былай қарасаң, ақылдысың. Енең неге үнемі жамандай береді? Соны түсінбеймін. Бастапқыда сен десе, жүрегін жұлып берердей еді. Әй, соны бір кісілер айнытты-ау...

Өсектің шетін шығарды... Қызды-қыздымен шаңқай түс болды. Балақаз мақтаны алғаш көргенге ұқсамайды. Тәжірибесі бардай. Түскі үзіліске дейін жеті қап теріп тастады. Бригадирдің: «Барлығы 75 келі!» дегеніне, есі шыға жаздап қуанды. Өзі бала секілді. Мінезі де ерек, аузын ашса, жүрегі көрінетіндерден. Керісінше, осы ауылда туып-өскен, ақ алтынның сырына қанық абысыны әдеттегі межені орындай алмады. Ызасы келді. Оңтайлы сәтті пайдаланып, түскі аста өзара енемен қарым-қатынас жайлы «дәрісін» оқыды. Су жаңа өсектен де жіберді.
-Балшыға барған екен. Көтермей жүргеніңді сұраса, маған келсін депті. Саған ескерткен екен, тыңдамапсың.
-Қайтем оны. Алланың қолында. Берсе өз еркі, бермесе тартып ала алмаймын ғой.
-Осындай тіке сөйлейтін, кесіп айтатын мінезіңді де сұрапты. «Арқасы бар, байлап тастау керек. Айтқанға көнбесе, ұлыңызды одан ажыратыңыз, ұрпақсыз қалуы мүмкін»,-депті. Сенбесең, үйге барғанда апамызға білдірмей тың тыңда. Сонда шындыққа көз жеткізесің. Әйтпесе, менің айтқаныма сенбей отырсың. Баласын сормаңдай деп жүргені содан...

Отқа май құйылды! Жан-дүниесін ақтара сөйлеген жан кезіксе, оған балаша сеніп қалатын Балақаз, кешке дейін өзін-өзі әзер ұстады. Жарты жылдан бері тоқтаусыз болатын үйдегі «соғыстың» астарын түсінгендей еді. Күрделі проблеманың нүктесін түннен қалмай қоям деп, бекінді.

Сөз тасу, тың тыңдау, тағы да басқа теріс әдеттері жоқ Балақаз ақыры абысынының айтқанын істеді. Қорқа-қорқа есікке жақындағанда «Мына шәйдің қорабы бір, ол білмей қалады. Мына орамалды қолыңдағымен ауыстыр, соған арналған...» деген сөздерді еміс-еміс естіді. Қой, мұным болмайды деп, артына қайырыла бергені сол Манас қасынан табылды. «Мен ұры болғанда, ай жарықтың» кері келді. Ол Балақаздан мұндай қылықты күтпеді. Әп-сәтте оны анасынан ақтап алған сәттері елестеді. Қылығына өкінгендей боп, намыстан жарыла жаздады. Онысын жасырмады да, Балақазды тұрған жерінен бір теуіп, табалдырықтан ұшырып түсірді. Есін енді жинай бергенде, арғы жақтан енесі келіп, шашынан тартты. Сүйреледі. «Сайқалсың! Оңбағансың!». Балағаттағанымен қоймай, қолына түскен таяқпен сабады. Балақаздың бой бертпей кететінін білгендей барлығы дайын тұр екен. Арашалап алатын жан табылмады. Санаулы ғана секундтар ерлі-зайыптының сағын сындырды. Соққыға жығылған жас келін ес-түссіз ауруханадан бір-ақ шықты.

Он күндей емделіп, кінәлі адамдай үйіне қайта оралды. Томаға тұйық жолдасы өзгеріп кеткендей көрінді. Расында да солай еді. Манас үйге кештетіп келетінді шығарды. Ар-арасында оның үйленгенін білсе де, білмегенсіп іздеп келетін қыздар көбейді. Болған жайттарды айтып, анасына шағымданайын десе, тағы болмайды. Шешесінің бір келгенінде қадап айтқан қатаң ескертпелері есіне түседі. «Мен сені қинап берген жоқпын. Өз аяғыңмен келдің бе, кетпе! Төркінім деп, шапқылай берсең, сәл қиналғанға шыдамай қайтып келсең, анаңды өлдіге сана! Сүйегің біздікі болғанмен, етің осылардыкі. Өлсең, өлігің шықсын! Бізден кеттің, еліңе жеттің. «Ат айналып қазығын табатынын» ұмытпа. Қыстың артынан, көктемнің келетінін біл...» деген. Сонда Балақаз өзіне-өзі ант берген, бас жарылса бөрік ішінде қалатынына қатқан. Уәде–уәде! Құдай аманатын бұзуға хақы жоқ. Тәйірі, анамнан айырылып қалам ба деп, қорықты. Әке-шешесін тірідей жерге көмуге жүрексінді. Намыстанды. Сол намыспен қайралып, қиындығын жеңуге күш салды. Ниет болса, адам өзін-өзі өзгертуге қадам жасаса, Тәңір де оның тілеуін береді екен. Құдіреті күшті Алла сұрағанын Манас пен Балақазға сұрағанын берді. Құрсаққа бала бітті. Естерін жиып, еншісін алды. Тұңғышын босанды, артынан қара домалақтар өмірге келді. Бақытты сәттер қайта басталған. Бірақ...

Бірақ, ауруханаға түскен күннен Балақаз нақты диагнозы жоқ дертке шалдықты. Талма ауруы секілді бірден ұстап, дем жетпей, қысылып қалатын әдетінен тана алмады. Манас екеуінің бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Әулие-әмбиелерді аралап, молда, емшілерді де қоймады. Балақаз бақсы-балгер десе, жыны қозатынды шығарды. Оларға дем салдырмақ түгілі, келемеждеп кететін. Небәрі 22 жасында басынан өткерген қиындықтарына қарап анасы да, тіпті, енесі де өздерін кінәлі санайтын. Әркім өзінше емдік шараларды сұрастырып, іздене бастады. Біреуі жындыларды ауруынан айықтыратын мекемеге барса, екіншісі тәуіп, молдаларды қоймады. Емі – ері, демеуші серігі болды. Ең жақын туыстары екеуін ажыратамыз деп, қайта ескі әуеніне салып, қолынан келгендерін жасады. Балақаз берілмек еді, бірақ бұл жолғысында Манас табандылық танытты. Дегенінен қайтпады. «Өзім алдым, өзім үйлендім! Қатын менікі. Бас ауыртпай, тек жүріңдер! Жынды қылған өзім, емін де өзім табам!». Бұған кәміл сенді. Жүрек алдамады. Тіршіліктен тәрк еткелі тұрғанда, қолұшын созатын ақылшы ақсалына қапелімде жоқ жерден жолықты. Жалғыз өзі емес, Балақазды да оған ерте барды, есті әңгімелерін естісін дегендей...

-Балам, мәселенің шешімі біреу ғана, ол - намаз! Екеуің де таза жүріп, таза тұрыңдар. Алланың амалдарын орындаңдар. Бәрі қалпына келеді.
-Намаз? Оны қайтіп оқимын? Тіпті, сөзін жаттай алмаймын. Шешем естісе, күлетін шығар,-деді Балақаз.

Ойындағысын ірікпегенмен, бұл кісіні мұқатпады. Жанына бір жылулық, жүрегіне тыныштық, сан сауалына нақты жауап тапқандай болды. Кірсе де, шықса да, баласын емізіп, жаялықтарын жуса да ақсақалдың айтқандарын жадынан шығара алмады. Әдетте, молдадан қашатын бұл, осы жолы керсінше Манасқа айтып, атамен қайта жолығуды ойлады. Турасында ол кісі молда да, бақсы да емес. Құран Кәрімді оқыған, ілімнен хабары бар қарапайым жан. Келтірген әрбір дәйекті дәлелі дертке дауа тауып беріп жатқандай түйілді және солай болды. Баяғы жынды жоқ. Балақаздың ажары ашылып, жүзі нұрланып, шырайлана түскен. Кереметі сол, ол тілі күрмеліп, кітаптан оқи алмаған «Фатиха», «Нас», «Ықылас» сүрелерін ерекше тылсыммен жол үстінде жаттап алды. Алланың сөзін еш қиналмастан, біреулердің бағыттауынсыз-ақ судыратып айтатынды шығарды. Кішкентайынан Абайды сүйіп оқитыны бар еді. Сонда түсінбейтін терең сырларды, өзіне қажетті құпияларды, тұрмыстағы алғашқы бес жылдығында ашып алғандай болды.

«Ғашықтың тілі, тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл...». Бұған күмәнді пенде табылмас. Махаббат салтанат құрды! Өзгелер күмәнданған, жұбайлар жырының таусылмайтынына сенбеген ағайын-жекжат жындының жынды емес, ерекше қасиеті бар, интеллектісі бөлек адам екеніне көз жеткізді... Салты мен дәстүріне, тілі мен дініне берік ұрпақ өсірді. Ар мен ожданның сарайын салды. Сол жынды – танитын жұрттың - «Бүгінгі Домалақ анасы» атанды!

Эльмира Тұрлыбекова
date01.12.2017readCount541printБасып шығару